Далада нұр, сарайда жыр жауған күн…

Наурыз мерекесі күндері Өскемендегі Металлургтердің мәдениет сарайында «Ислам және отбасы» жылы аясында ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазіреттің жүлдесі үшін «Наурыз айы келгенде…» атты облыстық ақындар айтысы өтті.
– Біз – тамырымызды тереңге жайған, мың жылдық мәдениеті, саф алтындай салт-дәстүрі, өлмейтін өнері бар ұлы халықпыз. Былтыр Өскеменде Құрбан айтта аламан бәйге ұйымдастырғанбыз. Ал бүгінгі айтысты өткізудегі мақсатымыз – әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді ұлықтау, тәрбие, отбасы құндылықтарын насихаттау. Жасыратыны жоқ, қазір «айтыс дінге сай емес, оны әспеттеудің қажеті не?» деген сыңаржақ пікір айтатын адамдар бар арамызда. Біз айтысты ақшамыздың, дүниенің көптігінен өткізіп жатқан жоқпыз. Бұл – елімізге, жерімізге, ұлтқа, ұрпаққа қажет дүние.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманында жасы өзімен шамалас Хасан ибн Салид деген атақты ақын болған. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жанында бірге жүрген. Үлкен бір жиында пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ақынға қарап тұрып: «Ей, Хасан, айт, сөйле, Алланы ұлықта. Дініңді жеткіз. Мұсылмандықтың, имандылықтың қандай екендігін айт», – деген. Осы айтқандарды Хасан ақын ерекше шабытпен жырлағанда, сол жерде тұрған күллі мұсылмандардың рухы асқақтап, әруағы көтерілген. Мерейі үстем болған. Сонда Хасанның өнеріне риза болған пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үстіндегі шапанын ақынға жапқан екен. Қазақтың ақынын сыйлап, үстіне шапан жабуы, құрмет көрсетуінің себебі де сол. Сондықтан, айтыс – пайғамбардың жолы, пайғамбар сүннеті, – деді, облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек қажы Тасболатұлы айтыстың ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.
ҚМДБ-ның Өскемен аймағы өкілдігінің ұйымдастыруымен өткен, «Керекудің солақайы» атанған белгілі айтыскер, «Шығыс-Ақпарат» медиахолдингі директорының орынбасары Серік Құсанбаев жүргізген, ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының облыстық филиалының жетекшісі Әлібек Қаңтарбаев бастаған қазылар төрелік еткен сөз додасына 10 ақын қатысып, бағы мен бабын сынады.
Атамыз қазақ «Қай кезде болмасын сөз бастау қиын» деп, сөз өнеріне аса құрметпен қараған. Сөздің қадірі мен қасиетін, киесін жақсы түсінген. Содан да болар, сахнаға ең бірінші болып шыққан семейлік Манарбек Сатыбалды мен Аягөз ауданының намысын қорғаған Нұржан Қайратұлы шу дегеннен көсіліп кете алмады. Дегенмен сахнаға бой үйреткен қос ақын өз кезектерінде айтыстың тақырыбын барынша ашуға тырысып, отбасы, тәрбие, дін жайында ой толғады. Қазіргі уақытта облыс тұрғындарын әбігерге салып жатқан тасқын да ақындардың қырағы назарынан тыс қалған жоқ.
Бұл сында:
«Бір адамның сауатсыз жұмысынан,
Мың адамның тағдыры сыналады», – деп сөз саптаған Алаш қаласының ақыны Манарбек жоғары ұпай алды.
Бұдан кейін Көкпектінің атынан сынға түскен Фархат Маратұлы мен бүгінде тілсіз жаумен арпалысып жатқан Глубокое ауданының ақыны Қуаныш Еркінұлы сахна төріне көтеріліп, жыр додасының көрігін одан әрі қыздыра түсті. Қос айтыскер де сөзінің «бісмілләсін» залдың жартысынан астамын толтырып отырған сарбаздарды жырға қосудан бастады.
Қуаныш:
«Әскерилер айтыс көріп отыр бүгін,
Елімізде еш соғыс болмағасын», – деп толғаса,
Фархат та өз кезегінде:
«ДКМ-нің ішінде жыр жауып тұр,
Ғимараттың сыртында нұр жауып тұр,
Төрде ақыны, залында әскері бар,
Қазақ дейтін әуелден дүр халық бұл», – деп ой түйді.
Үстіне аппақ шапан киіп шыққан қарсыласын:
«Ақ киімді, денесіз, жоқ сақалы» – деп бір қағып, өзінің жасыл кәстөммен келгенін:
«Қыс пен көктем айтысса Наурызда,
Соңында кім жеңері белгілі ғой», – деп әдемі әзілмен өре білген Қуанышқа ақ түс ұғымының қасиетін тізбелей келген Фархат:
«Сондықтан ақ пен көкті салыстырма,
Қашанда аққа Құдай жақ емес пе?» – деп орамды жауап қайырды.
Үшінші жұп болып ұландық Ержанат Расылхан мен өскемендік Гүлнұр Зұлқаршын өнер көрсетті. Тақырыпқа терең бойламаса да, қыз бен жігіттің айтысын көрсетуге талпынған қос ақын әуелде тартыншақтағанымен, сөз додасының соңына қарай қыза түсіп, қолдарына микрафон алып, тік тұрып айтысып, әзер дегенде тізгін тартты.
Айтыстың төртінші жұбы семейлік Серік Қуанған мен зайсандық Нәрия Ақбабаның жыр сайысы да көрермен көңілінен шықты деуге болады.
Бұл сында:
«Берері жоқ бес күнде,
Қазағымды берекеден айырма!» – деп өлеңнен өрнек салған Серік Қуанған басымдығын танытты.
«Соңғы түйенің жүгі ауыр» дегендей, сахнаға соңғы, бесінші жұп болып есімі көпке белгілі Аслан Ғафуров пен жас талант, жаңа есім, Өскемендегі С.Аманжолов атындағы университеттің дайындық курсында тәлім алып жүрген Гүлжан Ықылас шықты. Әсет пен Кемпірбайдың қоштасу әуеніне сала шыққан Аслан Ғафуровпен сөз қағыстырған 17 жастағы бойжеткен «қарсыласым қарымды» деп тартынған жоқ.
Талай жыр бәсекесінде топ жарып, әбден ысылған Аслан ақын ер айтыскерлердің ежелгі әдетімен тоқал тақырыбына ойысқанда, Алтайдың ар жағынан қазақылықтың уызын қанып ішкен қарындасы ақын ағасын жезде мен балдыз айтысына шақырды.
«Құлыншақ ойнақтаса құт, болады,
Атан түйе ойнақтаса, жұт болады», – деп сөз арасында қарсыласының жастармен бірге сайысқа түскенін де сын садағына алғандай болды. Аслан Ғафуров талай додаға түскен, жөн-жоралғыны білетін ақын ғой. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, көрерменді де, өзін де үлкен айтысқа алғаш қатысып отырса да, батылдығымен тәнті еткен қарындасына айтыс соңында ағалық жолмен батасын беріп, гүл шоғын ұсынды.
Айтыстың екінші кезеңіне қазылардан жоғары ұпай алған төрт ақын шықты. Сөз додасын Қуаныш Еркінұлы мен Гүлжан Ықылас бастап, Фархат Маратұлы мен Серік Қуанған түйіндеді.
Аты облыстық демесек, жалпы айтыстың деңгейі жоғары болды. Облысымыздың әр өңірінен үміттерін үкілей келген жыр жампоздары республикалық айтыстарда көтеріліп жататын кез келген өзекті мәселені жырларына арқау ете білді. Мұны залдағы жанкүйер қауымның ақындардың әрбір әдемі тіркесіне дуылдата соққан шапалағынан-ақ байқауға болатын.
Айтыс қорытындысында жүлделі үшінші орынды облыстық деңгейдегі айтысқа алғаш рет қатысса да, өрелі өнер көрсеткен Гүлжан Ысқылас иеленді. Екінші орын, айтыс ардагері Қалихан Алтынбаевтың жолын жалғап, Жармада туса да, Көкпектінің намысын қорғай келген Фархат Маратұлына бұйырса, жүлделі бірінші орынды:
«Бүгінде көп сөйлейтіндер көбейді,
Сөйлей алатындар азайды» – деп ой толғаған Серік Қуанған алды.
Ал бас жүлде – қажылық сапарын:
«Кемедей қалып қойған Қазығұртта,
Жете алмай қап жүрмейін қажылыққа», – деп әріптесімен әдемі әзілдесе білген жас ақын Қуаныш Еркінұлы еншіледі.
Сонымен қатар облыстық мешіт қызметкерлерінің шешімімен Аслан Ғафуровқа умра қажылықтың жолдамасы табыс етілді.
Алтай Таңат