Қоғам

Челябі облысымен ынтымақтастық жөнінде келісімге қол қойылды

Челябі облысымен ынтымақтастық жөнінде келісімге қол қойылды

Атырау қаласында Қазақстан мен Ресей Федерациясының Мемлекет басшылары Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ пен Владимир ПУТИННІҢ қатысуымен «Көмірсутек саласындағы инновациялар» тақырыбындағы ХІ өңіраралық ынтымақтастық форумы аяқталды. Аталған форумға облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ бастаған шығысқазақстандық делегация да қатысты.
Биылғы форум еліміздің экономикасының күретамыры саналатын, пайдалы қазбамыздың аса маңыздысы – мұнай саласына арналды. Ауқымды басқосуда мұнай-газ саласына инновациялық технологияларды енгізу, осы салада Қазақстан мен Ресейдің тәжірибе алмасуы, ең бастысы, қос елдің кәсіпорындары арасындағы өңіраралық ынтымақтастықты арттыру секілді маңызды мәселелер жан-жақты талқыланды.
Облыстық ақпараттық орталықтың таратқан деректеріне сүйенсек, форум барысында облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ пен Ресей Федерациясының Челябі облысының губернаторы Борис ДУБРОВСКИЙ ынтымақтастық жөнінде келісімге қол қойған. Қос өңірдің басшылары сауда, экономика, ауыл шаруашылығы, ғылым, технология, білім мен мәдениет саласындағы әріптестікті арттыру жөнінде уағдаласты. Жоғарыдағы келісім аясында алдағы уақытта қос өңір арасындағы сауда-саттық көлемін арттырып, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, мәдени және гуманитарлық саладағы әріптестік байланыстарды нығайта түсу көзделіп отыр.
Айта кетейік, форум барысында 12 халықаралық келісімге қол қойылды.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button