Даниал Ахметов дәріс оқыды
Тұңғыш Президент күні қарсаңында облыс әкімі Даниал Ахметов өңір мектептерінің оқушыларына арнап Елбасының тәуелсіз Қазақстанның құрылуы мен дамуындағы рөлі туралы дәріс оқыды.
Мектеп холында Президент күніне орайластырылған «Кемеңгер елдің көреген басшысы» кітаптар көрмесі және «Елі сүйген, елін сүйген Елбасы» атты оқушылардың суреттер көрмесі қойылды.
Өскемендегі №46 орта мектепте аймақ басшысы қала мектептерінің 10-11 сыныптағы 350 оқушысына және онлайн режимде аудан-қалалардағы 1800 оқушыға дәріс оқыды.
Аймақ басшысы жас буынға Назарбаев феномені туралы ойымен бөлісті.
– Семей полигонында ресми деректер бойынша 469 ядролық жарылыс болған екен. Нақты саны одан да көп болуы ықтимал. Осы сынақтардың қаупін Елбасы жақсы түсініп, полигонды жабу туралы Жарлық шығарды. Бұл – ешбір елдің басшысы жасап көрмеген батыл қадам болатын. Кейін Қазақстаннан үлгі алған АҚШ пен Франция өз полигондарын жапты. Қазақстан егемендігін алған кезде ядролық қару көлемі бойынша АҚШ, Ресей, Қытайдан кейінгі төртінші орында болатын. Бізде «СС-18» класты 124 оқтұмсық болды. Соның бәрі Президент үкімімен жойылды, – деді аймақ басшысы.
Дәріс барысында Даниал Ахметов елдегі ұлтаралық келісімді сақтап, нығайтудағы Елбасы еңбегін ерекше бағалады. Сонымен қатар, шекараны шегендеудегі берік ұстанымын айрықша атап көрсетті. 1993 жылғы қарашада теңгенің айналымға енуі қалай болғанын әңгімелеп айтып берді. Төл валютамызды шығаруда көптеген қиындықтардың кездескенін айтты.
Елбасының көп жылдан бергі сенімді серігі болып жүрген Даниал Ахметов 90-шы жылдардың басындағы жекешелендіру, 1995 жылғы конституциялық реформа, елорданың Ақмолаға көшуі, Еуразиялық одақтың құрылуы сынды тарихи үрдістердің қалай жүргенін, Елбасы осы ретте қандай қиыңдықтармен бетпе-бет келгенін еске салды.
– Есімде ерекше сақталғаны – Қытайға сапар. Шекараны делимитациялау құжаттарына қол қою керек болды. Біздің делегацияны Қытай басшысы Цзян Цзэминь қабылдады. Сол кезде қытайлық көшбасшының айтқаны әлі есімде. Ол: «Қытай елі тарихта ешбір елмен шекарасын шегендеген емес, бұл – біздің ұстанған ішкі-сыртқы саясатымызға қайшы әрекет. Бірақ мен қалыптасқан дәстүрді бұза отырып, Сіздің жеке басыңызға деген зор құрмет пен ілтипаттың белгісі ретінде екі ел арасындағы шекараны белгілейтін осы құжатқа қол қоямын. Қытай тарабының Қазақстанға қатысты ешқандай жер талабы жоқ!» деп келте қайырды. Бұл Қазақ елі үшін үлкен жеңіс болатын! Елбасының кемеңгерлігі – барлық жауапкершілікті өз мойныңа ала білуінде, – деп еске алды Даниал Ахметов.
Дәріс барысында оқушылар облыс әкіміне сұрақтар қойып, ой-жобаларымен бөлісті. Айталық, Жарма ауданы, Маяковский атындағы орта мектептің оқушысы Жанель Жақанова «шағынкомплектілі мектептерде ІТ-сыныптары ашыла ма?» деген сауал қойды.
Аймақ басшысы келер жылы 371 мектепте, яғни 202 шағын жинақты орта, 118 негізгі, 51 бастауыш мектепте ІТ-сыныптар ашылатынын жеткізді. Оларға 2869 компьютер қойылып, сол сыныптарда сабақ беретін 573 мұғалім оқытылады.
Өскемендегі №12 мектептің оқушысы Анна Луговая облыста қандай мамандықтарға сұраныс көп екенін сұрады. Аймақ басшысының айтуынша, бізде автоматтандыру және басқару, машина жасау, жылу энергетикасы, металлургия, техникалық физика, геодезия және картография, есептеу техникасы және бағдарламалық қамту, сондай-ақ медициналық және педагогикалық мамандықтар сұранысқа ие. Тиісінше білім гранттары соңғы екі жылда осы мамандықтарға бөлінген.
Абай ауданы, Қарауыл ауылының оқушысы Мәдина Айтбаева Өскемендегі ШҚМТУ-ға түсуді армандап жүргенін айтып, егер оқуға түсіп жатса, қайда тұрам деген мәселе туындайтыны алға тартты. Облыс әкімі келер жылы Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» аясында облыста 11 жатақхана салынатынын, соның бірі – ШҚМТУ-ға арналған 600 орындық жатақхана екенін атап көрсетті. Студенттер үшін жатақхана мәселесі алдағы уақытта нақты шешілетін болады.
Дәріс соңында аймақ басшысы Өскемендегі 10-11 сынып оқушылар арасында өткен «Менің тұңғыш Президентім» шығармалар байқауының жүлдегерлеріне сыйлықтар тапсырды. Олар – Ұлжан Мельтаева (№3 мектеп), Алина Горбунова (№38 мектеп), Темірлан Әлібек (№44 мектеп) және Татьяна Караватская (№4 мектеп).
Ержан Әбіш