Қоғам

Бүркіт саны азайып барады

Бүркіттің Қызыл кітапқа енгізілген құс екендігін біле жүрген жөн болар. Бүркіттердің саны жылдан-жылға азаюына байланысты Қазақстанның Қызыл кітабына 1996 жылы енгізілген. Сондай-ақ бүркітті заңсыз аулаған жағдайда 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде /1 225 200 теңге/  айыппұл салынып, заңға тартылады.

Бүркітті байырғы қазақ білгенмен бүгінгі ұрпаққа бейтаныс болып бара жатқандығы анық. Сондықтан қыран құс жайлы қызықтарды тілге тиек ете кетсек. Жалпы бүркіттер аң аулауға аз ғана уақыт жұмсайды. Олардың өмірінің көп бөлігі айналасында болып жатқан құбылысты бақылаумен өтеді. Сонымен қатар оларға күн сайын аң аулаудың қажеті жоқ, өйткені олар зобта бірнеше күн бойы тамақ жинай алады. Бүркіттер құрлықта және суда да аң аулайды. Олар аулаған жемін балапандарды тамақтандыру қажет болмаса, оны сол мезетте жеуге тырысады. Бүркіт суырқоянтүлкіборсықты, кейде тышқан мен саршұнақты, тасбақаны, тұяқты жануарлардың (ақ бөкенелік)  төлдерін жейді. Бүркіт аңды тырнағымен емес, табанындағы бездерімен буындырып өлтіреді.

Табиғи жағдайда бүркіт жүз жылдай тіршілік етеді. Бүркіттер төрт жасында денесі толысып, жыныстық жағынан жетіліп, ұя сала бастайды. Күй ойнағы басқа жыртқыш құстардікіндей өтеді. Бүркіттің еркегін қазақта сарша немесе шәулі, ұрғашысын ұябасар деп атайды. Жұптасқаннан кейін  тіршілігінің соңына дейін бірге жүреді. Әрбір жұп бүркіттің 2-3 ұясы болады, оларды үнемі алмастырып отырады. Бүркіт қаңтарда шағылысып, ақпанда ұя салып, наурыздың басы немесе сәуір айының соңын ала көмескілеу қоңыр дақты бір не екі жұмыртқа салады. Оны шәулі мен ұябасары кезектесіп 40-45 күн басады. Жұмыртқадан шыққан балапан бір аптадай құсықпен қоректеніп, кейін ет жемге ауысады. Балапанның осы аралыққа дейінгі кезеңі «ақ үрпек» деп аталады. Балапан қасқыр, түлкі, еліктердің етін жеп дәніккен соң барып аңдарға құмар болады.

Міне, осындай құстың өңірімізде азайып бара жатқандығы өкінішті-ақ. Санының азаюының негізгі себептері: заңсыз аулау, қолда өсіру үшін ұядан балапандарын алу, ересек құстардың электр сымдарында, қақпан маңыңдағы уланған жемдерді жеп өлуі және қақпанға түсуі. Бүркітті қорғауды кеңінен насихаттап, заңды түрде бақылау тәртібін белгілеп, аңшы құс ретінде қолда бағу жағдайын жасау керек. Бұл қазақтың аңшылық өмірінің символы болған құндылық іспетті құс. Сондықтан да оған қамқорлық жасауымыз керек.

А.Шәріпқанова, ҒАжЭМ бөлімінің ғылыми қызметкері         

Осы айдарда

Back to top button