Қоғам

Даму көрсеткішін төмендетпеуді талап етті

Өңірдің жалпы ішкі өнімі былтыр төрт триллион теңгені құрап, 104 пайызға өскен. Десек те, жекелеген көрсеткіштер бойынша облыста арттақалушылық байқалады.

Облыс әкімдігінің кезекті мәжілісінде өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және осы жылға арналған міндеттер талқыланды. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Ұлақова өңірдегі экономиканың негізгі алты саласында да даму қарқыны байқалғанын атап өтті.

Айталық, өнеркәсіпте 2 141 миллиард теңгенің, ауыл шаруашылығында 590 миллиард теңгенің өнімі өндірілген, 283 миллиард теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылып, 443 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Сауда, көлік, байланыс салаларында да өсім бар. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес нысандарының саны 1,4 пайызға көбейіп (1260 бірлік), 88900-ге жетті.

Жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыздан асқан жоқ. Коммуналдық қызметтердің тарифі де қымбаттамаған. Есесіне, тауарлар мен қызметтердің бағасы 105 пайызға өскен. Ал қаңтар мен қыркүйек айлары аралығындағы орташа еңбекақы 152 мың теңгені құрады, былтырғы осы кезеңге қарағанда бұл 113 пайызға артық. Сондай-ақ өткен жылы 39 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылды, оның ішінде 30 мыңдайы тұрақты жұмысқа орналасқан.

Былтыр облыста 1300 орынға арналған 11 жекеменшік балабақша ашылған. Алайда 20 мың бүлдіршін әлі балабақша кезегінде тұр. Оның ішінде Өскеменде алты мыңнан, Семейде сегіз мыңнан астам бала бар.

Медицина саласына келер болсақ, өкпе дертінен болған өлім-жітім 26, қатерлі ісіктен болған өлім 1,4 пайызға кеміп отыр. Десек те, басқарма басшысы ұсынған мәліметтерге сәйкес, былтыр өңірде бала өлімі 3,9 пайызға көбейген, сонымен қатар бес ана өлімі тіркелген.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов денсаулық саласында қолға алынып жатқан кешенді іс-шараларға қарамастан бұл мәселенің шешілмей келетінін атап көрсетті.

– Медицина саласын дамыту үшін біз 23 миллиард теңге қаржы бөлдік. Ауруханаларға қымбат заманауи құрал-жабдықтар алынды, дәрігерлерді шет елдерде оқытып жатырмыз, тиімді технологиялар енгізілуде. Бірақ ана мен бала өлімінің өскенін көріп отырмыз, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы министрлік тарапынан жүргізілген аудандардағы емханаларды қайта құру жұмыстары үлкен қателік болғанын баса айтты. Енді соның зардабын қазір шалғай аудандардың тұрғындары тартып отыр.

– Бүгінде облыстағы әйелдердің 80 пайызы Өскемен мен Семейде босанады. Яғни, көпшілігі 700-800 шақырым жол жүріп, осы екі үлкен қалаға келуге мәжбүр. Кезінде министрлік тапсырмасына сай емханаларды орталықтандырдық. Бұл дәрігерлерге ыңғайлы болғанымен, азаматтар үшін мәселе туғызуда. Сол олқылықтың салдарын көрсеткіштер растап отыр, – деді Даниал Ахметов.

Осыған орай облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасына бір ай ішінде ана мен бала денсаулығына бағытталған медициналық көмек көрсетудің құрылымына өзгерістер енгізуді тапсырды.Әсіресе бұрын оңтайландырылған Катонқарағай, Марқакөл, Шұбартау сияқты өңірлердің шалғай ауылдарын қамту маңыздылығын баса айтты аймақ басшысы.

Басқарма басшысы  Сәуле Ұлақова осы жылға арналған негізгі міндеттер ретінде ел Президентінің Жолдауында айтылған тапсырмаларды іске асыру, Үкімет басшысымен жасалған 2020 жылға арналған меморандумда бекітілген негізгі мақсатты индикаторларға қол жеткізу, инвестиция тарту жұмыстарын ширату және қазіргі әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын сақтау екенін айтты.

Жиында даму көрсеткіші бәсеңдеп кеткен аудан және қала басшылары облыс әкімінен ескерту алды. Олар құрылыс қарқыны, әсіресе, әлеуметтік маңызды нысандардың бой көтеруі бәсеңдеген Курчатов, Риддер қалаларының және Алтай, Бесқарағай, Шемонайха, Жарма, Глубокое, Күршім аудандарының басшылары. Бұл өңірлерде баспана, балабақша салу ісі іркіліп қалған. Сондай-ақ инвестиция, өндірістік және ауылшаруашылығы өнімдерінің көлемі төмендеген.

– Сіздерге тиісті қаржы бөлінгенмен, даму көрсеткіштері төмен. Бұл аудан әкімдерінің әлсіз жұмысын айқындайды. Арнайы әлеуметтік топтарға жататын қаншама адам тұрғын үй кезегінде тұр. Аудан экономикасының даму барысын жоғарылатып, баспанамен қамту мәселесін түбегейлі шешу қажет. Сіздерге көктемге дейін уақыт беремін. Егер жұмыс нәтижесін лайықты деңгейге шығармасаңыздар, қатаң шара қолданылады,– деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button