Білім

Дәстүрлі форматқа көшуге де әзір

     Бүгінгі күні облыстың 52 елді мекенінде интернеттің жылдамдығын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 136, 6 миллион теңге бөлінген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде 2020-2021 жаңа оқу жылында оқу процесін ұйымдастыру бойынша өткен онлайн брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова мәлім етті.

Өңірде 271 мектептің оқушылары қашықтан білім алуда.  Бұл мектептердің барлығы цифрлы білім беру платформаларымен қамтамасыз етілген. 225 мектеп Оnline mektep.kz, 42 мектеп  Daryn.online. kz, 2 мамандандырылған мектеп Edupage.kz платформасы арқылы білім алуда. Қашықтан оқытуға арналған бұл білім платформаларын әр мектеп өзі таңдаған.

– Мен бұл платформалардың мазмұнын қарап шығып, мектептегі оқу бағдарламасын толық қамтитынына көз жеткіздім, – дейді білім басқармасының басшысы.

Сонымен қатар оқушылар үшін «Балапан», «Еларна» арналары арқылы да  білім алу мүмкіндігі  қарастырылған. Телесабақтардың кестесі білім басқармасының әлеуметтік желідегі парақшасында күнделікті жарияланып отырады.

Жаңа оқу жылының алғашқы күні Оnline mektep.kz порталында біраз қиындық туындаған. Бірақ кейін тез қалпына келтіріліпті. Жалпы, Оnline.mektep.kz платформасына облыс бойынша 13 мыңнан астам мұғалім, 122 мың оқушы тіркеліпті. Бұл білім платформасының көмегімен күніне 33 600 сабақ өтіледі. Жаңа оқу жылының алғашқы күнінен бастап бейнеконференция байланысы режимінде  7 200 сабақ жүргізілген.

Кundelik.kz. электронды жүйесі өңірдегі 647 мектеп үшін қолжетімді. Жүйеде 25 мың мұғалім, 192 оқушы және 154 мың ата-ана тіркелген. Аталған платформалардың жұмысын үздіксіз жүргізу үшін «Bilim Media Group» және  «Daryn.online» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері облыс аумағында серверлер орнатқан. Білім басқармасының басшысы платформалардың толық қызмет көрсетуің өзінің жеке бақылауында екенін жеткізді.

– Біз астанада болған жағдайды білеміз. Онда оқыту кезінде білім платформасына бөгде адам кіріп кеткен болатын. Бізде мұндай оқиға болған жоқ, – деді С.Жұмаділова.

Басқарма басшысының айтуынша, кезекші сыныптардағы оқу барысында барлық санитарлық талаптар толық сақталады. Мектепке кірерде әр оқушының дене қызуы өлшеніп,  қолдары антисептикпен залалсыздандырылады. Мекеме ішінде де әр екі сағат сайын тазалық жұмыстары жүргізіледі.

– Бүгінгі күні облыстың барлық мектебі дәстүрлі форматта білім алуға көшуге әзір. Нақты шешімді еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері шығарады. Егер білім берудің дәстүрлі форматына көшетін болсақ, мектеп асханалары да жұмыс істейтін болады, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button