Мәдениет

Чарли Чаплин мен Шрек мұражайға келді

Чарли Чаплин мен Шрек мұражайға келді

Өскемендегі тарихи-өлкетану мұражайына Санк- Петербург қаласынан балауыз мүсіндер әкелінді.
Көрмедегі мүсіндердің барлығы гиперреализм әдісі бойынша жасалған. Гипперреализм ағылшын тілінен аударғанда, фотореализм деген мағынаны білдіреді. Ол нысанаға алынған заттың сырт көзге байқала бермейтін тұстарын өзгертусіз сол қалпында суреттелуіне, болмаса адамның мүсінін жасағанда әр тал шашынан бастап, бетіндегі әжімдеріне дейін айна-қатесіз сомдалуын қажет ететін өнер түрі болып саналады. Бұл жанр суретте де, мүсін жасауда да көрініс табады. Гиперреализм жанрымен салынған суреттен жай фотосуретті ажырату қиынға соғады. Дәл сол сияқты осы өнермен жасалған мүсін де жансыз заттың нақ өзіне жан бітіріп, көз алдымызға жанды дүниені алып келеді. Бұл өнер түрі санаулы елдерде ғана бар. Сирек кездесетін өнер түрімен елімізден қостанайлық Айдос Есмағамбетов те айналысып жүр. Ол осы өнердің арқасында Елбасының мүсінін айнымастай етіп жасап шыққан болатын.
Санк-Петербургтен әкелінген мүсіндердің қай-қайсын алып қарасаңыз да олардың жасалуына жылға жетерлік уақыт сарп етілген. Соның жемісі болар, мұражайда тұрған барлық мүсін шынайы көрінеді. Мұнда барлық жиыны 48 балауыз мүсін бар. Олардың ішінде аты әлемге әйгілі саясаткерлер, танымал тұлғалар, кино актерлері, дүниежүзі бойынша рекордтар кітабына еңген ең алып адам Бастер Симкус пен бойының ұзындығы 2 метр 46 см-ге жететін қытайлық Чжао Ляна мен кино актерлерінен Чарли Чаплинді көресіз.
-Көрме ақпан айының сегізі күні ашылды. Әзірге келушілердің қатары саябырлаған емес, – дейді мұражай директоры Жетпіс Темірғалиұлы.
Мұнда балаларға арнаған тосынсый да жоқ емес. Олар қызыға қарайтын мултьсериалдардағы «Шрек», әрқашан көңілді жүретін Буратино мен мыстан кемпір, қаhарман Бэтмен, Джек Ворбей де осында.
-Маған көрмеден, ертегілер мен мультсериалдардағы кейіпкерлердің образы ерекше ұнады. Оларды жақыннан көріп, сол әлемге еніп кеткендей болдым. Балауыздан жасалған мүсіндердің шебер жасалғаны соншалықты, келушілерді бірден еліктіріп әкетеді екен, – деп Шалқар Болатқанұлы көрмеден алған әсерімен бөлісті.

Алтынай Асқарқызы

Осы айдарда

Back to top button