Спорт

Бурабайдың өз чемпионаты бар

Өскеменде волейболдан ерекше бір жарыс өтті. Ерекшелігі сол, оған қатысқан команданың барлығы бір өңірдің, тіпті бір елді мекеннің – Күршім ауданындағы Бурабай ауылының ұжымдары болды. Атап айтсақ, бұл жолғы сайыста аталмыш ауылдан келген сегіз бірдей команда сынға түсті.

Жалпы, бір ғана Бурабайдан осыншама команданың қатысқанына қарап, бұл елді мекеннің жасы да, жасамысы да спортпен, соның ішінде волейболмен тыныстай ма деген ойда қалатының рас. Осы ретте, қашан да береке-бірлігімен, ұйымшылдығымен ерекшеленетін Бурабайдың халқы волейболдан өз ауылдарының чемпионатын өткізуді дәстүрге айналдырғанын айтқан жөн. Тіпті ондай чемпионаттар ауылдан бөлек, қалада да ұйымдастырыла береді екен.

Бұл жолы облыс орталығында жалауын желбіреткен жарыс жыл бойына созылатын сол доп додасының бір парасы ғана деуге болады.

Дәл осындай айтулы жарысты ұйымдастырып жүрген азаматтардың сөзіне сенсек, Өскемендегі №46 мектептің спорт залында өткен сайыстың ойындары тартысқа толы болыпты.

– Бүгін Бурабай ауылы чемпионатының екінші тур ойындары өтуде. Бір айта кетерлігі, жарысқа жастар да, орта жастағылар да, тіпті аға буын өкілдері де қатыса береді. Ешқандай шектеу жоқ. Жыл санап, командалар санының артып келе жатқаны қуантады. Мұның өзі біздің ауылда волейболға деген қызығушылықтың өте жоғары екенін аңғартса керек. Сырттан қолдау көрсетіп жатқан демеушіміз жоқ. Бүкіл шығынды ауылымыздың атқамінер азаматтары көтеріп алады. Ал бір айдан кейін өтетін чемпионаттың үшінші тур ойындарының шығынын өз мойныма алатын болдым. Жігіттер бұл ұсынысымды қуана құптады. Жалпы, мұндай спорттық іс-шараларды өткізудегі мақсатымыз – жастарды спортқа баулу, салауатты өмір салтын насихаттап, ынтымағымызды нығайту, – дейді жарыстың басы-қасында жүрген Асылғазы Серікбаев есімді кәсіпкер ағамыз.

Белгілі болғандай, көптің көңілінен шыққан осы бір аламанда көш басынан «Ауыл жастары» командасы көрінді. Жарыс ұйымдастырушылары атынан жеңімпаз ұжымға 90 мың теңгенің сертификаты мен арнайы медальдар табыс етілді. Бұл жолы екінші орынға табан тіреген «Қала» волейболшылары 60 мың теңгеге ие болса, үздік үштікті түйіндеген «Барақ батыр» командасы 30 мың теңгенің сертификатын еншіледі.

Сондай-ақ жекелей аталымдар бойынша үздік деп танылған волейболшылар да алқаланды. Олар: Нияз Сақалбаев («Үздік ойыншы» (MVP)), Диас Бақытқан («Үздік шабуылшы»), Аслан Ибраев («Үздік байланыстырушы»), Ернат Абдрахманов («Үздік блок қоюшы») және Мәди Қабдығали («Үздік қорғаушы»).

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button