Мәдениет

Біз көп едік…

Біз  көп  едік…


Иә, біз өзара жарасымды бір отау едік. Желпіністі жастық көңіліміздің керегесі бүгінгі «Дидар» газеті «Коммунизм туы» болып тұрған сонау 1958 жылы керіле бастады да, жеделдете уығы шаншылып, шаңырағы көтерілді. Редакция хатшылары алқасының (секретариатының) әдеби қызметкері менің Тарғын орта мектебінде бірге оқыған досым – фотограф Тоқан Берғалиев, ауылдас жолдасым, Алматыда оқыған суретші-мүсінші Талаптан Иманбаев үшеуімізге екі жылдан соң Рамазан Сағымбеков пен УаҺап Қыдырханұлы қосылды. Редакция ұжымын маман журналшылармен нығайтуды көздеген редакторымыз Бейсенғали Тәйкіманов Алматыдағы әріптестерімен сөйлесіп, Қазақ радиокомитетінен Рамазанды (қарағандылық), «Лениншіл жас» газеті редакциясынан УаҺапты (зайсандық) бізге ауыстырып алды. Екеуі де дипломды журналшы екен, іске ынталана кірісіп, ортақ мүдде игілігіне орай жұмыс істеп, көшіміздің жүрісін жылдамдатуға үлес қоса бастады. Бейсекеңнің де, ұжымның да сенімін ақтағандары анық байқалған мезетте Рамазан жауапты хатшы, УаҺап мәдениет және тұрмыс бөлімінің меңгерушісі қызметтеріне жоғарылатылды. УаҺап бір айдан кейін әдебиет үйірмесін ұйымдастырып, газет оқырмандары арасындағы талапты жас ақын-жазушылармен байланыс орнатты.

Біз  көп  едік…

Жас мөлшеріміз қарайлас болған соң қалжыңымыз кемерлесіп, мен Рамазанды «Жауапсыз хатшы», «Сұлу», УаҺапты «Шырайлым», Тоқанды «Великий лектор», Талаптанды «Тапай» деп атап жүрдім.

1960 жыл туа Алматыдан бізге тәжірибе жинақтау мерзіміне уақытша қызметке Мұрат Қашқарбаев деген жігіт келді де, ақырында редакцияның еңбекші хаттары бөлімінде әдеби қызметкер болып тұрақтап қалды.

Сөйтіп, алтауымыздың отауымыз ішкі-сыртқы тірлік-тіршілігі бір үлкен үйге айналды. Не сенбі, не жексенбі күндері бәріміз бала-шағамызбен кезек-кезекпен бір отауда бас қосуды дәстүрге айналдырдық. Әңгімеміз, әзіл-күлкіміз бір арнада тоғысып, келіншектеріміз абысындай, балаларымыз ағайындардай болып, қымбат сәттеріміз көбейе берді.

Алайда, арада үш жыл өте бере Рамазан мен УаҺапты Алматы қайтып алды. УаҺап «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеті редакциясының ауыл шаруашылығы бөлімінің, ал Рамазан Республика радиокомитеті драма редакциясының меңгерушісі болды. 1966 жылдың қаңтар айында мен де Алматыға көшіп, «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясына орналастым.

Сәл шегініс жасай атап өтерлік бір жайт – «Коммунизм туының» жаңа қызметкері УаҺаптың әдеби тіл нәрі ерекше құнарлы екен. Ол жазған мақалаларды, очерктерді құмарта оқи бастадық, өйткені біраз жеке сөздері, сөз тіркестері, мақал-мәтелдері бізге таңсық болды. Орысы басым ортада туып-өскен біз ана тіліміздің астар-тысын жете аңдап айыра алмаған екенбіз. Ол тұста біздің кітапханаларда, кітап сатылатын дүкендерде, мысалы, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин сынды жазушыларымыздың да кітаптары болмайтын. Кейін тарихи қиссаларды, қазақ әдебиетінің шоқтықты шығармаларын оқи бастағанымда, УаҺаптың тіл көркемдігінің төркіні қайда екенін білдім.

УаҺаптың араб тілін еркін оқып, жазатынына да кейін куә болдым. Ол 1990 жылдың көктемінде Жазушылар одағына әлдебір шаруасымен келіп, маған жолығып (Көркем аударма және әдеби байланыс Бас редакциясының төрағасы едім), «Құран Кәрімді» қазақшалау қажеттігін дәлелдеп айтты. Құран одан бірер жыл бұрын қазақ тілінде алғаш Түркийәда Алтай Халифа ағамыздың аударуымен шыққан еді, бірақ меніңше, ол жолма-жол аударма (тәржімә) аясындағы еңбек еді, оқу, түсіну қиын. Сол себепті, ішкі есебім ішімде болды да, УаҺаптың ұсынысын бірден құптадым. Қастерлі іске ресми реңк беріп, комиссия құрдық. Аудару КСРО Жазушылар одағының мүшесі Қыдырханұлы Уаһапқа жүктелді. Ғылыми кеңесші – араб тілінің маманы, ғылым кандидаты Болат Көмеков. Қаулы қабылданды. “Жазушы” баспасына хат жазылды. Сөйтіп, «Құран Кәрім» 1991 жылы 100 000 дана болып басылып шықты. Қуана қолға алып, қызыға көз жүгіртсем – бір «жаңалығы» бар. «Аударғандар: Рәтбек қажы Нысанбайұлы, Уаһап Қыдырханұлы» деп тұр! Уаһаптың аударма қолжазбасын оқығанбыз, талқылағанбыз, ал Рәтбектің төбесін де, бір жапырақ қағазын да көрген емеспіз. Уаһапқа телефон шалып:

– Оу, жолдас, Құранның аудармашысы сен ғана едің ғой, Рәтбек мүфти қайдан пайда болды? – деймін.

– Е, оны «жоғарғы жақ айтты» деп Қалдарбек қостырды, көнбеп едім, болмады, – дейді. Қалдарбек Найманбаев баспаның директоры еді.

– Онысы жөн емес қой?!

– Ә, өтті – кетті…

– Рәтбектің жазып берген бір жол аудармасы болды ма?

– Жо-ға.

– Енді қалайша «аудармашы» делінді?!

– Өзім түсінбеген жиырма шақты сөздің мағынасын содан сұрап алған болатынмын, ол арабша оқыған.

– Сол үшін ғана қосалқы автор болса, онымен қоймай, аты-жөнін сенің аты-жөніңнің алдына жазып, бірінші аудармашымын деп жүрсе, бұл кәдімгі қиянат емес пе?І Мен мұны бұлай қалдыра алмаймын, Рәтбегіңнен аудармасының қолжазбасын талап етемін! – дедім, әділетсіздікке шыдамай.

– Қайтесің соны, жақсы атақты солар-ақ алсыншы, – деп Уаһап баяғы қойдан қоңырлығынан танбайды.

Әйтсе де, әділдікті іздеп, Р.Нысанбайұлына ресми хат жазып, аударма қолжазбасын әкеліп тапсыруды талап еттім.
Бір күні Уаһап телефон шалып:

–Жаңа ғана Рәтбек телефон соқты, сенен хат алғанын шошына айтып: «Ағатай, енді не істеймін? Өзің құтқара көр!» деп жалынды, соны қайтесің, қоя-ақ қойшы соларды, атаққа солар-ақ қарық болсын! – деп шаршағаны.

Сорақылық бір басталса, тоқтауы, тынуы қиын. Атаққұмарлықпен, пайдакүнемдікпен сабақтасса, ол адамгершілікті белінен бір-ақ опырып кете бармақ. Әлімсақтан мәлім жайт. Бір танысымның үйінде “Кто есть кто?! деген кітапты көріп, аударыстырып қарап отырсам, – уәйдә деген! – Рәтбек қажымыз ол жинаққа құранды қазақ тіліне тұңғыш тәржімәлаушы деп жалғыз өзі енгізіліпті. Ал керек болса! Әлде оған айтпастан енгізді ме екен? Құдай деген кісі ондай оспадарлыққа бармаса керек еді ғой?! Ол аз десем, ертеңінде “Вечерний Алматы” газетінде қажыекеңнің сұхбаты шыққанын байқап, алып үңіліп едім; Рәтбек мүфти құранды бірінші рет өзі аударғанын айтыпты. Мәссаған! Беу, қажы, иманың қайда?!. Газет редакциясымен дереу хабарласып, сұхбатшы тілшіге Құранды қазақшалау қашан, қалай ұйымдастырылғанын, заңды аудармашы белгілі жазушы Уаһап Қыдырханұлы екенін түсіндірдім, Уаһаптың телефонын беріп, өзінен сұрауын өтіндім. Рәтбек қажыға менен сәлем айтыңыз, жалған сөйлегенін қойсын, құдайдан қорықсын дедім. Сірә, ол әрекетімнің әсері болды-ау, бір аптадан кейін газет Рәтбектің аузына «Құранды Уаһап Қыдырханұлы екеуіміз аударғанбыз» дегенді салыпты. Мүфтиіміз әділдікке әлі де жуыр емес, тасқа басылып, кітаптың бетіне шыққан аты-жөнімді ешкім алып тастай алмайды деп, іштей күш көрсеткен күйі. Күшім бар деп шірене беру, шындықты аяқасты ету, әсіресе дін адамына жараспаса керек. «Құранды аударған жоқпын, аудармашыға кеңесші болдым» десе, мысалы, одан оның абыройы аспаса, әсте төмендемейтін еді. Ал Құранды қазақшалаудың түп-тамыры Алтай Халифа ақсақалда екенін білетіні де сөзсіз.

Сол күні УаҺапқа: – «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деп жүре бересің бе, «Құран Кәрімді» аударғаның жайындағы шындықты неге ашпайсың, неге мақала жазбайсың? – дедім. Ол ойланып қалды. Ертеңінде хабарласып, әрқашанғы инабаттылығы, кешірімділігі тағы тежеп, газетке мақала жазғысы келмейтінін, президент Нұрсұлтан Назарбаевқа «Құран Кәрімді» қайталап шығару жайында хат жолдайтынын, оған дейін әуелгі аудармасын қайта қарап, онда кеткен кейбір «әттеңдерді» оңдайтынын айтты. Хат жазу әрекетінің нәтижесі шығар, аудармасының жаңа нұсқасын республика Дін орталығы алдырып, сараптан өткізіп, сапасы да, УаҺап Қыдырханұлының жеке аудармашылық құқығы да мақұлданып, 2002 жылы «Дәуір» баспасынан: «Құран Кәрім. Қазақша мағына және түсінігі. Аударған – УаҺап қажы Қыдырханұлы. Қазақстан Республикасының мәртебелі Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа сыйы. Сатуға болмайды» делініп, 5000 дана таралыммен басып шығарылды. «Бұл жаңа аудармам – өмірімдегі ең елеулі еңбегім. Халқымның алдындағы бас парызымды өтедім деп білем!» – дедіУаһап.

Құранның жаңа басылымында өзінің аты-жөні жоқ екенін көрген «аудармашы» Рәтбек қажы болса, УаҺапқа телефон соғып: «Еңбегімді еш қылдың, сотқа беремін!» деп мөңкіпті. Соны маған күле айтқан УаҺапқа: «Рәтбекке менен дұғай сәлем. Ол сотқа менің одан «аудармасының» қолжазбасын талап еткен хатымның көшірмесі тапсырылады» дедім. Сот болған жоқ.

Бұл мақаламды оқыған жанның: «Автордың УаҺап Қыдырханұлы туралы айтуынан гөрі «мен» деуі басымырақ екен?» деуі мүмкін. Орынды күмән. «Құран Кәрімді» қазақшалауына қатысым болғандықтан, мәселенің мән-жайын тарата айтуым талап етілді. Жаратылысынан тым қарапайым, «мен» деп сөйлеу ғадеті жоқ УаҺап: «…Халқымның алдындағы бас парызымды өтедім деп білем» десе де, ол еңбегі жайында жазған емес. Ал көпшілік білуге тиіс пе? Әрине. Демек, бүгінде жасы 85-ке толып отырған қаламдасымның бұл ұлы еңбегін бірден-бір куә ретінде айтып берумен 58 жыл бойғы жолдастық, достық парызымды мен де өтедім ғой деймін.

УаҺаңның жазушылық, ақындық, тарихшылық қырлары оқырман қауымға мәлім. Кенді Алтай туралы жазған мақалалары мен очерктері, өлең-жырлары бірер кітапқа жүк, тек жинақталмай жатыр. Облысымыздың әкімдігі ұйымдастырған «Алтай – Ертіс» топтамасына 2010 жылы ұсынған қолжазбасы кітапқа айналмай қала берді. Неліктен? Әкімдік ләм демеді.

Қазақ әдебиетінің бір ақсақалы УаҺап Қыдырханұлының көркем дүниелері: «Шаңқай түс», «Таң нұры», «Тасқайнат», «Алтын ай», «Сағыныш саздары», «Әттең, Алтай-Марқакөл» және басқа туынды-жинақтары кезінде әдеби сыннан жоғары баға алды. Қазақ халқының тарихы, Қытайдағы қазақтардың тірліктері туралы шежіре әңгімелері, өзі Бас редактор болған халықаралық «Шалқар» газетінің оқырмандарымен сұхбаттары да мол. Шет елдердің танымал жазушылары шығармаларын қазақшалағаны өз алдына.

УаҺаңа шаршамай, шалдықпай, қаламын түзу ұстаған қалпында 100 жасауын тілей отырып, мақаламның тақырыбына оралсам, иә, біз көп едік… бірақ «жазмыштан озмыш жоқ» қой, өскемендік отауымызда бүгінгі күні Уахаң екеуіміз ғана бармыз. Алдағы жолымыздың өлшемі Алланың қолында.
«Дидардың» оқырмандарына, барша жерлестеріме айтарым: «Бас аман, ден сау болсын, ағайын!».

Ғаббас Қабышұлы
Алматы.

Осы айдарда

Back to top button