Экономика

Біздің жобалар үлгі етіп алынады

Біздің жобалар үлгі етіп алынады

Өскеменде «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» Заңды талқылаған аймақтық семинар өті. Жаңа құжаттың негізгі мазмұнын Павлодар және Шығыс Қазақстан облысының өкілдеріне Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Марат Құсайынов пен ведомствоның өзге де мамандары таныстырды.
Облыс әкімінің орынбасары Қуат Тұмабаев аталмыш Заңның өңір экономикасына серпін беретінін айта келе, екіжақты серіктестіктің жаңа деңгейіне кіретін жобалар облыста қолға алына бастағанын атады.
-Өскемен және Семей қалаларында 11 балабақшаның құрылысы осы жаңа Заң аясында жүзеге аспақ. Қос қалада екі бірдей медициналық мекемені де мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салу жоспарда бар, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Шығыс Қазақстанның бұл тұрғыда еліміз бойынша көшбасшы болып отырғанын Марат Құсайынов та атады.
-Облыстарыңыз мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаттарын іс жүзінде сәтті пайдаланып отыр. Тек екі қалаға салынатын балабақша жобаларының құнының өзі 6,8 млрд. теңгеден асады. Бұл заң Мемлекет басшысы жариялаған 100 нақты қадамның 34-тармағына сәйкес дайындалды. Барлық облыстарда оны жүзеге асырудың өңірлік жол картасы жасалуы керек. Картаны дайындауға министрліктің «Ақ кітап» жобасы негіз болады. Аталмыш жоба бойынша заңды жүзеге асырудың үлгілік құжаттары, заңдық және қаржылық сараптамалары дайындалып, барлық облыстарға таратылады. Шығыста қолға алған балабақша құрылысының жобалары да өзге облыстарға үлгі ретінде көрсетілетін болады, – дейді бірінші вице-министр.
Бірінші вице-министрдің айтуынша, әріптестік жобаларын жүзеге асыруды жылдамдату мақсатында құжаттық кедергілерді қысқартуға мән беріліп отыр. Ол үшін барлық ұсыныстар «Бір терезе» қағидатымен қабылданады. Сондайқ-ақ, үлгілік құжаттама негізінде іске асырылатын құны 4 млн айлық есептік көрсеткішке дейінгі (8,4 млрд. теңге) жобалар бойынша ұлттық кәсіпкерлік палата тізілімі негізінде алдын ала біліктіліксіз және сараптамасыз конкурс өткізіледі.
Марат Құсайынов мемлекет пен жекеменшіктің әріптестігі бүгінгі таңда өзара тиімді, ұзақ мерзімді ынтымақтастықты құру арқылы әлеуметтік маңызды жобаларды іске асырудың шынайы баламасы екендігін атап өтті.
Бұдан кейін сөз алған министрліктің тағы бір өкілі Нұрым Аязбаев ірі ауқымдағы концессиялық және инвестициялық жобаларға Еуропа даму және қайта құру банкі, Азия даму банкі, Дүниежүзілік банк сынды ірі институттар қатысатынын айтады. Бюджеттік инвестициялар мен мемлекеттік-жеке-меншік әріптестікті дамыту департаментінің директоры жаңа заңды қолданыстағы Концессия туралы заңның толықтырушысы деп айтуға болатынын жеткізді. Жаңа құжатта «қолжетімділік үшін өтем» деген ұғым бар. Бұл төлем түрі табысы аз әлеуметтік мекемелерді салу және пайдалану жобаларына қатысты. Мұндай мекемелерді қолданысқа енгізіп, басқарғаны үшін мемлекет тарапынан сыйақы төлеу қарастырылған. Ал «тұтыну кепілдігі» мекеменің жобалық қуаты мен өндірістік қуаты сәйкес келмей қалған жағдайда арадағы айырмашылықты мемлекет есебінен төлеуге кепілдік береді. Мысалы, жоба бойынша балабақша 280 орынға шақталғанымен, оған 240 бала ғана келген жағдайда, қалған 40 орынды ұстап, сақтаудың шығынын мемлекет өтейді. Екіжақты әріптестік аясында жүзеге асатын жобаларға конкурс жариялау тәсілі де жаңа заң аясында түрленген. Мәселен, құрылымы жағынан күрделі әрі бірегей жобалардың конкурсы екі кезеңде жүргізіледі. Ең бастысы, жобаны жүзеге асыру барысында валюта бағамымен қатысты шығынды мемлекет толтыруға міндеттеледі. Ал қаржылық капиталы өте ауқымды, балама ұсыныстары жоқ жобалардың қатысушысы тікелей келісім арқылы, конкурс өткізбей-ақ анықталады. Бұл жерде валюта бағамына қатысты мәселелер халықаралық арбитраж арқылы шешіледі.
Бұған дейін мемлекет пен жекеменшіктің арасындағы әріптестік жобалар білім беру, денсаулық сақтау, энергетика, транспорт, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларын ғана қамтыса, жаңа құжат экономиканың барлық саласына жол ашқан. Осының арқасында әріптестік аясында салып, басқаруға берілетін нысандар тізбесі кеңейіп отыр. Бұрын екіжақты әріптестікке мемлекеттік орган мен бизнес нысаны ғана қатысса, бұдан былай қаржылық ұйымдар мен квазимемлекеттік нысандар да араласады. Квазимемлекеттік нысандар ретінде республикалық деңгейде Ұлттық компаниялар іске араласса, жергілікті деңгейде коммуналдық кәсіпорындар атсалысады. Заңның тағы бір жаңалығы, әріптестік жобаны бизнес өкілі де ұсына алады. Бұған дейін ұсыныс тек мемлекет тарапынан берілетін. Аталған департамент директорының орынбасары Нұрлан Шоқпарбаев заң қолданысқа енгелі өңірлерден 103 жобаның ұсынысы түскенін айтады. Оның 11-і Шығыс Қазақтанға тиесілі.
Жаңа Заң ғимараттарға, құрылыстарға, ақпараттық жүйелерге тауарларды және көрсетілетін қызметтер мен жұмыстарды дәстүрлі сатып алудан жеке секторға сервистік функцияларды беру арқылы сервистік модельге өтуге мүмкіндік береді. Ал мемлекет тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сатып алу мерзімі ұзақ болуына кепілдік береді. Сервистік байланыстар денсаулық сақтау саласында – зертханалық сараптау, тамақ өнімдерін жеткізу, білім беру саласында –ақпараттық жүйелерге, байланыс, техника құралдарына қызмет көрсету, конференция-залдарын, оқу аудиторияларын жарықтандыру жұмыстарында пайдаланылады.
Семинар барысында министрлік өкілдерінен бөлек, сарапшылар да өз пікірлерін білдіріп, ұсынылған жобалардың мүмкіндіктерін талдады. Нәтижесінде семинарға қатысушылар жаңа заң бизнеске де, мемлекетке де тиімді деген тоқтамға келді.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button