Қоғам

Дамудың даңғыл жолын айқындап берді

Дамудың даңғыл жолын айқындап бердіПікір

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ халыққа арнаған кезекті Жолдауы «Қазақстан – 2050» Стратегиясын жүзеге асырудың қазіргі және ұзақмерзімдік нақты жоспарын айқындап берді. Елбасы Жолдауын шығысқазақстандықтар да қызу талқылап, пікір білдіріп жатыр.

Амантай ДОҒАЛАҚОВ, Семей қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Елбасымыз Жолдауында «Қазақстан-2050» – елдігіміз бен бірлігіміз сынала жүріп шыңдалатын үлкен емтихан» деді. 2050 жылға қарай жан басына шаққандағы жылдық ішкі өнім 60 мың долларға жеткізіледі. Бұл – үлкен жетістік.
Қазақстан тұрғындары ең ұзақ өмір сүретін елдердің қатарына қосылатын болады. Біз, ардагерлер, оған сенеміз. Себебі, біздің қалада 150-дей Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер бар, соның ішінде отыз шақты ардагер 90-95 жасқа келгендер. Қаламызда барлық медициналық көмектер ардагерлерге тегін көрсетіледі.
Медицина орталықтарының саны жылдан-жылға өсіп келеді. Осындай жағдайлар бүкіл елімізде байқалады. Сонымен қатар, 2050 жылға қарай шағын және орта бизнес дамып, жалпы ішкі өнімінің елу пайызынан төмен емес өнім шығартатын болады. Жолдауда еңбек өнімділігі бес есеге өсетіндігі айтылған.
Президент өз Әкімшілігіне, Үкіметке, Қазақстан халқы Ассамблеясына «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысымен бірлесіп, «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін әзірлеуді тапсырды. «Мәңгілік Ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Мен қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген сауал жиі талқыға түсетінін көріп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы» деді Елбасымыз.
Яғни, біз Мәңгілік ел идеясын жүзеге асырамыз. Бұл – кең жоба, бастама. Оның аясында біз тек ұлы жетістіктерге жетіп қана қоймай, ел бірлігін, ынтымағын, ауызбіршілігін сақтай отырып, оны болашақ ұрпаққа жеткізуге тиіспіз. Сонда Қазақстан мәңгілік мемлекет болады.
Біз Семей қаласының соғыс және еңбек ардагерлері Елбасының саясатын қолдай отырып, осы Жолдаудың мезгілінде орындалуына сенеміз, орындалуына атсалысамыз.

Ләйла ШОҚАЕВА, №1 Күршім медбірлестігі бас дәрігерінің міндетін атқарушы, Күршім ауданы:

– Елбасы Жолдауында 2050 жылға дейінгі уақытты бес жылдан жеті кезеңге бөліп, әр кезеңде атқарылуға тиіс іс-шараларды нақтылады.
Бұл жолғы Жолдау да еліміз үшін аса маңызды құжат. Президентіміздің азаматтардың әр санатына тиісті жеңілдіктер мен міндеттерді жіліктеп тұрып көрсетіп, сара жол нұсқап отырғаны ертеңгі күнге деген сенімді арттырады. Дәрігерлер қауымын Елбасымыздың 2015 жылдан бастап еңбекақымыздың 28 пайызға дейін өсетіні туралы айтқан сөздері шынымен қанаттандырып, еңбекке деген құлшынысымызды еселей түсті. Сонымен бірге, көптеген азаматтарымыздың осы Жолдау негізінде өмірдегі бірқатар игіліктерге қол жеткізетіні қуантып, халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы істерге сеніміміз арта түсті.
Елбасы Жолдауының ел күткен межеден табылып, көп көңіліндегі үкілі үміттердің шырағын лаулата түскені рас. Демек, алдағы уақытқа жоспарланған ауқымды жобалардың дер кезінде жүзеге асатынына сенім мол.

Сәуле МАМЫРБАЕВА, кәсіпкер, Тарбағатай ауданы:

– Елбасының Жолдауын жыл сайын асыға күтіп тыңдайтын азаматтардың бірі боламын. Әр жылдардағы халыққа Жолдауында ауыл адамдарының әл-ауқатын жақсарту Елбасының басты назарында болады. Бұл жолы да солай болды. Өзім ауылдағы кәсіпкермін, біздерге жасалып жатқан жеңілдіктер мен бағдарламалар Елбасының сындарлы саясатының арқасында жүзеге асып жатыр. Өткен жылы жанұямызбен «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алып, наубайхана ашып, ауылды нанмен қамтамасыз етіп отырмыз. Осы жылы тағы да несие алып ауылдан кондитер цехын ашқалы жатырмыз. Осының барлығы Елбасының Жолдаудағы нақты бағдарының нәтижесінде іс жүзіне асып отыр. Енді жұмыс істеу керек, сонда ғана дамыған 30 елдің қатарына кіретін өркениетті ел боламыз.

Бақыт ӨМІРБАЕВ, Үржар аудандық Е.Рахмадиев атындағы саз мектебінің директоры:

– Бұл Жолдауда ел Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ үлкен көрегенділік танытқаны айқын білініп тұр. Елбасы Стратегиясының арқасында Қазақстан аз уақыт ішінде Шығыс Еуропадағы озық елдердің деңгейіне жақындады. Сөйтіп, дамыған елу елдің қатарына енді.
Ендігі мақсат – барынша дамыған 30 елдің шоғырында болу. Бұл не деген сөз? Алдыңғы қатардағы елдердің ішінде болу халықтың тұрмысын одан әрі жақсартуды, тұтас мемлекеттің барлық саладағы әлеуетін арттыруды көздейді. «Қазақстан-2050» Стратегиясы арқылы Қазақстан өзінің алдағы 35 жылға арналған даму бағдарын нақтылай алды. Осы Жолдаудағы көптеген басым бағыттар ел экономикасын жаңғыртуды талап етеді.
Бұл жолғы Жолдауда білім беру саласын дамытуға да баса мән берілген. Айталық, балабақшамен 100 пайыз қамту, оқыту бағдарламасын жетілдіру, шәкірттердің үш тілді еркін меңгеріп, сапалы білім алуына жағдай жасау қажеттігі айтылды.
Мен Жолдауда айтылған Елбасымыздың әрбір сөзін мұқият тыңдай отырып, еліміздің болашағының өте жарқын болатынына шын көңілден сендім. Жолдауда атап көрсетілген басым бағыттардың барлығына қолдау білдіремін.

Еркінбай Ибраһим қажы, Шемонайха аудандық мешітінің бас имамы:

– Елбасы Жолдауында тәуелсіздік жылдары кездескен қиындықтарды жеңіп, дамудың даңғыл жолына түскенімізді, көпұлтты елімізде бірлік пен татулықтың салтанат құрып отырғанын айта отырып, қазақстандық патриотизм, барлық этностар құқықтарының теңдігі, дін мәселелеріне айрықша мән берді.
Біз Қазақстан зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек. Елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз қажет.
Елбасы саясатының арқасында өзге ұлт өкілдерінің діні мен тілін дамытуға барлық жағдай жасалған. Көптеген мұсылман елдері рухани-экономикалық тығырыққа тірелген кезеңде Елбасы бұл мәселенің өзектілігіне тоқтап, ислам әлеміне түбегейлі шешімдер ұсынды. Қазір кейбір сыртқы күштер жастарды адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысуда. Мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктерден бойымызды аулақ салуымыз керек. Ислам дінінің құндылықтарын қастерлеу, секталарға тосқауыл қою, жастардың діни сауатын көтеру бағытындағы жұмыстар ауданда дұрыс жолға қойылған.
Сондықтан жаһандану заманында ерекше байлығымыз – дінімізді қастерлеп қана қоймай, жастардың ата діннен адаспауы жолында жүйелі жұмыс жасауымыз қажет. Жолдау жүктеп отырған міндеттер үлкен жауапкершілікті талап етеді.

Руслан ВИСИТАЕВ, «Виситаев» шаруа қожалығының басшысы, Глубокое ауданы:

– Президент Жолдауын қожалық ұжымы ерекше ықыласпен қолдайды. Әрине, әлеуметтік мәндегі мәселелер үлкен қызығушылық тудырды. Біз Жолдаудың азаматтарды әлеуметтік қолдау бағытын аса бағалаймыз. Мысалы, біз үшін ауыл шаруашылық саласы маңызды. Біз мемлекет алдағы жылдары да агроөнеркәсіп кешенін қолдайтынын көріп отырмыз. Әсіресе, «ауыл шаруашылығындағы бизнестің дамуына, жерді тиімді пайдалануға бөгет жасайтын барлық кедергіні жойған жөн» деген Елбасының сөздері бізді ерекше қанаттандырды.
Бүгін біз, ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер, кепілдік салық салу режимінде жұмыс істейміз. Мемлекет бөлген субсидия есебінен зиянкестермен күрес жүргізілуде, жоғары сұрыпты дәнді дақылдар, минералды тыңайтқыш, уландырғыш, техника алуға пайызсыз несие беріледі.
Міне, осындай жан-жақты қолдау арқылы мемлекет біздерге сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім өндіруге барлық жағдайды жасап отыр. Біз өз кезегімізде әлеуметтік салаға қолдан келгенше көмектесіп келеміз.

Осы айдарда

Back to top button