Білім

Біздің облыстың екі мұғалімі «Жылдың үздік ұстазы» атанды

Біздің облыстың екі мұғалімі «Жылдың үздік ұстазы» атанды
Мұғалімдердің кәсіби мерекесі қарсаңында еліміздің Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіпов республика педагогтары арасында өткізілген жыл байқауының жеңімпаздарын анықтап, аталмыш министрліктің тағайындаған наградаларын салтанатты түрде табыс етті.

Биыл өткізілген дәстүрлі жыл байқауына еліміздің түкпір-түкпірінде қажырлы еңбек етіп жатқан бес мың педагог қатысып, бақ сынаған болса, соның 47-сі жеңімпаздар қатарынан көрініп, мерейлері үстем болыпты. Еңбектері еленіп, жұлдыздары жанған ұстаздар қауымының қатарында екі бірдей шығысқазақстандық педагог бар. Олар – Өскемен политехникалық колледжінің оқытушысы Әдемі Дайырбекова мен Бородулиха ауданындағы Камышенка орта мектебінің ұстазы Галина Сафронова.

Өскемендегі Ұлттық баспасөз клубында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының филиалы – облыстық педагогика қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтының ұйымдастыруымен республикалық «Жылдың үздік ұстазы» жыл байқауының жүлдегерлерімен «Ұстаз мәртебесі: Қалай оқытамыз? Нені оқытамыз?» атты брифинг өтті.
Брифингке аталмыш институт директоры С.Байхонова, Шығыс Қазақстан облысы бойынша білім беру саласын бақылау департаментінің директоры Б.Данияров, Өскемен политехникалық колледжінің директоры И.Исин, Бородулиха аудандық білім беру бөлімінің бастығы Н.Көкшебаева, сондай-ақ, журналистер қатысты.
Жиын барысында жүлдегер ұстаздар өздерінің сабақ жүргізу әдістемелерімен, шығармашылық жұмыстары мен тәжірибелерін ортаға сала отырып, қойылған сауалдарға жауап берді.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button