Экономика

Чехтар өнеркәсіп саласындағы әріптестікке ниетті

 Чехтар өнеркәсіп саласындағы әріптестікке ниетті


Чех Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рудольф Гикл аймаққа сапары барысында облыс әкімі Даниал Ахметовпен кездесіп, тау-кен өндірісі және сауда-экономика салаларындағы әріптестік мәселелерін талқылады.

– Біздің ынтымақтастық ниетіміз негізінен қос мемлекет арасындағы экономикалық байланыстарды арттыруға бағытталып отыр. Сіздердің пайдалы қазбаларға бай өңірлеріңіз Қазақстанның ірі өнеркәсіптік орталығы саналатынын жақсы білеміз. Менімен бірге осында бірнеше чехиялық компаниялардың өкілдері келіп отыр. Олар әртүрлі салада, негізінен өнеркәсіпте Сіздермен әріптестік орнатуға ниетті, – деді елші мырза.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов мәртебелі меймандарды өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайымен таныстырып, облыста қазіргі уақытта металлургия, тау-кен өндіру, атом өндірісі саласын дамытудың оң динамикасы қалыптасқанын атап өтті. Оның ішінде біздің аймақ бұған дейін де чехиялық серіктестермен машина жасау, ауыл шаруашылығы, қаржы және сақтандыру қызметі салаларында тұрақты қарым-қатынас орнатып үлгерген.

– Бірінші кезекте біздің еліміз Чех Республикасында өндірілетін ауылшаруашылық өнімдерін көп тұтынушылардың бірі екендігін атаған орынды. Мысалы, шығысқазақстандық фермерлер соңғы уақыттарда Сіздің елде өсірілген ірі қара малдың симменталь тұқымын әкеліп, осында өсіруге қызығушылық танытып жатыр. Олар жергілікті климатқа тез бейімделетін тұқымның өнімділігін жоғары бағалап отыр, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Сонымен қатар біздің өңірдің туристік әлеуеті, оның ішінде медициналық туризмнің болашағы зор екендігін, алайда тиісті деңгейде игерілмей жатқандығын атаған облыс әкімі екіжақты әріптестіктің аясында саланың дамуына жаңа серпін беруге болатындығына да тоқталып, қонақтарды уақыт тауып Шығыс Қазақстанның әсем табиғатымен кеңірек танысып қайтуға шақырды.

Өз кезегінде чехиялық кәсіпкерлер Шығыс Қазақстанда аграрлық салада орнаған байланысты нығайта түсуге, өңірге жаңа технологияларды, тау-кен өндірісі жабдықтарын жеткізуге ниетті екендіктерін жеткізді.

Сондай-ақ кездесу барысында Рудольф Гикл азаматтық авиация саласында да бірлескен жұмыстарды қолға алуға болатындығын атап, аймаққа ультра жеңіл ұшақтарды әкелуге, көшелік жарықтандыруға және трамвай көлігін жүргізуге қатысты ортақ жобаларды іске асыруға болатындығын ортаға салды. Оның айтуынша, жақын арада «Скат» әуе компаниясы «Астана – Прага» бағытында әуе рейсін ашпақ. Сондай-ақ чех кәсіпкерлері бұған дейін Өскемен қаласының көшелерін жарықтандыру жұмыстарына да қатысқан екен.

– Біз тау-металлургия кешенінде, машина жасауда, тағам өнеркәсібінде және ауыл шаруашылығында бірлесіп атқаруға болатын мүмкіндіктерді ұсынуға дайынбыз. Сіздер ұсынған өзге де жобаларды тиянақты қарастыруға және ары қарайғы серіктестік қарым-қатынасты да талқылауға әзірміз, – деді кездесу барысында облыс әкімі Даниал Ахметов.

Тараптар арасындағы ресми кездесуден соң елші мырза Рудольф Гикл және онымен бірге келген чехиялық кәсіпкерлер облыс орталығындағы бірқатар өндіріс орындарында, чехиялық «Skoda» автокөлігінің бірнеше түрі шығарылатын «Азия Авто» кәсіпорнында болып, жұмысымен танысты.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button