Руханият

Былғары табыт

Қазақтың қабырғалы қаламгері Асқар Алтай кезекті сүбелі туындысы  – «Былғары табыт» романының соңғы нүктесін қойды. Бұл  бүгінгі қазақ әдебиетіндегі табиғаты таңғажайып Марқа өңірі – Марқакөлдің арғы-бергі тарихына қатысты тұңғыш қалам тербелген кесек шығарманың бірі де бірегейі болары күмәнсіз.

Редакция алқасы жерлес жазушыны жаңа туындысымен құттықтап, жазған дүниелері парасат биігінен түспей келе жатқан талантты прозаиктің осы романынан үзінді жариялап отыр

 ЕКІНШІ БӨЛІМ

Ауыл үсті абың-күбің.

Былғары табыт ауылы бұрын-соңды бұлайша бұлан-талан болған емес. Бағзы замандарда болса болған шығар, бірақ бұған дейін жапырыла жінікпепті. Барын киініп, бақанын көтеріп шықпапты. Бөтен адам атын да естімеген, зәузатын да танымайтын ауыл еді.

Бәріне кінәлі – ауылдың іргесіндегі Былғары табыт обасы мен Жады Толик атанған Толғанбай… Әйтпесе барыс құйрықтана созылған Бөкенбай жалының Байдалы биігі етегін ешкім де ескере қоймаушы еді. Бар-жоғы жиырма шақты түтінді тәңірі де ұмыт қалдырған-ды.

Қызыл Керішке дейін Бөкенбайды бойлай жайылған Тақырдың ұлы жазығына жан біткендей жыбыр-жыбыр. Ағылған жеңіл көлік арысы Күршім мен Самардан, берісі Зайсан мен Тұғылдан келіп жатыр. Атқа мінісіп алған жастар қарасы тіпті мол. Олар жапсарлас жатқан Қалжыр, Теректі, Боран мен иықтас жатқан Қарой, Қайнар, Қалғұты секілді ауылдардан құйылуда.

Той десе – қу бас домалайды…

Былғары табыт ауылына Астана мен Алматыдан археологтар келіпті. Солар төбе-төбені қазады екен, алтын адам іздейді екен… Соған ақсарбас атап, Сұңғат бай-бизнесмен бәйге шаптырып, көк серке тарттырып, көкпар береді екен деген «ұзынқұлақ» жұртты жинап-ақ тастапты.

Қалжыр ауылында кешелі-бері аудан басшысы мен ауыл әкімқаралары күткен Мағдан Жұрағатұлы көңілі көл-жайлау еді. Тек анда-санда Аршын жарын ойлап, алабұртып қалатыны бар… Ондайда Дулат пен Сұңғат екі жақтап кеп тақымдап, әңгіме ауанын әрнеге аунатып, алаңдаған көңілін коньякпен басып тастайды. Коньяктың қызуы мен алқалы топтың мақтауы түнде Аршын сұлуды да ұмыттырып, балбырата масайтып, салқын үй, салулы төсекке жантайтып тынған.

Күн көтеріле қауқылдасқан жастар профессорды қалың тоғай көмкерген Қалжыр ауылынан тыр жалаңаш бөктердегі бір уыс Былғары табыт ауылына әкеліп, Ақжамбы ананың шар шаңырағында  тайшеке тартып, қой басын мүжітіп, көпшілікпен той қызығына кірісіп-ақ кетісті. Аудан басшысы мен шашбау көтеріп жүрген әкімқаралар түн ішінде тайып тұрысыпты.

Көкпар мен бәйге жарысқа дайындалысып, қарбалас басталып кетті…

Тысқа желпінісіп шыққан көппен бірге профессор да кең тыныстады.

– Дулат, – деген, – әлгі жеңгеңе хабарласа аламыз ба?

– Қазір аға! – деп, Сұңғат бұрын жауап берді. – Мен егерь досыма Темірге жаңа ғана хабарластым. Матабайдың биік шоқысына шығып, сізбен сөйлесуге күтіп отыр.

– Бәрекелде!

Профессор шын қуанды.

– Міне, телефоныңыз! – деп, Дулат та ұялы байланыс қорабын ұстата берді.

– «Алло! Алло! – деп профессор қалбалақтап, алақандай телефон қорабына кіріп кетердей сасқалақтады. – Аршын! Аршын!.. А-а.. а… Басқа адам ба? Иә! «Магда» де… ( Бір сәт дегбірсізденгеніне өзі де қысылып, сабырға келіп, арғы жақтағы дауысты күтті.) Иә, Аршынжан!.. Ботам! …Мен жақсымын. Давление… Өлшеген жоқпын. Қалыпты сияқты. Өзің ше? «Ауырып қалдым?.. Судан…» дейсің бе? Түспеуің керек еді. Тау басы. Су әлі салқын ғой… Көлге енді түспе, жаным! «Сағындым!» дейсің бе? Мен де сені… «Бүгін-ертең шыға алмаймын!.. Емделем» дейсің бе? …Емдел. Моншаға түс! «Ғазиз да ауырып қалды?..» Ой, күйсегеніңді ұрайын! «Темір күтіп жатыр…» Азамат екен! Сәлем айт! «Әйелі қарақат қайнатып беріп жатыр…» дейсің бе? Ести алмай жатырмын… Жөн. Жылы киін. Моншаға түсіп, терле, ботам!.. Біз бе? Бүгін емес… Ертең бастаймыз қазуды. Алматылық археологтар сияқты қазатын шығармын! Олар Тарбығатайда кірештеп ашқан… Сол тиімді. Оба үлкен, жатаған  емес екен… «Төбе» дейсің бе? Биік. Қолайлы… Сен әзірге асықпа, жаным?! Дулат бар ғой қасымда… Дәрімді қадағалайды. Рақмет, ботам!.. Әбден жазыл! Сұңғат өзі алып қайтады… «Ертең» дейсің бе? Жарайды. Мазаламаймын, ботам!.. Ертең осы уақытта. Жақсы, жаным! Осы уақытта хабарға шық! Ботам менің! Құшақтап сүйдім!».

Мағдан Жұрағатұлы ұялы телефонды өшіріп, Дулатқа бұрыла берді. Көңілі жайланып:

– Ал, жігіттер Былғары табыт көмілген төбеге тарттық! – деді жан-жағына асқақтай қарап.

Кешеден бергі атқамінерлер мен жұрттың кеу-кеуі де  ғалым кеудесін асқақтатып жіберіп еді…

Профессор момақан күйде томпайып жатқан төбеден бір жұмбақ жақсылықты ақ жүрегімен күтіп, Алтайға асыға жеткен еді. Алғаш телефонға түсірілген суретін доктаранты Дулаттан алдырғанда-ақ санасы сілкінгендей сыздап, көпті көрген жүрегі дүрсілдей соғып, өзін біртүрлі бақытты сезінген. Жақсылыққа жорып, ұлы жаңалық ашатындай күй билеп кеткен-ді сол бір сәт. Өмір бойы әлемді аузына қарататын ғаламат жаңалық ашсам деген ішкі бір түйсік пен аңсарлы арман Мағдан Жұрағатұлын алдағы күнге емексітіп, бар жақсылықты алдағы күннен күттіріп келе жатқан… Сол сәт жақын қалғандай бір ұшпа сезім билеп алған-ды.

Ол Алтайға – Марқа сұлуға келгелі алаң көңілі орнығып, өз-өзіне өте сенімді болатын. Арқадағы ақ шағала шаһардан да осы бір үміт пен  сенім алып-ұштырып жеткізген.

– Аға, көлікке отырайық, – деп Сұңғат өзі бастады.

– Жұрт та жиналып қалыпты. Көкпарды сағынған ғой. Көкпар мен бәйгені ұмытқалы қашан бұл өңір? – деп Дулат та қостай берді.

– Ұлттық дәстүрден ажырап барамыз… Сұңғат, сендей мырза жігіттер аман болсын! Салт-дәстүрді жаңғыртатын азаматтар керек. Қазақ қалаланып барады… Қазақтығынан да айырылып барады. Болашағымыз қалай болар екен? Қаланы қоныстанайық, даланы тастамайық… Дүркірете дамытайық! Онсыз қазақ жаны – жетім… болмысы – жұтаң… Шындық:

– Иә, аға! – деп Сұңғат та әңгімеге араласты. – Сізді пайдаланып, жұмыссыздық жайлап, жайдақ отырған жұртты бір желпінтіп алайын деп жасап жатырмын.

– Ісің алға бассын! Ниетің қабыл болсын! Азамат деген сен… Мына ел, жер сендей адамдардың арқасында есен-аман ғұмыр кешіп келеді, бауырым! Сендер аман болыңдар!

Кенет үйдің ығынан Толғанбай шыға келді. Қасында мақау Отан бар. Ол бірден Мағдан Жұрағатұлына қарай беттеді. Алдын кес-кестей берген Дулатты итеріп жібермек болып:

– Былай тұр! – деп күректей тарамыс қолымен жасқай берді.

Қазақтың кей ауылында кездесетін осындай мүскін, зиянсыз адамдарды профессор жақсы білетін.

– Жібер, Дулат! – деді жайбарақат. – Ассалаумалейкүм, ақсақал!

– Уағалейкүмсалам! Сенбісің Былғары табытты қазбақшы?

– … – Профессор үндемей, сөз соңын күтті.

– Қазба! Мен сияқты болып қаласың… Қарғысқа ұшырайсың! Мен қазғам… Кейпім мынау. Жаманшылық шақырма! Аруақты қозғама! Ренжиді!

Осы сәтте шошаладан шыққан Ақжамбы әже Толғанбайды байқап қалып, адымдай ұмтылды.

– Әй, Толғанбай! – деп, қаттырақ дауыс көтере келді. – Ұят болады! Қонақтан… Жүр былай! Тамақ ішеміз! Қане, алдыма түс!

Профессорға тұнжыр тартқан шүңет көздерімен сілеусінше қараған мылқау баланы Ақжамбы әжей алақанынан қыса ұстап, Толғанбайды алдына салып жөнелді. Ғалым таңырқап қалды. Толғанбай айтқан зілді сөздерді көңіліне алмаса да, тұнжырай қараған бала көзқарасы өңменінен өтіп кеткендей болды.

Еріксіз:

– Мына бала кім? – деп сұрады.

Дулат:

– Досым Ғазиздың жалғыз ұлы… Мақау, – деді.

– Аты кім? Түсі суық екен… Көзі де өткір.

Сұңғат әңгімеге араласты.

– Аға, өте сезімтал бала!.. Есімі – Отан. Жазғы каникул болса, Күршімнен ауылға келіп алады. Апам да еркелетіп жіберді. Елгезек. Ішіңдегіні біліп тұрады…  Толғанбайдан басқаға жуымайды. Балалармен де көп ойнамайды. Қашан көрсем Байдалы тауының басында бүркіттей боп шоқиып отырғаны… Шақырсаң қас пен көздің арасында арт жағыңнан пайда бола кетеді. Жын ба, шайтан ба деп, өзің шошып қаласың?! Жұрт құс сияқты «ұшады» деседі.  Қызық жаратылыс иесі. Қасиеті бар бала… Толғанбай да тастамай ертіп жүреді.

– Тегін адам емес! Бір нәрсе бар бойында… – деді Мағдан Жұрағатұлы. – Сақтау керек! Мұндай жандар өмірге жайдан-жай келмейді… Бәрін білетін, бәрін алдын ала сезетін қабілетті жандар болады. Кешегі ұшаққа жолыққан осылар емес пе?

– Осылар ғой, Ақсөңке сайында жүрген.

– Бәсе, солар шығар деп ойладым жаңа!

– Кеттік аға, жұрт күтіп қалды!

Дулат пен Сұңғат асықтыра берді.

Джип көлігінің алдыңғы орындығына жайғасқан профессор тозып кеткен ауылға көз тігіп отырып:

– Апаң аман болсын, Сұңғат, Дулат! Сендердің өстіп емін-еркін талтаңдап жүргендерің, сол аққұба аналарыңның арқасы! Бүгін де бәрі де анаға байланысты болып тұр ғой. Бұрын да бірақ солай болған. Қашан да аналарға салмақ көп түскен. Салт-дәстүрдің сыртында, бала тәрбиесі мойындарында. Бала деген ертеңгі ұлт. Ұлт тәрбиесі – аналарға парыз, ұл тәрбиесі – әкеге парыз… Анасыз ұлт жоқ. Ақжамбы аналардай ана азайып кетті ғой. Жұртымыз азғындап бара ма деп, қорқам! – деп толғанып қойды.

Бұлар Былғары табыт төбесіне келгенде, жұрт жапатармағай биікке шығысып, баяғыда басталып кеткен көкпарды қызықтасып кетіпті. Бәрі де шуға шу қосып, елеуірлеп алыпты.

Сұңғат көкпаршыларға жақын келіп аялдады. Бірақ аттар жақындап кеп қалса, тұра жөнелетіндей моторды сөндірместен дайын отырды.

Ал тау бауырлаған жазықта отыздай салтатты құйын-перен айналсоқтап, тақым жыртысып жүр. Кейбіреуі  ауыздарына қамшыларын тістеп, кейбіреуі ат бауырын ала қамшылайды. Өзара көкпарға таласып, жылқы жануарды омыраулата төске шаптырады. Бір-біріне кимелей ұмтылысып, жан беріп, жан алысуға көшкендей.

Кейбір қызба жігіттер қамшы жұмсасып қалады. Арқадан тартып та жібереді. Бірақ әбден дода қызығына батқан олар қайқаң ете қалысып, әлдене айта ақырысып, елең құрлы көрмей кететіні бар.

– Пай-пай! Жастық шақ-ай!.. Жігіттік-ай!

Мағдан Жұрағатұлы да қызынып шыға келді. Делебесі қоза бастады: «Қайран жиырма бес пен отыз бес!.. Тарт жігітім, тарт! Қанды басын бері!»

Дулат жетекшісінің додаға қызынғанына іштей қуанып отырды…

– Мағдан Жұрағатұлы, жас шағыңызда додашы болған сияқтысыз?!

– Көкпар тартпайтын қазақ бар ма? – деп, алқын-жұлқын майдандасқандардан көзін ала алмай: – Өй, азамат! – деген сүйсінісін жасырмады.

Көкпар тартқандар бұлар жаққа дүркірей ойыса берді.

– Қой! Аулақ кетейік! Көліктің үстіне шығып кетер… Тартыстары қарқындап барады, – деп Сұңғат джипті жұлқа жөнелді.

– Аға, – деді Дулат. – Былғары Табыт төбесіне шығайық!

Сұңғат жусанды даланы жүздіре төбеге қарай бет қойды. Жаяу жұрт айқай мен аттанға басқан зор төбеге қарай аппақ джип келе жатса да, олар айылын жимады. Бөрінің артынша шулаған шұрқан жұрт қақ жарыла қоймады. Сонда да сыналай көтерілген көлік ішіндегілер сырғи-сырғи төбе басына да жетті.

– Ой, пәлі! Алақандағыдай айдынданды ғой бар маңай!..

Профессор балаша қуанды.

– Жарықтық төбе де биік екен… Бірақ осы қорғанның төбесін таптағанымыз қалай болар екен?! – деп тосылып қалды. – Бағанағы Толғанбайларың да қайдағы жоқты айтты… Мыңжылдық мазар ғой, ренжітіп алмайық!

– Бұл төбе басында шағын ауылдың талай мерекесі аталып өткен, аға. Еш саспаңыз! Халық жаңбыр жаумаса, тасаттық та береді. Құрбан айтта құдайға құрбандық та шалады… Жастар үйленсе, молдаға некелерін осында келіп те қиғызған… талай рет, – деп Сұңғат профессордың дүдамал ойына басу айтты.

– Мағдан Жұрағатұлы, – деп Дулат жетекшісі көңілін аударып жібергісі келді. – Көкпар ұлттық спорт түрі ғой… Сіздің көкпаршы екеніңізді осы уақытқа шейін білмеппін!

– Е-е, жастық шақта не болмайды?! Тарттық көксеркені… кейін өмір өзімізді көксерке қылып тартты. Тағдыр – тартыс. Көкпар өмір әлі тақымынан босатпай келеді… Құдайға шүкір, көкпарынан айырмасын! Тақымынан босатпасын!

– Аға, – деді Сұңғат көкпаршыларға қарап отырып: – өткенде Алматы қаласы аумағына кіретін қорғандарды көрсетіп жатыр телевизордан. Сонда айтып жатыр: қорғандар қалай болса – солай қазылып, бетін жаппай кетіпті… Ішін қаладан қоқыс таситындар боқтыққа толтырып тастапты. Осы біз неге немқұрайдымыз?

– Адам азғындады ма, азамат атаулы мәңгірді ме, кім біледі? Әйтеуір, иесіз ел болдық қой… Өмірімізді қоқыс басып кетті.

– Жанымызды кірлетіп алдық, аға!

– Тәнімізді жуармыз, жанымызды жуындыру оңайға түспес…

Ғалым ойлана жауап қатты.

– Ойпырмай! Аға, мыналар қайда көтеріліп келеді? Естері дұрыс па? – деп Дулат Сұңғатқа оқыс дауыстап жіберді.

Осы кезде жер көшірердей дүрілдеген дода арасынан екі жігіт суырылып шығып, Былғары Табыт төбесіне қарай тіке салды. Артынан қалың топ та ере қоймады. Олар қызып алған аттарымен тау бауырындағы шаңдақта айнала желе-шауып қала берді.

Етектей жүрген жұрт та сасқалақтай қашып, салт аттыларға жол ашты. Төбе үстінде ұйлыққан топ та бала-шаға демей ығыса жөнелді. Бұл бір күтпеген жай еді.

– Саспа, Дулат! Жігіттер өздері біледі… Ескертіп қойғам! – деп Сұңғат есігін ашты. – Түсейік! Аға, қызық алда… Сізге тарту!

Профессор аңтарылып қалса да, көліктен түсе берді. Дулат та алдымен атып шығып, қолтығынан демеді.

Бұл шақта көкпарды екеулеп тартқан жігіттер жұртты жапыра ығыстырып, джиптің алдына дода малын дүрс еткізе тастай салды. Әй-шайға қарамастан ауыздықпен алысқан аттарын ойнақтатып, шулаған елдің арасында әлдене деп айғайлады.

– Көксерке! Көксерке!

– Дулат аға, көксерке бер! Көксерке! – деп атпен бастырмалата төністі.

Олар профессор екеуін ат тұяғымен таптатардай екпіндеп, елеуірлей даңғаза шу көтерді. Дулат пен профессор арқаларын джип көлігіне сүйеп, үн шығара алмай қалды. Сасқандарынан естері шықты.

Тек Дулат:

– Сұңғат! Сұңғат, аға! – деп дауыстай берді.

– Тоқта! Тоқта, жігіттер! – деп Сұңғат сонда ғана араласты. – Жарайсыңдар, жігіттер! Көкбөріні керіп-ақ тастапсыңдар… Көксерке дайын! Қазір!

Ол джиптің артқы есігін ашып, дайындап қойған көксеркені шығарды. Әлекендей жаланған жас жігіттер «Жаса, аға!» деп жерге жамбасын тигізбей, ат үстінен жұлып әкетті…

Шуылдасқан жұрт көңілі шауып бара жатқандарға қайта ауды.

– Ай-ай, азаматтар-ай! Осылай бір ат ойнақтату арман ғой бізге…

Мағдан Жұрағатұлы әрі сүйсіне, әрі өкіне дауыстады.

– Аға, бермен келіңіз! – деп Сұңғат джип алдында жатқан, сілікпесі шыққан көкпарға шақырды.

Жақын келген Мағдан Жұрағатұлы сонда ғана шошына қарады. Аузынан «Астапыралла!..» деген сөз қалай шығып кеткенін өзі де аңдамай қалды. Көз алдында бұзаудай болып бөрінің өлексесі жатыр екен. Жаны шошына ышқынды.

– О, тәңірім сақтай гөр! Астапыралла! Сұмдық-ай! Бұл не қылғандарың?!

– Астафиралла! – деп, Дулат та қайталады жетекшісінің мақамын.

– Сұмдық-ай! Бұл не қылғандарың?! – Профессор тіксіне берді.

Сұңғат бір сұмдықтың болғанын енді ғана аңдады… Бірақ байыбына бара алмай, інісіне көзі шатынай, сұраулы жүзбен қарай берді.

Ол да шошынып тұр екен. Тілі байланып қалыпты.

– Не боп қалды, аға?!

Сұңғат дауысы жарықшақтана естілді.

– Ой, сұмдық-ай!.. Білместік пе? Нақұрыстық па? Сұңғат, ұлым-ау! О заманда, бұ заман! Бөріні көкпарға тартқандарың не?! Серке құрып қалды ма?

– Тіпті ту туша да бар ғой, аға! – деп Дулат та жыларман болды.

Сұңғат шарт кетті.

– Осыны да сөз деп!.. Даланың аңы емес пе, адам үшін жаратқан!

– Қап! Әттеген-ай! Әбден азып-ақ кетіппіз!? Жадымызда ештеме қалмапты… Жатжады болып кетіппіз. «Жатжады» деген осы!

– Аға-ау, тым құрыса осындай тарту-таралғы дайындап жатырмыз деп, маған айтпадыңыз-ау! Келеңсіз тарту!

Дулат та Сұңғатқа қарап шыр ете қалды.

– Ой, қойшы, сенде! Жоқтан өзгені уайымдамай. Тауда бөрі көп… Бір қасқыр өлсе, Алтай жетім қалмас!

Дулат шыдамай кетті білем:

– Жетім қалады… Сен не білесің? Ақша мен пайдадан басқа! Әкіри! – деп, «әкеңнің» дейтін боқтықты осы өңірліктерше айтып жіберді.

– Боқтанба!

– Жадымыз – жұтаң… Ұмытылған бәрі, – деп профессор ағалы-інілі екеудің әңгімесіне мән берместен өз бетінше сөйледі.

– Аға, енді қайттім? Мені жер қылдың ғой… Бұл қай қысасың?!

– Сұңғат, – деді профессор кенет ес жиғандай болып: – көкпарға бөрі тартуды кім шығарған?

– Профессор мырза, – деді шамданып қалған Сұңғат: – мен шығарған жоқпын! Баяғы заманда бөрі тартыпты ғой… Көкпар дегеннің өзі «көк бөрі» дегеннен шыққан дейді жұрт.

– Шықса шыққан шығар… бірақ «жад» деген болады, жігітім! – деді профессор. – Ол – ұлттың мыңжылдық болмысы… Ал болмыс жаннан да қымбат! Осыны түсін! Жад жұтаса – болмыс жұтайды… Ұлт жоғалады! Бөрі – біздің жадымызға сіңісті… Бөрі болмысты жұрт едік. Оны ұлы Мағжан ақын айтқан. Қазір жұтауға ұшырадық, болмысымыз бұзылды… Бір заманда ірі едік. Жан-жағымыздағы анталаған дұшпандарымыз жұтатты… Ірідік. Мынау соның айқын көрінісі. Бөріні қой орнына құрбандыққа шалуымыз ғана қалыпты… Асып жеуіміз қалыпты қытай құсап!

Профессор таусыла, түңіле сөйледі. Сұңғат толық түсінбесе де, ой сорабын анық аңғарып, тосылып қалды…

Дулат та профессорға бәйек болып, енді пейдж докторлық бұйырмас деп түңілді. Мағдан Жұрағатұлы жүрегі айнығандай лоқсыды.

– Мағдан Жұрағатұлы, – деп Дулат шыр ете түсті: – сізге не болды? Қан қысымыңыз көтеріліп кетті ғой. Көлікке отырыңыз! Қазір дәріңізді берем. Терең тыныс алыңыз!

Ал көкпарға қотарыла келген көп жұрттың бұлармен ісі жоқ. Олар ырду-дырду думанмен мәз. Жас-кәрі деместен еліріп, есірік буып кеткендей жыртылып-айырылуда… Кешкі ас мәзірін күтіп, қарны ашқан жас балалар да жылап жүр. Оларға бірақ көңіл аударып жатқандар шамалы.

Профессор кондиционері істеп тұрған салқын көлікке отырды. Даладағы жанып тұрған аптаптан жан шақырғандай болды. Профессор салқын су ішті. Дәрісін де тіл астына қойып, көзін жұмды. Қасындағы екеу де үн-түнсіз мелшиеді.

Әлден уақта Мағдан Жұрағатұлы өз-өзіне келгендей болды. Жұмған көзін ашып, жанарымен маңайына барлай қарады.

Сұңғатқа қарата сөйледі.

– Бауырларым, ақылды азаматсыңдар! Біз бөріден тумағанымызды бәріміз білеміз… Аңыз арқылы ата-бабамыз ұрпағын бөрідей болсын деп армандаған. Солай тәрбиелеген де… Бөрідей сойлы болғаны шындық. Оған кәрі тарих куәгер.

Сұңғат сонда ғана жетесіне жеткендей болып, жаңа ғана барыстай тыжырынған кейпінен айни бастады. Профессор оған бірақ мән берместен ойын ірікпеді.

– Бұл – ұлы миф… Алтайдан тараған сонау Сақ-Ғұн дәуірінде. Әлемді шарлап кеткен Атилла бабамыз туы арқылы. Бөрі басты Байрақ көтерілгенде дүние тітіреген…  Римдегі қасқыр емізген Ром мен Ромула да осы Алтай аңызының сілемі. Тотем. Біздің бөрі тотем – кодымыз. Асыл тегіміз. Біздің киелі санайтын, қасиет тұтатын сипатымыздың бірі. Бірегейі. Осыны бек тұтыңдар, бауырларым!

– Кешірім өтінем, аға!

Сұңғат дауысы бәсең шықты.

– «У ішсең – руыңмен» деген, – деп, Мағдан Жұрағатұлы өзін де кінәлады: – Біз – үлкендер кінәліміз! Орыспен отандасамыз деп, оталып кеттік… Кешегі  Екінші дүние соғысында аталарымызды аруақтандырған да осы бөрі бабалардың өр рухы. Қазақтың жанының қыртысын қара жерімен қоса жыртып, жалмап қоям дегенде, жолбарыс азаматтарды Кремльге қарсы шығарған да осы құрыш-берен бөрі болмыс… Бөрі болмысты елміз біз бағзы заманнан. Осыны түсінбей жатырмыз, азаматтар! Түйсінбей келеміз әлі… Түйсінбейді түйтікке кез болдық! Иә, түйтігіміз түтеленіп кетті.

Профессор бір сәт тоқтап қалды. Іле сөйлей жөнелді. Ол Дулат пен Сұңғаттың тыңдап отырған-отырмағанына да мән бермегендей сыңай танытты.

–Тәуелсіздік таңы атқалы талан-таражға ұшырадық. Той-томалақпен, ырду-дырду мақтанмен жүрміз. Арқа төрінен Алаштың астанасын саламыз деп, асыра сілтеп арқырадық… Рас, салдық! Бірақ қандай қажыр-қайрат пен қаржы-қаражат сарп еттік. Оны біліп жатқан жоқпыз. Бәлкім, сол ұлы қуат-қайратты халқымыздың рухани һәм әлеуметтік мәселесіне жұмсағанда мемлекетіміз қандай жігерленер еді… Жарқырар еді. Оған ой сала алмадық, жүрек жамалын аша алмадық. Ақыры, көкпарға түстік… Жеріміздің байлығын рәсуа қылдық: қысық көз қытай, көк көз орыс, жирен шаш батыс пен мулат американдық иеленіп отыр. Ендігі күніміз қалай дөңгелейді, жігіттер? Алдымыз тұйық жар, жан-жағымыз тұзды сор… секілденеді маған. Көкпарға түскен елімізді ойлауымыз керек, азаматтар!

– Мағдан Жұрағатұлы, – деп Дулат ағасы үшін әңгімеге араласуына тура келді: – бір білместік болды… Көрші жатқан алтайлықтар «бөріні көкпар қып тартады екен» дегенді естіген ғой даңғойлар… Ақыры көкбөріге қол салыпты.

Інісі ағасын ақтап алғысы келгендей кеп танытты.

Дулаттың жетекшісі тағы да мифтің терең ғылыми қабатын қозғай әңгімеледі. Ағыл-тегіл келген ойын ірке алмай, өзін тоқтата алмай қалғандай көрінді.

– Түркілік тотем… түркілік таным… Жатырын жатсынған жұрт… Жұтадық. Қандай жұрт едік?! Ал «алтайлық» деген халық жоқ. Олар – қара қырғыз  зарлай ауғанда қалып қойған жұрнақ, – деді профессор. – Жатырын жатсынып кеткен жұрт қой, қазір өздерінің кім екенін ұмытып, алтайлық атанды. Дінінен айырылды. Ділінен айырылды. Жадынан айырылған… «Жады» деген осы!

Профессор жөткірініп алды. Ұзын-сонар лекция оқырдай қайта жалғастырды. Доктарант Дулаттың көз алдына әйгілі Әуезов елестеп кетті… Кең маңдайы жарқырап, маңғаз сөйлеген жетекшісі «Кіріспе» дәріске енді кіріскендей еді.

Баяғыда Алматыда Мұхтар Әуезов осылай бір сөйлейді екен дейді, сол кезде дәріс тыңдаған түбіт мұрт студенттер – бүгінгі буын ішінен іріктелген ақсақал жазушылар… Мұның жетекшісі ғұлама жазушы Әуезовті көрмепті. Ол кезде мектепте оқыса керек, бірақ мұғалім жесір шешесінен талай естіпті.

Анасы хакім атанған ақын Абайдың өлеңін жатқа айтқызып, «Абай жолы» романымен баулыпты… Сонау соғыс жылдары істі болып, Сібірдің тескен тауын әкесі асып кеткен қара күзде бұл алты айлық болып іште қалыпты. Әкесі Жұрағат «Бала тапсаң, Абай мен Әуезовты оқыта бер!..» деп өсиет айтып, бір жапырақ хат жазыпты.

Бір-ақ рет Магаданнан келген сол бір хатты анасы тұмардай сандық түбіне тығып өтіпті…

Ол хатты профессор ұлы да әлі күнге сақтап келеді. Қабырғасы иін тірескен кітап толы кабинетіндегі үстел үстінде беті әйнекті, қарапайым ағаш рамка-қалып ішінде сақтаулы. Хат соңында «Оралар-оралмасым бір … аян! Ұл тусаң – «Мағдан» деп ат қой. Қыз келсе – Маржан болсын. Әкесі қайда екенін біліп жүрсін» деген  сөйлемнің астын сызыпты. Ғалымның «Мағдан» есімінің сондай сойқан сыры бар.

Өшпейтін сия қарындашпен жазылған хат ағаш жақтаудың ішінен көзге бірден шалынады. Қарапайым ағаш рамка қасында үнемі Абайдың бір томдығы мен Әуезов романының ескі, шүберек мұқабалы қос томдығы жатады. Профессордың «настольный книгасы»… Үнемі бос кезінде қолына алып, көзәйнегімен оқып отырады. Дулат кандидаттық қорғау кезінде үйінде қонып қалып жүріп, талай мәрте куәгер болған.

Ал әкесімен азғана ғана отасып, Жұрағаттан жалғыз қалған тұяқ үшін жесірлік ғұмырды таңдаған анасы Жамал туралы көзіне жас алып отырып, «Сөйткен анама не істей алдым?!» деп налыған еді.

Осы бір құйындай соғып өткен оймен Дулат жетекшісі сөзіне жылдам құлақ қойды. Ой әлемі ширыға қалған сәтте Мағдан Жұрағатұлы кітапта жоқ, қайнар тереңнен бұрқырай бас көтеретін әңгіме сілемдерін ағыта жөнелетін әдеті бар. Дәріс тыңдаған жұрт «Әуезовшілеп кетті!..» десіп, аңырайысып қалатын.

Тап қазір де профессор жетекшісі сондай бір көңіл күй мен ой ауанына ойысыпты.

– …Қашқарлық, қотандық тараншы сарттар сияқты ғой. Олар да қазір  «ұйғыр» атты ұлы түркі тайпасының бірінің атын иемденіп, қарадай арандап жүр емес пе?! Ол өтіріктеріне өздері сеніп алған… Ресей ғалымдарының өткен ғасыр басында туыс түркі ұлыстарын өзара арандату үшін таңып жіберуімен қалыптаса бастады. Алтайда шаңырақ көтерген Ұйғыр Қағанаты заманындағы ұлық істерге дейін малданып, «біз істегенбіз» деп  кеуде қағатынды шығарды. Тіпті тарихты бұрмалап, жалған роман жазатын болыпты жазушылары… Оны тараншы тілінен орыс пен түрік тіліне аудартыпты. Тіпті Түркияда шығарып, тарихты бұрмалап, насихаттатып жүр. Соған бір қазақ жазушысы, бір қазақ тарихшысы «жалған тарих» деп жауап бере алған жоқ. Мұндай сорақыны қайтерсің?! Олар айлап салт атты жүріске жарамайтын, кішкентайынан атқа міне алмайтын, жер тырмалаған тараншы жұрт еді ғой. Ұлы түркі қағандары атүсті ұзақ жорыққа, атүсті жасақ майданына жарамаған соң, тылда егін ексін, азық-түлік, жеміс-жидек өндірсін деп еркегін аламанға алмаған. Сайыпқыран Шыңғыс қаған заманы ғана емес, кешегі құба қалмақпен жан алысып, жан берісіп шайқасып жатқан Қазақ Ордасы заманында жоңғар қонтайшылары қолтығына су бүркіп, қыз алысып, құдандаласа қолтықтасып, дұшпанымызға «вассал» болды… Бір түркінің баласы деп жанашыр болғанымызбен, қазақ даласына қанды балақ күн туғанда атажауымызға иіліп, ту сыртымыздан сойылын соққаны шындық. Талай мәрте сын сағаты соққанда, жүзін теріс бергені тарихтан белгілі… Күні кеше Оспан батыр Шығыс Түркістан үшін арыстанша алысып жүргенде, бұлар Құлжада сепараттық бітім жасап жатты… Тараншылардың бөрі анасын ұмытқаны ақиқат! Бауырларын ұмытқаны анық. Қу бастарын қорғалап кетті… Біз осыны есте ұстауымыз керек! Қазақ та бір текті тұлпар… Тұлпардың басына да қайыс ноқта тарихта талай кигізілмек болған. Орыстың темір ноқтасы тас-талқан болып сынады, ал қытайдың қайыс ноқтасы бір киілсе, қайтіп үзілмейді. Тек созылады. Су тигендей ширығады… Оған куә – Шығыс Түркістан тағдыры… Сондағы мұсылман жұрты. Бүгінде біз де бөрі анамызды ұмытып, қайдағы бір барысты тотем тұтып жүрміз. Текті киесі ұрмаса, қайтсін!?

– Кие дегенге сенбейміз ғой қазір, – деп қалды Сұңғат.

Мағдан Жұрағатұлы орнынан бұрыла қарады.

– Жаратушы Ие бар болса, жаратушы қондырған қасиетті Кие де бар, ұлым!.. Елдің иесі болса, жердің киесі бар. Жан-жануар мен жартас-жаламаның, су мен ауаның, көк шөптің де киесі бар. Кие атпасын де! Кие атса, оңбаймыз! – деп шүйіле түсті профессор. – Көк түріктің киесі атты ол халықты… Көк бөрінің тәңірісі ұрды оларды! Қытайға кіріптар қылды… Кие ату деген осы. Елі бар, Туы жоқ. Жері бар, Тұғыры жоқ. Жатырын жатсынды… Ана бөрі мен Ата Түркіні ұмытты. Соның соңы сұрапыл-сойқанның жұмырына жұтылу алдында тұр қазір. Ол жақтағы қандас бауырларымыз да жоғалудың аз алдында… Иесіз ел болды, киесіз жер болды. Осыны ете ұстау керек.

Сұңғат күңк етті.

– Қасқырдың киесі… жатыры?!

Сұңғаттың мұқият құлақ түріп отырғаны байқалып қалды.

Ағасы тағы бірдеңені бүлдіріп жүрер деп, Дулат профессордан бұрын жауап беруге тырысты.

– Аға, аңыз ғой. Аңызда айтыла береді…

– Қарағым, Сұңғат! – деді қызына сөйлегенін өзі сезіп, профессор сабырға келді. – Біздің түркілік тотем Европа ғана емес, Америка үндістерімен үндесіп жатыр ғой. Ана бір тілші ғалымдар мен жас тарихшы жігіттер салт-дәстүр мен ет жеуімізге дейін ұқсастық тауып отыр. Ол аз десең түркі тілі үндіс тайпалары арасынан табылды. Дәлелденді. «Күн, балта, қайық» секілді көптеген сөздер сол қапында әлі күнге шейін қолданылатынын анықтады… Ғылым үндістердің кей тайпаларын Алтай топырағынан ауған десіп жатыр. Ұлы ауулар болған… Тәңірі сондай күннен, сондай заманнан сақтасын!

– Әлхамдулла, мұсылманмын! – деп қалды Сұңғат та қасарысып. – Анамды былғамаңыз!.. Адамнан тарағанбыз.

– Иә, біз Кісі ұлынан тарағанбыз!.. Түркі бабам «Кісі» деген. Адам деп айтып жүргеніміз кейін.

Кенет көлік есігін жұлқи ашып, мақау Отан көрінді. Әңгіме шорт үзілді…

Мақау бала аузын жыбырлатып, қолымен ауаны сермелеп, әлдене айтып жатты Сұңғатқа. Сұңғат та оны түсінгендей кеп танытып, рульге жөнделіп отырды. Отан да артқы орындықта жайғасуға – Дулат қасына секіріп мінді.

Сұңғат джипті бұра беріп:

– Апам шақырып жатыр. Бір қолайсыз жағдай болса керек, – деп жөнеле берді.

Мағдан Жұрағатұлы әңгімеден мән, көкпардан сән кеткенін түсінді.

Тек:

– Бәйгені көре алмадық, – деп қалды.

Осы сәт Дулаттың ұялы телефоны шырылдады.

– Алло! Иә! Қасымда… Қазір берейін! Той басқарып жүрген жігіттер, аға!

Сұңғат:

– Дауысын қаттырақ шығаршы! – деді ойқы-шойқы ауыл арасы жолымен алысып. – «Сұңғат!»(ар жақтан дауыс анық естілді) Иә!

Телефон үні оқыс жоғалып кетіп, мазасызданған дауыс тағы естілді.

– «Сұңғат! Қалжырдың көпірін су опырып, құлап қалыпты… Тақырдан шапқан бәйге аттары қаңтарылып жолдан қайтыпты. Мұндағы аттарын қосқан жұрт та сол жаққа кетіп жатыр. Не істейміз? Бәйгеге тігілген сыйлықты қайтеміз?»

– Абдырамаңдар! Кешкі асқа дайындалыңдар! Бәйге бұйырмады… Сыйлықтарды әзірге қоя тұрыңдар! Былғары табыт қазылған соң, көрерміз! Бәйге тағы берерміз! Қаржау аға қайда? «Декабрист»… Соған айт!

– «Жарайды! Алаңдама! Мұздай қылам!»

– Қаржау аға қайда деймін?

– «Апам шақырып, сендердікіне кетті. Өскеменнен кісілер кепті…»

Телефон үні естілмей кетті.

Мағдан Жұрағатұлы ішінен тынды…

Інісі Дулат қана ұялы телефонын сөндіре беріп:

– Қырсық шалды… аға! – деді.

Сұңғат үндемеді. Профессор жай сөйледі.

– Бұл қырсықтың басы болып жүрмесе игі!?

– Неге олай дедіңіз? – деді Сұңғат жұлып алғандай тіксініп.

– Жүрегім сезеді! Боршасы шыққан бөрі де… Жын-ойнақ, той-томалақтан бастамауымыз керек еді. Көкпардың түкке керегі жоқ болатын! Өзімнен де бар. Сендер жассыңдар… Қасиетті іске бел буып отырмыз! Киелі төбе басына құран оқытып, құдайдан алақан жайып, рұқсат сұрауымыз керек еді!

– Ол кеш емес, ағасы!

– Әй, қайдам! Құдайды ойламай, қағынып кеттік қой… Кеш пе деймін?!

Сұңғат көлік жылдамдығын ақырындатып, ұялы телефонға үңілді. Лезде әлдебіреуді терді.

– «…Ертең Қалжырдағы имамды жеткіз! Иә! «Келмейді…» Келеді. Декабристің досы. Иә, Қаржау ағаның досы… Мен айтты де! Декабрист айтты де!  «Қалай» деме!.. Көпір құласа, трактормен өткіз! Таңертең ерте бастаймыз қазуды… Таң сәрісінен жет! Дұға оқып берсін! «Сосын…» Сосын бос.»

Сымсыз айфонмен жедел тапсырма берген Сұңғат үйге де келіп қалыпты.

Есік алдында бөгде адамдар мен анасы Ақжамбы тұр екен. Апасы абыржулы көрінді… Дулат пен жетекшісі джиптен асықпай түскенше, Сұңғат пен мақау бала Отан барып амандасып жатты.

Бұлар жеткенше Ақжамбы апасы бастаған бөгде адамдар мен Сұңғат ішке кіріп кетті. Профессор екеуі беті қайта қоймаған аптаптан қашып, арнайы құрған шатыр астына көлеңкеледі.

– Бұлар кімдер болды екен? – деді дүдамал оймен Дулат.

– Тыныштық болсын! – деді жетекшісі.

Дулаттың жүрегі дүрсілдеп, әлсіз қорқыныш биледі.

– Өздері сықиып киініп алыпты.

– «Үш әріптің» жігіттеріне ұқсайды, – деді көпті көрген профессор.

– Бұлар не іздеп жүр? Әлде бізге келді ме? Онсыз да қарауылдамыз ғой,    Мағдан Жұрағатұлы! Барлық құжаттарға қол қойғанбыз.

– Бізге болса, алдымен жолығысар еді. Мынау серезна!

Үйден Ақжамбы апасы көрінді. Ол басындағы аппақ жаулығымен көзінің жасын сүртіп, Дулат ұлын шақырды.

Дулат профессорға қарап қипақтап еді, ол:

– Бар-бар, Дулат! – деді.

Дулат ата жөнелді. Бара анасына иіле беріп еді, қайратты анасы қаталдықпен кеудесінен алақанымен итеріп тоқтатты.

– Сен бар ғой деп жіберіп ем… Арманда кетті-ау! – дегенде Дулаттың жүрегі суып кетті. – Жоғал! Көзіме көрінбе! Бар аналарға!

Дулаттың тілі байланды. Ауылдан Алматы мен Астанаға ертіп кеткен інісі Қуаттың қайтыс болғанын сезді… Соңғы жылдары Сұңғат еңселі етіп салған үйге ұмтыла берді.

Үй ішінің әптер-тәптері шығыпты…

Әлгі салқын жүз, сырық бойлы үш-төрт жігіт әлдеқандай түйіншекті буып, тысқа қарай шығарып келеді екен. Дулат босағада қаққан қададай қатты да қалды.

Төрдегі үстел басында, Сұңғат қасында отырған кекселеу адам:

– Дулат Қарқынұлы, – деді ақырын ғана. – мына қағазбен танысып шығыңыз!

Иығы салбырап кеткен Дулат немқұрайды келіп, жанары жасаурап отырып,  қағазға үңілген кейіп танытты. Санасы сан саққа сабылып, көзі ештеңені де көрмеді. Інісі Қуат мына жарық дүниеде жоқ дегенге алаң көңілі сенбеді… Іштей мүмкін емес деген ой жанын қоярға жер тапқызбады.

Екі жапырақ парақтың соңына қолын иректей салды.

– Сіз, ғалым адамсыз. Сабыр етіңіз! Археологиялық жұмыстарыңызды бұл үшін тоқтатпаңыз!

– Соншама не істеп қойыпты?! – деп қалды қыстыққан Дулат.

Ағасы да үнсіз сазарып отыр.

– Бауырым, ол террор жасады!

– Мүмкін емес! Қуат террорист емес… Өтірік айтасыңдар!

– Шындық солай… жарылып өлді!

– Қайда? Астанада ма?

– Жоқ. Оған жеткізбедік!

– Сонда қайда?

– Өскеменде… сонда қашып келіп… – деп сөз аяғын жұтты. – Прокуратураның алдындағы заң символы түбінде… Ескерткіш әйел-символ күлпарша болды.

Дулаттың құлағы шыңылдап, басы шулап кетті.

– Мүмкін емес! Мүмкін емес! – деп орындықтан ауып түсті.

Миы зеңді… Әлде кім бетіне су бүрікті. Дулат тез есін жиып алды. Апасы Ақжамбы екен. Белін буынып, қап-қара жеңіл шәлі жамылып алыпты.

Бұған үңіле қарап:

– Жи есіңді! Әкең өлгенде де өлмегем… Бозөкпе! – деп зекіп жіберді, үлкен жанары жасаурап тұрса да, жасын тыйып тұрғаны білінді.

Дулат қалай ширақ тұрғанын өзі де түсінбеді.

… – Өлер Қуат – өлді… берсе, сүйегін әкелем! Сен ана профессорың мен жұмысыңа қара! Сұңғат менімен жүреді!

Әңгіме осымен тәмам дегендей, қара орамал шетімен көзін сүртіп, айнала берді.

– Апа-а! – деп, Дулат үні ту сыртынан жарықшақтана шыққанда, айпара ана:

– Қысқарт! Мен ұл тапқам… езілме! Жасыңды көрмейін! Қуат емес, сен құрбан болуың керек еді… Бар тысқа! Қонағың жалғыз қалды… Тісіңнен шықпасын! – деп қысқа қайырды.

Ананың қатал мінезі мен семсердей орып айтқан суық сөзіне үстел басында отырған Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті қызметкері де тіксінді…

Дулат адуын мінезді, қайратты анасына ләм деместен шыға жөнелді. Тысқа шыға жүрегі жер тартып, басы айналып кетті. Қабырғаға қырындай сүйенді.

Мұны байқап қалған Мағдан Жұрағатұлы бір сұмдықты сезіп, жылдам басып қасына келді.

– Сабыр, ұлым! – деп қолтығынан демеді. – «Үш әріп» пе? Олармен өзім сөйлесем.

Дулат жүрегі ауырлап тұрса да, шыр ете қалды.

– Олар емес! Өзім ауырып… Кеттік, Мағдан Жұрағатұлы! – деп үйден ұзап кетуге тырысты.

Екеуі жеке тігілген әскери шатыр астына көлеңкелеп отырды.

Бағанадан үйдің артында Отанмен оңаша жүрген Декабрист Қаржауды  Сұңғат шақырып алды. Бәрі мақау Отанмен бірге Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті қызметкерлерін суық шығарып салысты.

– Аға, – деп профессордың қасына Сұңғат жүгіре басып жетті: – бәрін мына Қаржау аға бітіреді… Күн шыға бастай бересіздер. Мен апамды Өскеменге апарып келейін!

Өңі өрт сөндіргендей күреңітіп кетіпті.

– Сұңғат, сен бізге қарайлама! Жол болсын! – деп ғалым қысқа қайыруға тырысты. – Жұрт бар ғой…

Дулат ағасына ойсыз тесіле қарап, Қуат бауырының өліміне сене алмаған күйде мәңгіріп отырды.

Ақжамбы ана да аяңдап қастарына келіп қалыпты.

– Қарағым! – деді Мағдан Жұрағатұлына; профессор орнынан көтерілді. – Қуат ұлым қалада бір нәрсе бүлдіріпті! Маған бармасқа болмайды. Құдай қаласа, бірер күнде кеп қалармын! Келіндер күтеді… Сау болыңыз!

– Бәйбіше! – деп қалып, профессор сөз ләмін тез түзетті: – Әже, алаңдамаңыз! Сапарыңыз жеңіл болсын!

– Рахмет, қарағым!

Олар көлікке асығыс отырысып, ауылдың шаңын көтере жүріп кетті.

Дулаттың осы бір сәт ішкі жан-дүниесінде нәзік бір сезім толқыны тербеп өтті… Ол бетін басып, солқылдап қоя берді. Жетекшісі де доктарантының көкірегінде лықсыған қайғы-шері тарқасын дегендей үнсіз қалды.

Доктарант булыға берді… Өкси берді аузы-мұрнын алақанымен басып. Қанша тұншыға жыласа да, бауырына келгенде бауыры езіле берді. Іші бір сұмдықты сезгендей суынып, жамандыққа қайран қамырықты көңілі қимады. Солқылдаған солығын әлден уақтан кейін сабырға әрең жеңдірді.

Күн де бесінге құлады.

 

II

 

Көкбөрінің мылжа-мылжасы шыққан дулы дода бұлғаққа бет қойды…

Қу тақым көкпар көптің көл-көсір көңілін нілдей бұзды. Той шырқы шырғалаңға ұласты. Ақжамбы ана кетісімен асханадағы аста-төк той дастарқаны төбелеске жалғасты. Әлекендей жаланған жастар жағы ащысу ұрттасып, арты қан шығарысқан керіспен бітті.

Оған Декабрист Қаржау да түк істей алмай, амалы құрыды. Әйтеуір, адам аман! Оған да шүкір десті доктарант Дулат пен профессор жетекшісі! Түнді олар осындай аласапыран көңіл-күймен қарсы алды.

Таң да түк болмағандай тамылжып атты. Көкорай дүние шұғыламен жайнап сала берді. Қызу тіршілік Былғары Табыт төбесі маңында бірден-ақ қызып ала жөнелді.

Ал кешегі қызыл танау қызынған алкеуде жұрттан бүгін жұрнақ та қалмапты… Аядай ауыл тым-тырыс.

Зайсан қаласынан Сұңғат әдейі қорған-төбе үшін жалға алдырған сары түсті, шойынтабан швед тракторы дәу диюдай дүрілдеп, жылан бауырлай жылжып, төбе төңірегін күрей бастады. Тырбық жусан мен  жатаған изен аралас өскен қорған маңынан шарбы шаң көтерілді. Тау бауырын қуалай желпіген самал шарбыны іліп әкетіп, шаң қолма-қол сейіліп, маңай шаңқан мөлдір түсін бұзбады.

Декабрист Қаржау алып қорған-төбе етегін айнала жұқалап күреп, табиғи шөппен түкті жүз танытқан тастақты тазалап шықты. Тракторшы жалпақ күрегін ауыстырып, орнына піл тұмсықты имиген қауғасын салды.

Сол кезде Дулат жүгіріп келіп:

– Қаржау аға, – деп, трактордың жалпақ табанына көтерілді: – енді тура осы батыс беттен беттейсіз. Күректі опыра тік саласыз, бірақ тереңдетіп алмаңыз. Қорған шетінен кетіліп отырылу керек. Қауғаға ілінген тас-топырақты қайта шегініп, осы артқы жаққа шығарып отырасыз. Екі метрден кейін тоқтаңыз! Ары қарай мола басталуға тиіс!

Қаржау да «ұқтым» дегендей басын изеді.

Дулат екінші-үшінші курс студенттері ортасында тұрған Мағдан Жұрағатұлы қасына келгенде, профессор да оларға нұсқау беріп жатыр екен.

– Сендер топырақ пен тасты аршып, арасын қыл щеткамен тазалап отырып қарайсыңдар. Мұқият болыңдар! Былтыр экспедицияда болғандарың көрсетіңдер… Бір нәрсе байқасаңдар, мені шақырыңдар!

– Мақұл, ағай!

– Бөгде адам анау қызыл қоршау арқаннан өтіп кетіп жүрмесін. Сақ болыңдар! Ауылды жер ғой.

– Мағдан Жұрағатұлы, – деп Дулат профессорға өз ойымен бөлісті: – Жан-жағы ірі тас сияқты. Қабір қабырғасы сосын басталуға тиіс!

Тап осы сәтте сайтан құсап Толғанбай сап ете қалды. Қасында – қанжығаға  байланған торсықтай Отан бар. Екеуі ит байлайтын ұзын шынжырды екі басынан ұстап, сүйретіп алыпты.

Кезбе Толу ентелей басып трактордың болат қауғасына мініп алды. Әлде не деп айғайлап отыр. Оған ілескен мақау Отан да қауға ішіне барып жата кетті.

Мұндайды күтпеген жұрт сасып-ақ қалды…

Трактор рөлінде отырған Декабрист Қаржау «тфу!» деп, түйеден зор трактордан түсуге оқталды. Ал Замани Толы болса, имек қауға мойнына өзін шынжырмен байлай бастады. Бала да оған жанталаса көмектесіп әуіре. Жады Толик әбден дайындалып келсе керек, Қаржау жерге түскенше айқұш-ұйқыш оранған шынжырды алақандай құлыппен кілттеп, бекітіп тастады.

Мән-жайды енді ғана толық түсінген Дулат студент жігіттерді ертіп, Декабрист Қаржауға көмекке ұмтылды. «Декабрист-тракторист» атанып кеткен Қаржау трактордың сайман жәшігінен ломды суырып алып, Толғанбайға беттеді. Темір құлыпты ломмен сындырып, шынжырмен кісенделген Жады Толикті босатып алды. Қарт кісі болса да, Толғанбай қарулы болып шықты. Алты-жеті адамға бой бергісі келмей, тырнадай сирақтарын сермелеп, тарамыс жұдырығын жұмсап қалды. Жастардың біріне тиіп кетіп, тұмсығынан қан судай ағып, қара жерге тамшылады. Бәрі жабылып жүріп, өзі әкелген шынжырға байлап-матап тастады.

Сол бойда сүйрете көтеріп әкеп, оңаша қоя салған трактордың дәу күрегі ішіне тастай салды. Толғанбай да әлгіндегі ырсылдаған демін ішіне тартып, оқыс тыныштала қалды. Мақау Отан ғана ыңылдап, саусағын шошаңдатып, әлде не айтқансып, шымшықша секеңдеп қасында жүр.

Талай қансоқта дәмін тақан Замани Толы бірақ тістенген күйі үнсіз қалды. Тарамыс тәні қайыстай қарайып, су тіледі. Ол ақырын ғана «су» деді мақау балаға. Отан ауылға қарай шапқылай жөнелді.

Ал өзгелердің мұнымен ісі жоқ. Жады Толик қиналысына тіпті студент қыздар да қыңқ демеді білем. Үсті өрім-өрім жанға жанашырлық танытпақ түгілі мырс-мырс етісіп, жырқ-жырқ күліскені де бар. Жындысүрей немеге сол керек дейтіндей.

Олар сары трактордың қауғасы мен қимылына қадалып қалғанды. Мағда Жұрағатұлы тістерін тіктей салған жер қопару қимылына сүйсіне түсіп, болат қауғаның еппен қазғанына риза болып тұрды.

Сонда да:

– Дулат, – деп айқайлай шақырды: – Қаржауға айт! Жуан тастарды байқап алсын… Ар жағы опырылып кетіп, тас қабырға болып шықпасын! Сен өзің кабинаға бірге отыр. Байқап қаздыр. Асықпасын!

– Жақсы, Мағда Жұрағатұлы! Шатыр астына барыңыз! Күн шыжып кетті, давлениеңіз көтеріліп кетпесін, – деп ол жүгіре басып жөнелді.

Арқан бойы көтерілген күн табағы дүниені бидайдай қуырып келе жатты. Профессор терлеп тұрса да, аулаққа тігілген ақ шатыр астына бара қоймады. Бар ой-санасы трактор қауғасымен сусылдай төгіліп, саудырай шашылып жатқан шақпақ тас пен құмдауыт топыраққа ауған еді. Ендете қазып, Былғары табыт төбесіне езулей енген сайын айызы қанып, зор дәмемен үңіледі.

Жас студент шәкірттер де қабірхана қазір ашыла қалардай қолдарына ірілі-уақ күрек пен күрекшелерін, щеткалары мен құм-топырақ елейтін елеуіштерін  алып, әлекендей жаланып, жастық жігер мен қызу қимылға көшуге дайын тұр. Олар да жайшылықтағыдай орынсыз шуылдаспай, сары трактор аюдай үңгіген сайын  көздерін тіге түседі. Бірақ қорған төбе түп-түзу қазылған бойы жыртыла жарылып, жар болып тереңдеп бара жатса да, күдік тудырып, құр топырақ пен бетпақ тастан басқа ешнәрсе шығар емес.

Алғашында шыққан тас пен құмдауыт топырақты трактор қауғасы екі жағына кезек-кезек тастап, жалдап бара жатқан еді. Біраздан соң жыра-қабырға тереңдеп, трактор бойынан қос тастақ қабырға асып кетті. Тракторшы амалсыз өзі ыра салған жырасымен кейін шегініп, жыра-қабырға аузынан оңаша төге бастады. Төккен тас-топырақ та сәт сайын ұлғайып бара жатты.

Профессор шығып жатқан біркелкі шақпақ тастар мен жалпақ тастарға қарап тұрып, қорғанның байырғы кісі қолынан тұрғызылғанын жазбай таныды. Бірақ бұл ойлағандай көрініс болмағанына таңырқаулы… Ендігі ежелгі қабір шетіне жетуге тиісті-тін. Алтай өңіріндегі ескі қорғандарға тән қабірдің жер бетіне шығып тұратын ағаш бөренелі қабырғасына кезігуі керек еді. Күткені кезікпей, кенеттен келген күдікті ойға бой алдырды.

Күн де түске таяу…

«Шынымен де, адам жанын былғары табытпен қинайтын жер ғана болып шыққаны ма?» деген ой профессордың төбе құйқасын шымырлатып жіберді. Мүмкін емес. Ғұндар былғары табыт қоятын арнайы ритуалдық төбе үймейді… Тәңірінің төбелері де жетеді ғой. Онда неге қабірхана жоқ? Не үшін тас пен құм-топырақ тасып, тау-төбе көтерді? Бәлкім, басқа себебі бар шығар! Иә, бізге белгісіз басқа себебі де болуы мүмкін.

Мағдан Жұрағатұлы сарышұнақ тышқанша төбені кеулеп бара жатқан трактордан әлі де үмітін үзбеді. Биік жасалған шетелдік алып трактор ауыр қауғасын толтыра көтеріп, артқа қарай шегіне жылжып, өзі салған ізімен терең арнаны бойлай тәуір-ақ еңбектенді. Былғары табыт төбесінің ортасына таяғанда күн тас төбеге көтерілді..

Қаржау суытқышы бар швед тракторы кабинасында отырса да, сағаттап қауырт қимылдаумен қара терге түскен еді… Қасындағы Дулат та қос жанарын қадаумен есі шығып, қарадай пысынап кеткен. Екеуі де қауғаны тағы бір қиыршық құм-тасқа толтырып алып, шегіне жылжыды. Бір мезгіл дамылдауды жөн санады.

Жыра-қабырға аузын ала үйілген құмдауыт аралас тасты үйінді де жеке төбеге айналып қалыпты.

Олар арлы-берлі самалдап жүрген Мағдан Жұрағатұлының қасына келді.

– Демалыңдар! Самал соғып тұр, – деді профессор. – Ортасына да жақын қалдық. Не күтсек те көрінуге тиіс.

Маусым ыстығынан терге малшынып тұрған жігіттерге күдігін жасырып, көңілдерін демдеп қойды.

Дулат та:

– Теориялық тұрғыдан қабірхана шеті көріну керек еді, бірақ… – деп күдігін сездіріп алды жетекшісіне; дереу жуып-шаюға көшті. – Мағдан Жұрағатұлы, ғафу етіңіз! Мен өзіңіз жиі еске салатын теориялық тұрғыдан айтып қалғаным ғой.

– Дұрыс айтасың, өзім де екі ойлы болып тұрмын!?

– Жо-жоқ, Мағдан Жұрағатұлы, қорған тоналмаған! Жалпақ тастар шелпектей қатталыпты. Сандықшалана қойылған шақпақ тастар да сол қалпы. Сыны бұзылмапты. Бұл төбе жай емес. Маған сеніңіз!

– Ойымның үстінен түстің. Тоналмағаны көрініп тұр.

– Мұны Жады Толик тоната ма? – деп Декабрист Қаржау араласты. – Ол баяғы кезде әлдебір  орыстарға мылтық атып, жолатпай жіберіпті дейді ел… Ал өзі осы төбені аңдып жүреді. Төбесіне түнеп шығатыны да бар. Ақсөңке сайға барып аруақ шақырады… Кей жылдары жазда сол сайдан адам бассүйегін әкеліп, төбенің басына баспен бірге қонып жатады. Мұны бүкіл ауыл біледі. Жады ғой деседі жұрт… Бейшара пендесін құдай аясын деп, ешкім қарсы келмейді. Ақсөңке сайға баруға да жұрттың жүрегі дауаламайды. Сайда адам сүйектері ақсөңке болып шашылып жатады екен. Кезбе Толу ғана олармен бақұлдасып жүреді.

– Дұға оқи ма сонда? – деп профессор таңдана сұрады.

– Білмеймін, аға, бірақ тауды жаңғыртып зарлап жүреді. Ауылда оның зарын білетіндер бар. «Жадының зары» деседі. Құран оқығанын көргеміз жоқ.

Олар шатырға қарай жүрді.

Бұлақтың салқын суын өгіздей жуан бөшкеге толтырып, трактор тіркемесі үстіне бекітіп, шатыр қасына Декабрист Қаржау түн ортасында әкеп қойған. Бөшке шүмегінен  суды сыздықтата ағызып, Дулат екеуі жалаңаш кеуде жуынып алысты. Профессор беті-қолын жуып, жуан мойнын сулады.

Үшеуі де шатырға келіп, салқын су ішісті.

Ауыл жақтан шаңдақ шаңын көтерген қос көлік көрінді. Екеуі де жеңіл көліктер.

– Бұлар кім болды екен? – деп Дулат алаңдады.

– Қалжырдың имамы.

– Таңертең келмей, түсте келгені несі!?

– Мен «кешірек келсін» дегем… Мола түске қарай ашылып қалар, сол кезде дұға оқысын деп.

– Оның да жөн екен, – деп профессор Декабрист Қаржау ойын қолдады.

Анадай жерде шәкірт жастар түскі ас қамына кірісіп жатты. Олар тастан ошақ қалап, шай қайнатып, түннен қалған асты жылытуға көшкенді.

Ал трактордың темір астау-күрегінің ішінде жатқан Толғанбайға ешкім де мән бермеген. Тек темір астау ішіне Ақжамбы апасының үйінен көрпе-жастық тасып, Жады Толикке су беріп, жамбасын күн қыздырған күреуіш күйдірмесін деп мақау бала ғана бәйек.

Ескі иномарка көлігіне мінгендер де ақ шатыр басына жетті. Имам мен Қалжырдың жігіттері екен. Имам да отыздардағы жас жігіт болып шықты. Олар қысқа амандықтан соң өздерімен пісіріп ала келген жас марқаның сірнесі мен жеміс-жидекті, бауырсақ пен ыдыс-аяқты түсіріп, шатыр асты жерге жайылған дастарханды жайнатып жіберді.

Студент шәкірттер де бұрқылдатып шайды әкелді. Бәрі мәре-сәре болысып, киіз текемет бен сырмақ үстіне төселген құрақ көрпелерге тізе бүгісіп, ас қамына кірісті. Дулат жетекшісіне қолдан жасалған тәйпақ орындық ұсынып еді, ағаш орындыққа ол отырмай, малдас құрды.

Тек қалжырлық төрт жігіт бауырсақтан ауыз тиісіп, жолға шығуға беттеді. Олар Декабрист Қаржауды оңашалап шақырды. Көліктің бірінің жүк салғышынан бір ағаш қорапқа толы арақ, коньяк, виски түсірді. Оны  ақ шатыр іргесіне көлеңкеге қойды.

Декабрист Қаржау:

– Жігіттер, рақмет! – деді ақырын ғана.

– Оқасы жоқ, аға! Сұңғат ағаны жоқтатпаймыз. Ол кісі түнге Күршімнен, болмаса Зайсаннан полиция алдырыңдар деген… Біз сонда тарттық.

– Күзет керек болады, мола ішінен «алтын адам» шығып жатса… Ал ана Жады Толикты қайтеміз? – деп, трактордың аулақта обиып тұрған алып күреуішіне иек қағып.

– Ол осында ма еді?

– Байлап тастадық. Оны бірдеңе істеңдер…

– Түсіндім, ағасы!

– Мына жұмыс біткенше, бір жерде ұстай тұрыңдар. Қолдарыңды батырып жүрмеңдер бірақ… Сұрап алар иесі жоқ демеңдер! – деп ескертті Декабрист Қаржау. – Тәңірінің тілегі түскен пендесі.

– Бір тал қылы қисаймайды, Декабрист аға! Аман-сау өз қолыңызға тапсырамыз!

– Келістік, – деп Декабрист Қаржау қол алысты.

Олар Кезбе Толуды көксеркедей көтеріп алып, көліктерінің жүк салғыштарына шынжырға маталған күйі тоғыта салды. Қос көлік шаңды шұбалтып, асфальт жолға қарай тартып отырды.

Имам жігіт шатыр басында қалды…

Декабрист Қаржау көзінен бұршақ-бұршақ жас тамшылаған мақау Отанды ертіп, етегі түрілген шатыр астынан тамақ ішуге беттеді. Бала Жады Толикты ойлап келе жатты. Ол кенет суыра соққан құйынмен Толғанбайдың зарын естігендей болды.

Құлағына Кезбе Толудың ауыл қатындарына қаратып айтатын тәмсілі алдымен келді. «Байымен қосып байтағын жалмағырлар!..» Іле зарлы күбір санасына суси оралды.

Сайдағы басты санаймын,

Таудағы тасты санаймын…

Санына жете алмаймын…

Бұрыштап басты қалаймын,

Жанымды жалғыз қинаймын!..

Бастарды ұстап ойнаймын,

Басымды қысып ойлаймын!..

Санына жете алмаймын!..

Бала Отан ойланып келеді…

Шаңқай түс ауа қорған-төбе басында жұмыс қайта қызды…

Алып швед тракторы ортадан ойып тұрып салған тас жақпарлы қос қабырға арасына тағы ентелей енді. «Былғары табыт» төбесі биіктеп, дәу трактор өзі қазған арнаның ішінде анандайдан кішірейіп көрінді.

Былғары табыт төбе-қорғанының биіктігі мен алыптығын жаңа аңғарғандай:

– Жарықтық! – деп Мағдан Жұрағатұлы таңдана тамсанды: – Паһ! Зор екен!

– Мағдан Жұрағатұлы, өте үлкен оба! – деп Дулат та қоштап қойды.

– Дулат, сен неге тракторға отырмадың?

– Қаржау ағаға текке кедергі жасайды екем. Менсіз де мінсіз қазатыны көрініп тұр. Декабрист қасына отырмай-ақ қоюымды өтінді.

– Иә, тәжірибелі жігіт. Жақпар-жақпар тас қабырға қалыпқа құйғандай… Құдай сәтін салсын! Тек «тоналмаған болсын!» деп тілейік!

– Мағдан Жұрағатұлы, тәңірі тонатпауға тиіс! Мұндай ескі қорған Алтай тұрмақ, әлемде сирек ұшырасады. Жолымыз болар…

Жандарында тұрған имам жігіт үндемеді…

Ол оқыс:

– Бәрі де Алланың қалауымен! – деді.

Сонда ғана имамға таңырқай қараған Мағдан Жұрағатұлы:

– Имам бауырым, Алланың жолында жүрген адамсың, қабір ашылмай тұрып, дұға бағыштап жіберсең қайтеді?! – деп өтінгендей болды; көкейіндегі күдігін Құран дұғасы сейілтетіндей үмітпен сұрады. – Ақсарбасты да сосын соярмыз… Мен таңертең Қаржауға сойдырмағам.

Имам жігіт бір сәт ойланып қалды…

– Бағзы мола дегеніміз болмаса, дұға мәйітке тие береді ғой… – деп профессор сөзін жалғады. – Құранға ежелгі мола қайшы келмес.

– Қорғанға Құран оқу қайшы келеді дегенді естімеппін, – деп Дулат та пікір қосты. – Әрине бұл оба исламға дейін үйілген… Десе де дұға оқуда тұрған түк жоқ.

– Мен «қабір ашылған соң, сүйек көрінген соң» оқимын ғой деп келіп ем… Қалай болар екен, егер сүйек жоқ болып шықса?!

– Бауырым, түк те болмайды!.. – деді профессор. – Екі мың жылда сүйек топыраққа айналып кеткен шығар. Біздікі – сенім.

– Оқы, имам, оқы! – деді Дулат та тызақтап; жетекшісінің сеніміне селкеу түсіріп, имам жігіт қайтарып тастайма деген қауіппен: – Құран қуаты күшті, бәлкім қабірдің тез ашылуына көмектесер!

Имам азамат сөзді созбады, жүрелей отырды да:

– Ашһаду Аллаһ!.. – деп әуездете жөнелді.

Оны бірақ Қаржау білген де жоқ, трактор қауғасын тастақты төбеге абайлай батырып, қазуын жалғастыра берді. Құмдауыт жерге тізелерін бүккендер тым-тырыс дұға әуезіне ұйыды. Жай күнде дұғаға ұюды әдет қылмаған қос ғалым дәл қазір жарық дүниені ұмытардай бар ынтасын аударып алған еді…

Имам да әуенін әуелете түсіп, дұғаны ұзағынан қайырды. Ал шатыр көлеңкесіне тығылған студенттер үйездеген қойдай үймелесе қалыпты…

Әлден уақта бәрі де орындарынан тұрысты. Профессор ұйып қалған белін жазды. Үңірейіп тұрған қуыс төбеге қарады.

Қорған қазушы ортан белден асса керек. Қаржау да шегіне шығып, қауға толы тас-топырақты төкті де, кілт тоқтап, тракторын өшірді. Трактордан түсіп, бұларға қарай жүрді.

Жылдам адымдай жеткен Қаржау:

– Мағдан аға, трактор қауғасы ортаға жеткенше, жиналған қиыршық тас қабатты қиналмай алып келе жатқан, – деді маңдай терін мойнына салып алған орамалмен сүртіп: – Тастақ қабат астындағы жұмсақ жерге тісі тигенде майға кірген пышақтай жылп ете түскенінен біле қоюшы ем… Ары қарай қазбай тоқтататынмын. Дулат бір деңгейде қазып, обаның тастақ табаны таусылған – таза жер қабаты  бетімен жылжып отыр деген. Соны бұлжытпай орындап келе жатқам. Ал ортаға жете бере өте бір қатты, қауға батпас гранитке жолықтым… Соны сіздерге айтайын деп келдім.

– Не дейсің? Ой, айналайын! Айналдым сенен!..

Мағдан Жұрағатұлы тракторшы жігітті қапсыра құшақтай алды.

Дулат та қуанғанынан «Сол! Сол! Таптық!..» деп айқайлап, орнынан лақша секіріп-секіріп кетті. Бас салып имам жігітті сүйіп жатыр. Шыдай алмай құшағын Декабрист Қаржауға қарай аша ұмтылды.

– Кеттік, Мағдан Жұрағатұлы! – деп жетекшісін қолынан сүйрей жөнелді.

Сонда ғана Декабрист Қаржау:

– Тоқтаңдар! Тоқтаңдар! – деп жүгіре етектерінен жармасты.

– Неге? Не боп қалды? – деп Дулат шар ете түсті.

– Иә, не болды, Қаржау? – деп аңтарылды профессор да.

– Жақпар тасты қабырға қауіпті! Су орған жыра секілді… Басып қалады.

Ентелей ұмтылған профессор да, Дулат та кідіріп қалды.

Екі жағы сұлудың тісіндей қаттала тізілген қатпар тастардан, кей тұста кемпір ауыздана опырая ойылған, әр жерден қазандай қара шақпақ тастар салбырай шығып тұрған, ара-арасынан құмды топырақ саулаған жыра-қабырға үрейлі еді. Мұндай қауіптің болатынын археологтар да күтпеген-ді.

Алып-ұшып тұрған көңілін баса алмаған Дулат:

– Мағдан Жұрағатұлы, сіз тұра тұрыңыз! Не де болса, мен барайын!.. Теориялық тұрғыдан… – дей беріп еді;

– Былай істейік, – деп Декабрист Қаржау сөзін бөліп жіберді, – трактор күрегіне отыр. Солай қауіпсіз.

– Дулат, бәрі сен айта беретін теорияға сәйкес келе бермейді… Тасты байқап көр! Қалың ба, жұқа ма? Айналасын тазалап, қалай жатқанына мән бересің ғой.

Профессор шәкіртіне тапсырма берді.

– Мағдан Жұрағатұлы, мұқият болам. Күрек пен щетканы кабинаға дайындап қойғам. – Дулат лып ете қалды.

Қаржау екеуі қамыс арасындағы жолбарыстың жымындай жыра қабырға ішімен жылжи түсіп, жарлауытты қуысқа жылдам-ақ жетті. Күректі биік көтеріп келіп, терең қазылған жардың тұйық түбіне түсіргенде, Дулаттың тәнін бір белгісіз діріл билеп өтті.

Трактордың өзі тәмпиіп қалған қара көлеңке тұйық түбінде салқын ызғар бар екен. Қос өкпеден қысқан жалпақ, шақпақ тасты алып қабырға қуыс пен қасқа маңдайдан опырая құлағалы тұрған жарықшақ жар адамның зәре-құтын қашырады. Жоғарыдан көк аспанның қиығы ғана көрінеді.

Қауға-күректен жеңіл түскен Дулатты әлдеқандай құштарлық пен қуаныш билеп алған еді. Осы бір көтеріңкі көңіл ойынан бір сәт бөлінбей езген Қуат бауырына деген қасіретті сезімді де басып, ұмыттырып жіберді…

Тұйық түбіне қарай «Бісмілла!» деп қадам басты. Соңындағы болат қауға артқа қарай жай жылжып, тістері ақсиып жоғары көтеріле берді. Мұның бойынан сәл көтеріліп, тап төбесіне қалқан болып жапты. Сонда да қауіпсіз емес еді.

Тұйық түбінде тәні тоңазыды… Іргеден ызғарлы леп есті. Ойы мен бойын жиып алған Дулат қорқыныштан тез арылды. Жоғарыдан тысырлап құлаған тас қиыршықтары мен анда-санда сау ете қалған құм сусылына да еті үйреніп, табан астына үңілді.

Қолына археологтар ұстайтын арнайы қысқа сап күректі алған Дулат бірден кірісіп кетті. Алдымен ені трактор еркін сиярлықтай кеңітілген тұйық түбінде болат қауғадан қалған ұсақ шақпақтар мен сынған жалпақ тастарды күреді. Құмдауыт пен топырақты да тазалай қабырға етегіне ысырды.

Кенет қаракөлеңке қуыс түбінен көзіне бір нәрсе ағараң еткендей болды. Көзін уқалап жіберіп, қайта қарады. Ештеме жанарына шалынбады.

Күрекпен есілген құмдауытты тағы сиыра бастады. Осы сәт аппақ мәрмәр оттай басылды.

– Құдай-ау, мынау Марқаның ақ мәрмәрі ғой!.. – деп қалай айқайлап жібергенін өзі де аңдамай қалды.

Трактордың бірқалыпты дүрілінен Қаржау бірақ естімеді… Ол тезірек қатерлі қуыстан құтылсақ екен деп, темекісін тартып отырған.

Дулат шеті шығып жатқан жалпақ мәрмәр жүзін жанталаса тазалай бастады. Мәрмәр тас аса көлемді болса керек, бұл бір бұрышын ғана арши алғанын байқады. Қалған жалпақ жүзі тұйық түбі мен қос қабырға жардың астына батып кетіпті…

«Құдайға шүкір! Тәңірі алқады бізді!.. Ұстазымның алдында абырой болды-ау!» деп күбірледі доктарант. «Мәрмәрім менің! Батыстан шығысқа қарай созылып жатырсың-ау!..» деп бағамдады.

Ол мәрмәр бұрышының айналасын жылдамдатып қаза бастады. Мәрмәр қыры біртіндеп ашылды. Күрек бойлата аршындай қазды. Құмсақ құйыла берген соң, алысырақ лақтыруына тура келді. Мәрмәр қалыңдығын білу үшін біразырақ тер төкті.

Бұрыш тақта аршылған соң, күрек сабымен де өлшеп көрді. Қол кезімен де санаған болды. «О, құдіреті күшті ием! Мына мәрмәр тақтаның қалыңдығы қырық сантиметрден астам ғой… Әй, төрт кездей бар!» деп ой түйді.

Осы бір сәтті күткендей-ақ:

– Дулат! Дулат! – деген Декабрист Қаржаудың шақырған дауысын естіді.

Трактордың есігінен шығып, Қаржау бұған:

– Болдың ба? – деп айқайлады. – Тездетейік!

Дулат әлі де тұйық түбін қимай тұрса да, трактордың жылан бауыр табанына көтерілді. Одан сатысымен өрлей кабинасына кірді. Қаржау қауғасын төмен түсіріп, шегіне берді.

– Қаржау аға, сіз неге мені жаңа трактор күрегімен әкелдіңіз? – деп оқыс сұрақ қойды.

– Е-е, оны қойшы! Сенің жүрегің үрейленбесін… үйренсін дегем. Құлама жардың ішінде… қаланың қаратаяғысың ғой. Өзің не бітірдің? Әлгі қатты не екен? Қара тас па екен?

– Ғажап, аға! Құдай-аруақ қолдады!.. Марқаның граниті. Өзі аппақ. Өзі үлкен. Қабырға астына батып жатыр.

– Не дейді?!

– Тап бұрышынан шығыпсыз.

– Бұрышы ма екен?

– Иә, аға! Нағыз саркафак… Қалыңдығы мына күрек сабындай.

– Ой, Аллай! Сұмдық-ай! Шынымен бе?! Әйтпесе, әлгі алжыған Жады Толиктің әңгүдік сөзіне еріп деп… Сенбеп едім. Таудай төбені текке ақтардық-ау десем. Терім ақталды.

– Аға-ау, теріңіз не, күллі қазақтың тері десеңізші!..

– Алтын адам шыға ма?

– Оны білмеймін, аға! Әзірше… Ертең точна білеміз! Не жатса да, аса құнды дүние жатуға тиіс! Кәміл сенем!

– Мың жылдық көр қопарып жатырсыңдар… Әйтеуір, артының қайырын берсін! Елге пәлесі тимесін Әмір Темір падишаһтың мүрдесіндей… Шапағатын шашсын!

– Аға, қорықпаңыз! Сіз декабрист батыр емессіз бе?! Мың емес, екі мың жылдық мола… бұл. Киесі де, иесі де жоқ. Иесі – біз.

– Әй, байқаңдаршы! Ескі көрді жаңғыртпайды қазақ… Сендер тіпті қопаруға көштіңдер.

– Ғылым мен тарих үшін!.. Өткен мен болашақ егіз. Өткенсіз болашақ жоқ, аға. Баяғы нар заманды білмей, кейінгі зар заманды, тар заман мен сор заманды білмейміз… Сол үшін де қабір қазып жүрміз, аға!

– Әй, қайдам! Қайдам! Қазір бәрі атақ үшін болды ғой… Ақша үшін арын сатып кетті ғой еркегі де, әйелі де! Әкімі де, азаматы да… Мұны қай заман дейміз? Арам заман дейміз бе?

Дулат үндей алмай, тосылып қалды… Бұлар қабырға-жардың аузына да келіп қалып еді.

Трактормен үйіліп қалған жалған төбе қасында тұрған профессор мен имамды студенттер, мақау Отан қоршап алыпты. Олар да қорған қолқасындай аузынан көрінген бұларға жапатармағай жүгірді. Профессор да балаша ұшып келеді.

Дулат жерге түскен бойда бәрі тыныштала қалды.

Профессор ентіге жетіп, асыға сұрады.

– Бар ма екен?

– Бар. Саркафактың беті сияқты…  Тұтас мәрмәр.

– Болды, айналайын! Болды. Қалғанын сосын, – деп Мағдан Жұрағатұлы доктарантын қолтықтай жөнелді.

Олар шатырға қарай улап-шулап бұрыла берді. Жастар атаулы ұлы бір майданда жаудың бетін қайтарғандай желпініп алыпты.

Асқар Алтай

жазушы

Осы айдарда

Back to top button