Мәдениет

Дала аңызынан шабыт алған зергер

Дала аңызынан шабыт алған зергер


Облыс орталығында алматылықбелгілі суретші, шебер Аман Мұқажанның зергерлік бұйымдарының «Дала аңызы» атты көрмесі жүріп жатыр. Бұл жердегі әшекейлер біздің пайымымызда қалыптасқан нәзік те әсем дүниелерден мүлде бөлек. Көрмегеқойылғансақиналар, алқалар мен сырғалар, білезіктеравтордың тек өзіне ғана тән этномодерн стилінде күмістен соғылып, феруза, ақық, жақұт сияқты қымбат тастармен айшықталған.Бір қарағанда, кесек, монументальды дүниелер біраздан кейін көшпенділердің тұрмысынан сыр шертетін сүйкімді әшекейлерге қалай айналғанын өзіңіз де байқамай қаласыз.

Талантты зергер шығысқазақстандықтардың назарына 150-ден астам бұйым ұсынып отыр. Автордың өзінің айтуынша, жұмыстарында көшпенділердің дүниетанымын, тұрмысын көрсетуге тырысады.Өнер сыншылары болса суретшінің шығармашылығына зергерлік өнердің, мүсін мен қолданбалы өнердің синтезі деген баға береді.

– Ежелгі шеберлердің жолын қуған Амангелді Мұқажан осылайша, ұлттың мәдени кодын сақтап келеді. Ал бұлар түптеп келгенде автордың зиялылығы мен рухани даму үстінде екенін танытса керек, – дейдіШығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығының өнертанушысы Тамара Быкова.

Дала аңызынан шабыт алған зергер
Дала аңызынан шабыт алған зергер

Амангелді Мұқажан біздің жерлесіміз, 1953 жылы Семей қаласында дүниеге келген. 1987 жылы Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтының сәндік-қолданбалы өнер факультетін көркем металл мамандығы бойынша тәмамдады. 1988 жылы этнограф Өзбекәлі Жәнібеков және қолөнер шебері Дәркембай Шоқпарұлымен бірге «Мирас» қолөнер-шығармашылық ұйымын құруға атсалысты. Қазақстан Суретшілер одағының және Дизайнерлер одағының мүшесі. Көптеген халықаралық, республикалық байқау-көрмелерге қатысып, «ЮНЕСКО»-ның халықаралық сапа белгісінің» иегері, республикалық «Шебер» конкурсының бірнеше дүркін жеңімпазы атанды. Ресейлік әріптестері оның дарынын Карл Фаберже мемориалдық қорының Үлкен М. Перхин орденімен, «Бас шебер» атағын бере отырып, Ф. Бирмаум орденінің Құрмет белгісімен атап өткен-ді.

– Біздің музей үшін әлемге танымал зергердің көрмесін ұйымдастыру бір ғанибет. Көрме әр буын өкілдері – жастар үшін де, үлкендер үшін де қызықты болатынына сенімдімін, – деген болатын ашылу салтанатында музей директорының экспозиция-көрме жұмыстары жөніндегі орынбасары Евгения Рахматулина.

Ата-баба жолын қуған

– Менің балалық шағым қолданбалы өнер шеберлерінің арасында өтті. Әжемнің алаша, текемет тоқығанын, киіз басқанын көріп өстім. Оларды бояуғатабиғи түстерді пайдаланатын. Тіпті,өзім де тау-тастардан қына жинайтынмын, сонымен әжем жүнді бояйтын. Атам болса металмен, ағашпен бедерлеп, жұмыс істейтін, етік тігетін де өнері болды, аңға шығатын. Осындай ортада өскен менің басқа жолды таңдауым мүмкін де емес еді, – дейді шебер.

Ержете келе, ұсталыққа ден қоя бастайды. Темірді қолында сазбалшықша илеген атасының өнерін де жақын тұтады. Аман аға сегізінші сынып оқып жүргенде аллюминий түтікшелерден өзінің алғашқы сақиналарын, жүрекше сияқты сүйкімді заттарды жасай бастағанын да есіне алды. Біртіндеп бұйымдарға көлем беруді меңгереді. Дегенмен, Аман Мұқажан сурет салуға деген ынтызарлығы бәрінен басым болғанын мойындайды. Институтты тәмамдап шыққаннан кейін көп ізденуге тура келіпті. Металға деген қызығушылығы қайта оянып, енді зергерлік бұйымдар, инсталляциялар жасауға кіріседі.

– Шығармашылықта әркімнің өз жолы болу керек. Маған көшпенділердің тұрмысы, философиясы, өмірге деген көзқарасы жақын болып шықты. Тіпті, мақал-мәтелдерін де басшылыққа алдым.Археологияны зерттеу арқылы мен өзімнің ешкімде жоқ соны бағытымды табуға тырыстым. Өзіңіз де байқаған шығарсыз, менің қолымнан шыққан жұмыстарды таза зергерлік әшекейлер деуге келмес. Бұл бұйымдардың әрқайсысында терең мән-мағына жасырынған, солар арқылы мен өзімнің жандүниемнің көңіл-күйін жеткізгім келді, – деп ақтарылды зергер.

Шебердің туындыларын бағалау үшін әдемілікті сүю, оған бас ию жеткіліксіз. Әшекейлер әлеуметтен ең алдымен зерделі болуды талап етеді. «Оның жұмыстарынан авторлық қолтаңбасы айқын көрінеді. Қолынан шыққан әшекейлеріне кесектік пен тұтастық тән. Автор көрермендердің тұмарлардың күшіне, олардың қорғаушылық және тілектестік қасиетіне деген сенімін еріксіз қатыстырып, шеңбер, шиыршық, тікбұрыш, ирек тәрізді архетиптерге көңіл бөледі. Жасаған бұйымдарына аса мәнерлілік пен тұтастық беру үшін түсті эмальды, алтын жалатпаны, ағаш пен сүйекті және тастарды пайдаланады.Оның жұмыстарының көпшілігі жануарлар мен құстардың тотемдік белгілерін бойына сіңірген желілік композицияға құрылған. Кей жерлерінде жартас гравюраларының желілерімен үндеседі, ал күрделі өрнектеріндегі сызықтарының қарапайымдылығы жұмыстарына мән-мағына, дарқандық беріп, сапасын жоғарылатады» деп түсіндіреді өнертанушылар. Шынында да, мамандардың сараптамасынсыз жете ұғыну қиын. Бірақ көз алмай қарай беруге болады. Кезінде әжелеріміздің қолынан көрген, бірден екі саусаққа киілетін құдағи жүзіктер, эмаль жалатылған күміс сырғалар, сом күмістен тұтас соғылған «Қыпшақ» білезігі оның иесінің дала сағымындай еркін әрі діні берік жан екенінен сыр шерткендей.

–Әдетте зергерлік бұйымдар нәзік те әсем болып келеді. Менің бұйымдарым өзгеше, кейде инсталляцияға құрылған. Олар арқылы өткен заманның көңіл күйін, археологиялық сәттерді көрсетсем деймін. Тіпті, оларды әшекей ретінде тақпаулары да, ары кетсе, бір рет киіп шығулары да мүмкін. Бірақ осы дүниелерге қарап, көп нәрсені пайымдауға болады,– дейді шебер.

Дала аңызынан шабыт алған зергер
Дала аңызынан шабыт алған зергер
Дала аңызынан шабыт алған зергер

Зергер қыз-келіншектердің әшекей бұйымдарын жасауда түйіршіктеу, шілтерлеп өрнектеу сияқты ежелгі техникалармен қоса заманауи тәсілдерді де қолданады.

–Өзгеше ойлау, шығармашылық батылдық пен әртүрлі материалдарды асқан үйлесімдікпен пайдалана білу шеберге қайталанбас авторлық этномодерн стилін қалыптастыруға мүмкіндік берді, – дейді музей-қорықтың өнертанушысы Татьяна Быкова.

Бір қызығы, тіл-көз тиюден, қауіп-қатерден сақтау сияқты сенім-нанымдарға көп мән беретін автордың өзінің бойтұмары жоқ екен.

– Мен басқалар үшін жасағанды дұрыс деп санаймын. Оның әрқайсысының мағынасына зор мән беремін. Оны түсіну үшін зер сала қараса болғаны. Кейбір жандар айтпақ ойымды бірден түсінсе, екіншілеріне уақыт керек. Күміс ежелден сұқ көзден қорғайтын асыл металл. Тағы бір тиімді тұсы – алушыларға да қолжетімді, – дейді Аман Мұқажан.

Аман Мұқажанның әр көрмесі ерекше. Өйткені, ол кісінің қолынан шыққан бұйымдарды сатып алуға болады. Бүгін көрмеде тұрған туындыны ертең көре алмауыңыз мүмкін. Зергер әшекейлерді көптеп жасамайды, әрқайсысы бір данадан ғана кездеседі, сонысымен де құнды.

Любовь Чалдыбаева, музей-қорық қызметкері:

– Қазірдің өзінде жарты миллион теңгенің әшекейлері сатылды. Заманауи модерн мен ежелгі дәстүрлердің үйлесімімен жасалған бұйымдар қыз-келіншектердің көңілінен шығуда. Мысалы, маған «Қыпшақ» білезігі ұнайды. Феруза, ақық, жақұт тастармен әсемделген.
Өз басым көйлекпен де, джинс шалбармен де таға берер едім.Көрме 5-сәуірге дейін созылады, ерекше әшекей іздегендер болса, есігіміз ашық.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button