Білім

Бұйрықты талқылау басталды

Білім саласына басшы болу оңайлықпен қолға түсетін олжа емес. Басшылық қызметке тағайындалу ендігі жерде тіптен қиындай түспек. Тәртіп күшейіп, талап қатаңдатылуда. Осы мәселеге қатысты оқу-ағарту министрлігінің бұйрығы талқылауға шықты.

Бұйрықта бір емес, бірнеше мәселе қарастырылған. Сондықтан  білім саласының мамандары бұл бұйрықты талқылауға ой қосып, тәжірибелерімен бөліскені құба-құп болмақ. Бұл жолғы ұсынылған құжатта мектеп, балабақша директорларын тағайындау тәртібі және жұмыс берушінің шешіміне сәйкес конкурс бойынша қабылдау нормасы енгізілген.

«Білім беру саласындағы уәкілетті органның қарамағындағы мемлекеттік білім беру ұйымының бірінші басшысы лауазымына орналасу тағайындау тәртібімен немесе конкурс бойынша жұмыс берушінің шешіміне сәйкес жүзеге асырылады. Аталған тұлғаны жұмысқа қабылдау еңбек шартын жасасу және жұмыс берушінің акт шығару жолымен жүзеге асырылады. Білім беру ұйымының бірінші басшы лауазымына тағайындау оның тиісті бос лауазымға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда жүзеге асырылады» делінген бұйрықта.

Бұйрықта бірқатар өзгерістерге қадам жасалғанын көруге болады. Ендігі кезекте бір адам қатарынан бірнеше бос немесе уақытша бос лауазым міндетін атқара алмайтындығы да көрсетілген. Сондай-ақ білім беру ұйымдарының басшысы қызметіне орналасу барысында біліктілік тестілеуінен босатылатындардың қатары артпақ. Өйткені бұйрықтағы өзгеріске бай ланысты әлемінің үздік 100 университетінде білім алған азаматтар да ендігі жерде тестілеуден босатылмақ. Бұрын бұл мәселе басқаша болатын. Тек қана Президенттік кадр резервіне енгендер, Назарбаев университетінің түлектері және «Болашақ» стипендиясы бойынша білім алған түлектер емтихан бермей-ақ басшы бола алатын. Алдағы уақытта әлемнің үздік оқу орындарының бірінен білім алып келсең, қиналмай басшы болуға мүмкіндік тумақ.

Аталған бұйрыққа байланысты «Quacquarelli Symonds World University Rankings», «Times Higher Education» (THE) университеттерінің  рейтингтері бойынша әлемнің үздік 100 университетінде, әлемдік университеттердің «Academic Ranking of World universities» Шанхай рейтингінде өз бетінше оқыған түлектер тестілеуден босатылатындығы көрсетілген.

Ал емтихан тапсыратындарға да аз-кем жеңілдік бар. Жаңа бастамаға байланысты тестілеу сұрақтарының саны қысқарған. Бұған дейін емтихан тапсырушылар 100 сұраққа жауап берсе, алдағы уақытта 60 сұрақ бойынша ғана емтихан тапсырмақ. Сұрақ қысқарғанымен емтихан тапсыру уақыты қысқармаған. Берілген тапсырмаларды орындау үшін бұрынғыдай кандидатқа 180 минут берілмек. Бұйырықта бұдан өзеге де білім саласына қатысты мәселелер ұсынылған. Бұйрықты ашық талқылау 14 қарашаға дейін жалғаспақ.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button