Далада жатқан дарын жоқ

Осылай айтуға тура келіп тұр. Амал нешік? Кейінгі кездері қоғамда «түлектердің сыртқа кетуі» деген сөз жиі естіле бастады. Бұл мәселе билік басындағыларды да алаңдатуда. Көңілде күдік көп. Өйткені «милы бастар» өзімізге де қажет. Жатты жарылқайтындай білімді, дарынды ұрпақ далада шашылып жатқан жоқ. Сондықтан жауапты орындар аталған проблеманың алдын алуға мықтап кіріскен.
Мектеп бітірушілердің сыртқа ағылуы әсіресе Ресеймен шекаралас Солтүстік, Батыс, Шығыс Қазақстан және Қостанай секілді облыстарда жиі байқалуда. Мысалы, 2016 жылы тек біздің облыстан ғана 1890 түлек оқу іздеп шетел асып кетіпті. 1890 түлек. Аз ба, көп пе? Бәлкім, біреулер «шетелдің жоғары оқу орнында оқығанда тұрған не бар? «Қолыңнан келсе, қонышынан бас» деп айтатын болар. Иә, ештеңе жоқ. Қайта біреулер үшін бұл үлкен мақтаныш. Десек те, сол оқу іздеп Ресей мен Қытайға, Еуропа елдеріне кеткен «милы бастардың» ертең Отанына қайта оралуы екіталай. Сонда қалай? Біз болашақты өзге мемлекеттің ертеңі үшін тәрбиелеп жатқан болып отырмыз ғой. Кейбір деректерге қарағанда, мемлекет жыл сайын бір баланың мектепте білім алуы үшін 3 миллион 200 мың теңге қаржы бөлетін көрінеді. Ал олар сол он жыл мектепте алған білімін өзге мемлекеттің мүддесіне жұмсайды. Ішіңіз аши ма, әлде ашымай ма?
Жалпы, мектеп бітірушілердің сыртқа кетуі – біздің облысымызда көп жылдардан бері көтеріліп келе жатқан мәселе. «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» деген осы. 2016 жылы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті облыстық білім басқармасымен бірлесіп арнайы зерттеу де жүргізген. Нәтижесі көңіл көншітпейді. Сауалнамаға қатысқан мектеп бітіруші түлектердің 52 пайызы шетелде оқығысы келетінін айтқан. Ал олардың 30 пайызы оқуын бітірген соң, Қазақстанға кері оралуды тіпті ойламайды да екен. Әрине, шетелдегі жоғары оқу орындарына баруды жоспарлағандықтан да болар, орыс тілді мектеп түлектері ҰБТ-ға қатысуды ауыр жүк санайтыны өтірік емес.
Оның үстіне шетелдік, әсіресе ресейлік жоғары оқу орындары да өте белсенді. Көктем басталмай жатып-ақ олар Риддер, Зырян, Шемонайха секілді шекаралық өңірлердің мектептерін аралап, өздерінің оқу орындарын жарнамалап, мектеп бітіруші түлектерді қармағына көбірек түсіруге тырысады. Тіпті түлектер үшін Семей, Өскемен, Шемонайха, Риддер секілді қалаларда емтихан тапсыратын орындар ашып алған.
Түлектердің 26 пайызы ғана грантпен оқи алады
Тағы да статистикаға жүгінсек, 2017 жылы облыс бойынша мектеп бітірген 9 мың түлектің 890-ы алыс және жақын шет елдердің жоғары оқу орындарын таңдапты. Байқасаңыз, өткен 2016 жылға қарағанда сыртқа ағылушылардың саны әжептәуір қысқарған. Мұның сыры неде деп ойлайсыз? Облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған арнайы бағдарламада. Қарап отырмай, қарекет жасауды ұйғарған облыс басшылығы аймақтық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін және мектеп түлектерінің жоғары білімге қолжетімділігін арттыру мақсатында 2017 жылы республикалық білім берудің мемлекеттік тапсырысына қосымша аймақ экономикасының талабына сай мамандарды даярлауға жергілікті бюджет есебінен 200 грант бөлгені белгілі. Ал биыл тағы да 400 бюджеттік грант бөлу жоспарланып отыр. 200 студентті толық оқытуға 525 млн. теңге жұмсалса, 400 студентке 1 млрд. теңге қарастырылмақ. Бес жылға толық оқыту кезеңін есепке ала отырып, республикалық білім берудің мемлекеттік тапсырыс бойынша бағдарламаны іске асырудың жалпы қаржыландыру сомасы 5 млрд. теңгені құрайтын көрінеді. Қалай десек те, бұл мектеп түлектерінің сыртқа ағылуын тоқтатуға бағытталған ізгі қадам екені сөзсіз.

Иә, сонымен біздің мектеп бітіруші түлектеріміз шетелдің жоғары оқу орындарына түсуге неге құмар? Әлде шетелде оқу отандық жоғары оқу орнында білім алғаннан әлдеқайда арзан ба? Облыстық техникалық және кәсіптік білім беру және кадрларды даярлау орталығының директоры Ришат Рамазановтың айтуынша, облысқа бөлінетін мемлекеттік грант көлемі аз. Мысалы, былтыр небәрі 2411 грант бөлінген. Яғни, бұл мектеп бітіруші түлектердің тек 26 пайызы ғана грантқа ие болды деген сөз. Ал грантқа түспеген түлектердің қалғаны қайда барады? Әрине, қайда оқу ақысы арзан, солай қарай ағылады. Шамасы жеткендер ақылы оқуға түседі, шамасы жетпегендер жоғары білім алудың басқа да жолдарын қарастырады. Түлектердің шетелге кетуінің де негізгі себебі осы. Ал көрші Ресейде жағдай мүлдем басқа. Өткен жылы Ресейдің тек Новосібір облысына бөлінген мемлекеттік гранттың үлесі 75 пайызды құрапты. Әрине, ондағы түлектердің барлығы жоғары оқу орындарына түспейді. Түссе, 50 пайызға дейін түседі, ал новосібірліктер қалған орындарды шеттен келгендермен толтыратын көрінеді. Сондықтан да Президенттің бес әлеуметтік бастамасының аясында 20 мың гранттың бөлінуі өте дұрыс екенін айтады облыстық техникалық және кәсіптік білім беру және кадрларды даярлау орталығының директоры Ришат Рамазанов.
– Біз бұған қатты қуандық. Шындап келгенде, қосымша гранттың бөлінуі Шығыс Қазақстан секілді шекаралық өңір үшін өте өзекті. Бірден Ресейдің деңгейіне жетіп алмасақ та, бұл қадам осындай айырмашылықтарды қысқартып, оқу орындарының қолжетімділілігін арттырады, – дейді ол.
Облыстық техникалық және кәсіптік білім беру және кадрларды даярлау орталығы былтырдан бері білім басқармасымен бірлесіп, «Білікті маман» бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. Бағдарлама өңірлік жоғары оқу орындарының бәсекелестікке қабілеттілігін арттырып, түлектердің сыртқа ағылуын азайтуға бағытталған.
– Жалпы, түлектердің сыртқа ағылуына тосқауыл қою үшін, тек жоғары оқу орындарының ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беретін колледждердің де бәсекеге қабілеттілігін арттыруымыз керек, – дейді Р.Рамазанов.

Бәсекеге қабілеттілікті арттыру қажет
Өткен жылы мектеп бітірген түлектердің 45 пайызға жуығы осы колледждерді таңдаған екен. Оның үстіне қазіргі күні еліміздің еңбек нарығында да кәсіптік және техникалық білімі бар мамандарға сұраныс жоғары, шамамен 70 пайызды құрайды. Ендеше мектеп түлектерінің басым көпшілігі колледждерді таңдаса, аталған білім беру орындары бәсекеге сай болуы тиіс. Бүгінгі таңда облыста барлығы 83 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы бар. Оның жетеуі түзету мекемелеріне қарасты, ал өңірдегі екі медициналық колледж денсаулық сақтау саласының құзырында. Сондықтан да бүгінгі күні облыстық техникалық және кәсіптік білім беру және кадрларды даярлау орталығы аймақтық жоғары оқу орындарымен бірлесіп, өңірдегі жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары арасында идеологиялық насихат және кәсіптік бағдар беру жұмысын жүргізудің циклограммасын жасаған екен. Осы циклограммаға сәйкес оқу жылының басынан бастап аймақтағы колледж және жоғары оқу орындары өкілдерінің қатысуымен кешенді іс-шаралар өткізілген. Өскемен және Семей қалаларында «My PRO» мамандықтар фестивалі өтіп, оған облыстың жақын аудандарының 89 мектебінен 3300-ден астам оқушы қатысыпты. Сондай-ақ, WorldSkills Shygys-2018 халықаралық кәсіби турнирінің аймақтық кәсіби шеберлік чемпионатының да жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыруда маңызы өте зор.
– Түлектеріміз білім іздеп, шетелге ағылмауы үшін, еліміздегі жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының бәсекеге қабілеттілігін арттырғанымыз абзал. Шынында да, әрбір түлек үшін күресу қажет, – дейді Р. Рамазанов. Оның айтуынша, биыл сыртқа кететін түлектердің санын 600-700-ден асырмау көзделіп отыр.
Мейрамтай Иманғали