Экономика

Дағдарысты бірігіп еңсеретін боламыз

Дағдарысты бірігіп еңсеретін боламыз

Облысымызға жұмыс сапарымен келген Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан САҒЫНТАЕВ аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВПЕН бірге өңірдегі өндірістік кәсіпорын басшыларымен мемлекеттік қолдау шараларын талқылады. Сондай-ақ өндіріс үдерісін тұрақтандыру, жұмыс орындарын сақтау және жергілікті өндірушілерді қолдау жөнінде бірқатар меморандумдарға қол қойылды.

Өзіңде барды өзгеден алма

Әуелі Бақтытжан САҒЫНТАЕВ бастаған делегацияның құрамындағы «Қазақстан Темір Жолы», «ҚазМұнайГаз», «Самрұқ Энерго», «KAZ Minerals» сынды ұлттық компаниялар мен «Қазақтелеком» АҚ, Еуразия тобы» ЖШС басшыларының назарына жергілікті кәсіпорындардың инвестициялық жобалары туралы көрме ұсынылды. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Үкімет басшысының орынбасарына Шығыс Қазақстанның аумағында жұмыс істейтін өнеркәсіп алпауыттарының отандық құрамды арттыру бағытында атқарған шаруалары жөнінде баяндады.
Мәжілісті бастаған вице-премьер әлемдік экономикадағы түрлі өзгерістердің әсері өндірістегі отандық құрамды арттыра түсуге қажеттілік туғызып отырғанын айтып, Елбасы Жолдауындағы ішкі сұранысты арттыру талаптарын жүзеге асыру мақсатында ұлттық компаниялар мен жергілікті өндірушілердің арасындағы байланысты тереңдете түсу көзделіп отырғанын жеткізді.
-Көрші елдегі валюта құнының күрт төмендеуі арадағы экономикалық қатынастарды қайта қарауға мәжбүр етіп отыр. Жақын арада аталған мәселеге байланысты екіжақты отырыс өтеді. Осы себепті жергілікті кәсіпорындардың Ресеймен қатынасқа байланысты мәселелері болса, айтыңыздар. Мұнай бағасының төмендеуі, геосаяси жағдайлар экономикаға өз ықпалын тигізетіні анық. Дағдарыстан шығуда тәжірибеміз бар дегенмен, бұл дағдарыстың 2008 жылғы толқыннан өзгеше сипаты бар. Сондықтан Еуропа мен Азияның даму банктерінен, Ислам даму банкінен миллиардтаған инвестиция тартып отырмыз. Мұнымен шектелмей өз ішіміздегі сұранысты арттыру арқылы өндіріс көлемін сақтап қалу қажет. Соңғы жылда бұл бағытта оң өзгеріс бар деп айтуға болады. 2013 жылы ұлттық компаниялар өндірісіндегі отандық құрамның үлесі 50 пайыз болса, өткен жылы бұл меже 75 пайызға жеткен. Ендігі жерде отандық құрамның сапасына мән берілмек. Бұл бағытта сапаны қамтамасыз етудің тендерлік тетіктері дайындалып жатыр, – деген Бақытжан САҒЫНТАЕВ ұлттық компанияларды отандық кәсіпорындармен қоянқолтық жұмыс істеуге міндеттейтін шешімдер қабылданып жатқанынан да хабардар етті. Мәселен, осыған дейін ұлттық компанияның өндірісіне қажет материал Қазақстанда өндірілетін болса, сапасы мен өзге де тиімділіктерін ескере келіп, өзге елден алдыруына рұқсат етілген. Алдағы уақытта сырттан тек елімізде өндірілмейтін материалдар ғана әкелінбек.
Мәжілісте облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың алғашқы бесжылдық көрсеткіштері жөнінде қысқаша мәлімет берді. Мәселен, металл бағасының түсуіне қарамастан өнеркәсіп көлемінің өсімі 2,5 пайыз деңгейінде сақталған. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 433 жоба іске асып қосымша 7,4 мың жұмыс орны ашылған. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы 10 мың адам бизнес негіздерін меңгерсе, индустрияландыру картасына кірген жобалардың 50 пайызы толық қуатпен жұмыс істеп тұр. Аймақтағы жүйеқұраушы саналатын сегіз ірі өнеркәсіп өндірістегі отандық құрамды соңғы бір жылдың ішінде 28 пайызға арттырған. Бұл істе «Қазцинк» ЖШС өзгелерден оқ бойы алда. Бүгінде аталмыш серіктестік өңірдің 96 бизнес нысанымен келісімшарт орнатқан.
Бір де бір жұмыс орны қысқармау керек
Бұдан кейін ұлттық компаниялар мен өндіріс алпауыттарының басшылары сөз алып, өндірістегі отандық құрамның үлесін арттыру бойынша шығысқазақстандық кәсіпорындармен байланысы жайында баяндады.
«Қазцинк» ЖШС бас директоры Юрий Гусев бұл бағытта кәсіпорын басшылығы мен облыс әкімдігі, «Атамекен» ұлттық экономикалық палатасы арасында үшжақты тығыз байланыс бар екенін жеткізді. Өткен жылы ғана «Қазцинк» ЖШС 600 отандық өндірушімен 66 млрд теңгенің 28 меморандумына қол қойған. Бүгінде кәсіпорын сатып алатын қызмет түрлерінің 82 пайызы отандық үлеске тиесілі. Қызмет пен тауар ұсынушыларға қолайлы жағдай туғызу үшін арнайы сайт та ашылған. «Қазцинктің» жергілікті тауар өндірушілерді қолдау бойынша жақсы жұмыс істеп келе жатқанын өңір басшысы Даниал АХМЕТОВ те атап өтті.
-Бұл кәсіпорнның облыс экономикасына қосып отырған үлесі орасан. Бүгінгі маңызды мәжіліс «Қазцинк» ЖШС-нің символкалық туған күніне орайлас келгенін айта кету керек. Облыс жұртшылығы атынан өңір экономикасын алға сүйреуге атсалысып отырғандарыңыз үшін алғыс айтқым келеді. Кәсіпорындарыңыз алдағы уақытта да тығыз байланыста жұмыс істейміз деген сенім бар, – деді облыс басшысы.
Ал ««KAZ Minerals» тобының бас басқарушы директоры Олег Новачук жалпыға «Қазақмыс» деген бұрынғы атауымен таныс компанияның шығыс дивизионында өндірісті қысқарту жоспарланбағанын жеткізді. Кәсіпорынның төрт бірдей кен орны мен үш бірдей байыту фабрикасы біздің облыстың аумағында жұмыс істейтінін айтқан О.Новачук Артемьев кенішін игерудің екінші кезегін жыл аяғына дейін бастайтындарын мәлімдеді. Ал Николаев кенішін қайта жарақтаудың нәтижесінде өнімділік 82 пайыздан 92 пайызға артқан. Компания қызмет көрсетудің барлық түрін отандық кәсіпорындарға тапсырған. Осы межені сақтау үшін кей кезде сапаға көз жұма қараған кездері де болыпты.
О.Новачук өткен жылдан бері игеріле бастаған Ақтоғай кеніші әлемдегі ең ірі кен орындарының қатарына еніп отырғанын айтады. Бұл жерден өндірілетін таза мыстың қоры 5-8 млн тонна мөлшерінде деген болжам бар. Кенішке қолданылатын жаңа технологияның арқасында 2,5 мың адамның күшімен жылына 25 млн тонна кен қазуға болатын көрінеді. Мұндағы мыс қоры 50 жыл бойы 25 млн тонналық қарқынмен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Олег Новачук облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТЫҢ тапсырмасы бойынша Ақтоғай кенішінде жұмыс істейтін барлық мердігерлер салықты облыс бюджетіне төлеуге көшкенін де мәлімдеді.
«СемАЗ» ЖШС бас директоры Әсемқан Досқұжанов жаңа экономикалық саясатқа сәйкес машинажасау саласын дамытуға бөлінген 25 млрд теңгенің тең жартысын ауыр техника индустриясына бөлуді ұсынды. Бақытжан САҒЫНТАЕВ «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын жүзеге асыруға бөлінген қаржының барлығы ақылға сыйымды есеппен үлестірілгенін, бұл тұрғыда ауыр техника өндірушілердің қосымша қаржы сұрауына негіз жоқ екенін түсіндіріп, келісімшарт құжаттарын дайындауды жеделдету, мемлекеттік тапсырыс үлесін арттыру бойынша айтылған ұсыныстар бойынша көмек көрсетілетінін айтты.
«Қазақстан Темір жолы» ұлттық компаниясының президенті Асқар Мәмин «Шығысмаш зауыты» кәсіпорынымен серіктестік жалғасатынын, алдағы уақытта екі арадағы келісімшарт құны ұлғая түсетінін атаса, «ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қайыргелді Қабылдин «Өскемен арматура зауытымен» сауда көлемі артатынын жеткізді. «Еуразия тобы», «Самрұқ Энерго» компаниясының басшылары да шығысқазақстандық өндірушілердің әлеуетіне жоғары баға беріп, байланысты нығайтатындарына сендірді. Мәжілісті қорытындылаған Бақытжан САҒЫНТАЕВ бұл шаралардың экономиканы тұрақтандырудағы маңызы зор екенін атады.
-Бүгін ұлттық жетекші компаниялар мен өңірдің жүйе құраушы сегіз кәсіпорны облыс әкімдігімен меморандумға отырады. Бұл келісімдердің маңызын жете түінулеріңіз керек. Дағдарыстың салдарын күш біріктіру арқылы ғана еңсере аламыз. Барлықтарыңыздан өз кәсіпорындарыңызда өндіріс көлемін тұрақты ұстау, жұмыс орындарын қысқартпауды сұраймыз, – деді вице-премьер.
Мәжіліс соңында «Қазақстан Темір Жолы», «ҚазМұнайГаз», «Самрұқ Энерго», «KAZ Minerals» «Қазақтелеком», «Еуразия тобы» сынды компаниялар мен облыс әкімдігі арасында отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында ынтымақтастық орнату жөнінде жалпы құны 74 млд теңгені құрайтын меморандумдарға қол қойылды. Ал «Қазцинк», «Өскемен арматура зауыты», «Шығыстүсмет», «ТМК», «ҮМЗ», «Азия Авто», «АES Өскемен ЖЭО» сынды кәсіпорындар облыс әкімдігімен жұмысшылардың еңбек құқықтарын және кепілдіктерін қамтамасыз ету, өндіріс көлемін тұрақтандыру бойынша меморандумдар қабылданды.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button