Білім

Дәстүрлі және онлайн оқытудың сабақтастығы

Еліміздегі білім беру жүйесі биылғы наурыз айынан бастап өзгерістерге ұшырады. Соған сәйкес мектептердің де оқыту жүйесі қайта құрылды.

Әдеттегідей таңғы уақытта үйлерінен шығып, ауылдағы ең үлкен ғимарат – мектепке ағылатын оқушылар төртінші тоқсанда қашықтан білім алды. Жаңа қарым-қатынас қашанда жас жеткіншектердің қызығушылығын тудыратыны рас. Жаңа топтар құрылып, жаңа чаттар ашылды. Күнде көріп жүрген ұстаз аға-апайлардың  бейнесін телефон мен ноутбуктан көріп, дауысын құлаққаптан еститін болды.

Қашықтан оқытуға байланысты сабақ барысында біраз өзгерістер болды. Мысалы, мұғалім дыбыстық хабарламалар жіберіп, бейнеролик жүктеп, слайдтардың көмегімен тақырыпты әрбір білім алушыға сапалы жеткізуі керек болды. Ал оқушылар кері байланыс ретінде тапсырманы орындап, оның нәтижесін ғаламтордың мүмкіндіктерін пайдалана отырып фотосурет, дыбыстық хабарлама, тағы да басқа байланыс құралдары арқылы жіберіп отырды.

Қуанышымызға орай, биылғы оқу жылын Зайсан ауданындағы Көгедай орта мектебі дәстүрлі оқу жүйесімен бастады. Білім алушылар саны 130 оқушы болғандықтан, барлық санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтай отырып, штаттық режимде жұмыс істеп жатырмыз.

Ұзақ жылдар мектепте ұстаз болып қызмет еткен маман ретінде өз тәжірибеме сүйене отырып айтар болсам, қашықтан оқыту да дәстүрлі оқыту да отандық білім саласында өз орындарын тең дәрежеде алған үрдіс екендігін дәлелдеді. Бұл екі түрлі білім беру жүйесі де балаларға сапалы білім беруге қызмет ете алады. Әлемді жайлаған СОVID-19 індеті жүріп жатқан осы бір қиын-қыстау кезде онлайн оқудың біздің білім саласына бергені өте мол деп сеніммен айтуға болады.

Үй жағдайында білімнен қол үздірмей, сапаны да төмендетпей, интернеттің нашарлығына да қарамай, қаншама мұғалім қажырлы еңбек етті. Әлі де маңдай терін төгуде. Шығармашылықпен жұмыс істейтін кейбір ұстаздар тіпті онлайн оқытудың қыр-сырын терең зерттеп, үлкен жетістіктерге жетіп, тәжірибе алмасуда. Оқушыларының табыстарымен де мақтана алады.

Онлайн оқытудың кейбір элементтерін өзім де офлайн оқыту барысында қолданып жүрмін. Соның бірі – қашықтан оқыған кезде құрылған чаттарды сақтап, тиімді пайдалану. Мысалы, көркем оқу тапсырмасын өте жақсы орындаған баланың жауабын дыбыстық хабарлама арқылы сыныптың немесе ата-аналардың тобына саламыз. Үлгі ретінде  басқа оқушылар бос уақытында тыңдаса, ал ата-анасы баласы үшін бір сәт қуаныш сезімінде болады. Бұл тәсілдің тағы бір пайдалы жағы, қандай да бір себептермен сабаққа қатыса алмаған оқушы үшін де керекті ақпарат ретінде қызмет етеді.

Оқушылардың бойына ғылымның негіздерін орта мектепте барынша сапалы сіңіруде оқулықтардың алатын рөлі орасан зор екені белгілі. Қазір негізінен «Атамұра», «Көкжиек» баспалары шығарған оқулықтармен оқытып келеміз. Оқулықтар уақыт талабына сай, жаттығулары жеткілікті, барлық ғылыми, дидактикалық қағидалар сақталған. Бұл – аталған баспаларшығарып жатқан оқулықтардың жақсы қырларының біразы ғана.

Үлкен жетістік ретінде «Көкжиек» баспасының оқулықтарына QR код енгізілгенін атап айтар  едім. Әдеби шығарманы осы код арқылы телефондағы арнайы бағдарламаның көмегімен кәсіби көркемсөз оқу шеберінің орындауында тыңдау үлкен жетістік деп есептеймін. Диктордың немесе актердің орындауындағы көркем шығарма тыңдаушыға ерекше әсер ететіні айтпаса да түсінікті.

Бастауыш, орта және жоғарғы сыныптарға арналған оқулықтардағы кездесуі мүмкін кейбір қателіктер болса, оны пән мұғалімі шығармашыл, ізденімпаз ұстаз ретінде зерттеп, редакторлап жіберуі қажет деп есептеймін.

Мысалы, бастауыш сыныптардың оқулықтарын қарастырып көрейік.  «Орыс тілі» пәні бойынша 1-сынып оқулығында «Моя Родина – Казахстан» тақырыбының сабағында «Филин» деген өлең берілген. Мен оны «Наш флаг» деп ауыстырдым, себебі Отан туралы патриоттық тәрбиеге ұштастыру қажет болды. Немесе осы оқулықтағы «Дене мүшелері» тақырыбы бойынша берілген суреттерді ауыстырдым. Себебі «Түтіні бұрқыраған кеменің адаммен қандай ұқсастығы бар?» деген сұраққа балалар «мұрын» деп жауап бере алмады, темекі шегіп тұрған адамға ұқсатты. Осындай тез арада алмастырып жіберуді талап ететін кішігірім өзгерістерді мұғалім сезіп, өзі алмастырып отыруы қажет деп есептеймін. Ұстаздардың бірінші көмекшісі пән оқулығы болғандықтан, ондағы материалдарға мұқият болайық.

Қорытындылай келе, білім алу жолында дәстүрлі оқу  мен онлайн оқу да өміршең екендігіне көзіміз жетті. Шәкірттеріміздің заман талабына сай білімді, жан-жақты тұлға болып қалыптасуына дәстүрлі оқытумен қатар онлайн білім алудың да көмегі мол дегім келеді.

Шолпан Тұрысбекова,

Көгедай орта мектебінің жоғары санатты мұғалімі

Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button