ҚоғамТОП

ЧЕМПИОНДАР ШЫҚҚАН МЕКТЕП

Риддер қаласындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Қуаныш Баяндин еліміздің шығысындағы байырғы оқу орнының 1972 жылы құрылғанын, спорттың 22 түрі бойынша жастарды тәрбиелеп жатқанын тілге тиек етті.

Бұл күндері аталмыш мектепте бокс, волейбол, еркін күрес, жеңіл атлетика, сноуборд, тоғызқұмалақ, көркем гимнастика, триатлон, басқа да үйірмелер жұмыс істеуде,  120 топта 1341 бала жаттығуда. Оқу орнының иелігінде «Сокол» стадионы, спорт модулі бар. Стадионда барлық жағдай жасалған. Биатлон, шаңғы қоссайысы, шайбалы хоккей, тау шаңғысы және сноубордпен шұғылданатындар осы жерде жаттығады екен. 2017 жылы пайдалануға берілген модульде қол күресі, карате, футбол, гандбол, жеңіл атлетика, триатлон, үстел теннисі спортымен айналысатындар алаңсыз жаттығып жатыр.

–  Өткен жыл біз үшін табысты болды, – дейді спорт мектебінің директоры Қуаныш Сіләмханұлы. – Шәкірттеріміз екі Әлем, бір Азия чемпионаттарына қатысып, табыспен оралды. Атап айтқанда, қол күресінің Әділжан Дүсіпов басқаратын үйірмесіндегі  бірнеше жас  Әлем, Азия чемпионаттарында жүлдеге ие болды. Николай Мырзагараев деген жігіт үш құрылықтың жеңімпазы атанды. Никита Хомутовский, Хамза Жасұлан намысты қолдан бермей, жүлдемен оралды. Ауданбек Данияр параспорттан өткен ел біріншілігінде қатарынан үш дүркін чемпион атанды. Бапкер Әділжанның арманы асқақ, шәкірттерінің Олимп шыңынан көрінуі үшін жан аямай еңбек етуде. Каратеден Литваның Вильнюс қаласында жалауы желбіреген Әлем чемпионатында Айзере Құрманова қола медальды иеленді. Тағы бір шәкіртіміз Бекқазы Дарын Қарағандыда каратеден өткен Азия чемпионатында 65 келі салмақта қарсыластарын қоғадай жапырып, алтыннан алқа тақты. Әмина Жанысова мен Ольга Бирюкова жеңіл атлетикадан  алтын, күміс алқаны олжалады.

 

–  Ал енді 2022 жылы шәкірттеріміз бағындырған биіктіктер жайлы айта кетейін, –  деп сөзін жалғастырды спорт мектебінің директоры. –  Биыл да тамаша нәтиже көрсеткендер қатарында Новосібір қаласында сноубордтан екінші орын алған В.Рожинаны атап кеткен орынды. Ал В.Викторова төртінші орынға табан тіреді. Көктемде табиғаты тамылжыған Алтай Альпісінде таудағы слаломнан жастар арасында Қазақстан чемпионаты өтіп, дүбірлі жарыста Е.Рожина, В.Рожин, А.Гафарова бірінші орынды иеленсе, Р.Шарапов, А.Бородин, В.Савицкая-екінші, ал Е.Шипулина, А.Болгаров, В.Викторова  –  үшінші орынға табан тіреді. Сәуір айында Өзбекстанның Самархан қаласында қол күресінен Азия чемпионатының жалауы желбіреді. Бұл дүбірлі жарыстан да жерлестеріміз жеңіспен оралды. 85 келі салмақта өнер көрсеткен Жасұлан Хамзаев,  70 келіде Николай Мырзагараев  алтыннан алқа тақса, Никита Хомутовский күміспен күптелді. Семей қаласында дзюдодан өткен дүбірлі додада Ұлжан Нұржанов алтын, Төлеухан Самат күміс медальды иеленді. Өскеменде еркін күрестен 23 жасқа дейінгі жастар арасында жалауы желбіреген республикалық турнирде Мұхамедәли Қабиболданов  –  алтын, Дәурен Сүлейменов – қола алқаға қол жеткізді. Мұндай мысалдарды жүздеп келтіруге болады.

–  Біз Риддер спорт мектебінде ұзақ жылдар жаттығып, байрақты бәсекелерде ел намысын абыроймен қорғаған саңлақтарымызды мақтан тұтамыз, –  дейді Қуаныш Сіләмханұлы. – Олег  Болтиннің есімі бүкіл елімізге жақсы таныс. Ол біздің мектепте жаттығып, Азия, халықаралық жарыстарда жүлде терген саңлақ. Кез келген адам мақсат қойып, ізденсе, ерінбей жаттықса, биік белестерді бағындыра алады. Мысалы, Болтин шеберлігін республикалық спорт колледжінде, Жапониядағы Яманачи университетінде шыңдады, өзіне жүктелген сенімді ақтады. Қазір жерлесіміз ұлттық Олимпиада комитетінде еркін күрестен нұсқаушы болып еңбек етуде. Артем Резников, Айбар Жылқыайдаров, Родион Анчугин, Никита Федоров, Екатерина Глазкова, Арина Гладышева сияқты түлектеріміз де спортта тамаша нәтижелерге қол жеткізді. Міне, осы саңлақтарға ұқсағасы келіп, тынбастан жаттығып жүрген көкөрім түлектерден күні ертең мықты спортшылар шығатыны сөзсіз. Айта кеткен жөн, Риддер қаласының әкімі Дмитрий Горьковой да спорттың нағыз жанкүйері, шаһарда өткен жарыстарды бос жібермейді, бізге үнемі көмектесіп, жағдай жасайды. Мектепті жөндеуге қаржылай қолғабыс жасайды.

Иә, атағы алысқа кеткен Риддер спорт мектебінің, оның басшысы Қуаныш Баяндинның,  ұстаздардың сөзі мен ісінде алшақтық жоқ екеніне кәміл сенеміз.

Оңдасын Елубай

Риддер.

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button