Білім

Бітібаеваның биігі баршаға үлгі

Бітібаеваның биігі баршаға үлгі


Өзі өмірден кеткенімен, тірлігінде жасаған өнегелі ісі мәңгі өшпейтін жандар болады. Солардың бірі – барша қазақтың Хан апасы атанған ұстаз, «Құрмет» орденінің иегері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Қанипа Бітібаева. Ұлағатты ұстаз бейнесі жылдар озған сайын биіктеп, халықтың санасында жаңғыра беретініне Өскемендегі Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінде өткен «Бітібаева оқулары» республикалық ғылыми-тәжрибелік конференциясы барысында тағы да бір мәрте көз жеткіздік.

Әдістемелік кабинеттің берері көп

Ұстаздың мол мұрасын жаңғыртатын осынау шараға республикамыздың сегіз өңірінен қонақтар келді. Қыстың қыраулы күніне қарамай еліміздің бас қаласы Астанадан бастап, Алматы мен Атыраудан, Ақтөбе мен Петропавлдан келген қатысушылардың қай-қайсысы болмасын Хан – апаға арналған осынау шараның – қазақ тіліне жасалған үлкен құрмет екенін жақсы түсінген сияқты. Республикалық деңгейдегі «Бітібаева оқулары» ғылыми-тәжірибелік конференциясының беташары облысқа ғана емес, есімі республикаға кеңінен таныс айтыскер ақын Аслан Ғафуровтың жыр шашуымен ашылды.

…Сөзің жатыр қазақтың даласында,
Ізің жатыр Өскемен қаласында.
Алланың берген бағы осы емес пе?
Айналған ана тілдің анасына, – деген ақын сөзінде ақиқаттың жатқаны рас. Бітібаеваның биігі – ана тілінің биігі. Бүкіл саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған жерлесіміз жас ұрпақты ана тілінің нәрімен сусындатып, баптады. Оның «45 минуттан 45 минутқа жалғасқан ғұмыры» туған тілдің туын биік ұстаумен өтті. Ең алғашқы сөз облыстық білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Қажымұқан Оспанғалиевке берілді.

– Қазақстанның дамуына үлесін қосқан, сонау кеңестік кезеңнен аты шығып қазақтың Хан апасы атанған атақты апамыздың еңбектерін ары қарай жалғастырып, жастарға тарататын бүгінгі іс-шараның маңызы өте зор. Өзінің саналы ғұмырын жастарды тәрбиелеуге, ұстаздыққа, білім мен ғылымға арнаған Хан-апамыздың атаулы әдістемелік кабинетінің осы білім ордасында ашылуы да бекерден-бекер емес. Өйткені, әрбір адамды болашаққа жетелейтін алғашқы қадам осындай оқу орындарынан басталады. Сондықтан колледж ұжымының жұмыла отырып осынау іс-шараны атқарып отырғанына қуаныштымыз. Әрине, жастарды осындай үлгі-өнегемен тәрбиелеу қажет. Бұл – ұрпақтар сабақтастығы, – деген Қ.Оспанғалиев ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Бұдан кейін сөз кезегін Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының вице-президенті Ғани Бектайұлы Бейсембаев алды.

– Жалпы, қазақ елі өзінің даналарына тіркес тіркеп, аялап өткен. Мысалы Әз-Тәуке, Салқам Жәңгір деген секілді, біздің Қанипа апамызды да қазақтың Қанипасы, Хан-апа деп бекер атамаса керек. Жалпы, бұрынғы 15 мемлекеттің басын біріктірген Кеңес Одағында Мемлекеттік сыйлықтың иегері атағына бес-ақ мұғалім ие болса, Қазақстанда ол атақ жалғыз мұғалімге, Қанипа Бітібаеваға бұйырған. Бұл – феномен, – деген Ғани Бектайұлы осынау шараның жәй шара емес, бұл ұстазын, ұлы азаматын ұлықтауға өнегелі дүние екенін ерекше атап айта келіп:

– Кезінде Жезқазғанның Шет ауданының Тезекбай дейтін ақыны «Жаратқан ием Абай мен Мұхтарды ұрпаққа танытсын деп Хан-апамды әдейі жаратқан ғой» деген екен. Мен де осы сөзге қосыламын. «Рухани жаңғыру» осындай азаматтардың соңында қалған мұрасын ұрпаққа жеткізу арқылы іске асатынын еске сақтаған дұрыс. Менен «Қазақ ұстазының символы кім?» десе, Қанипа Бітібаева дер едім. «Қазақ ұстаздарының моделі кім?» десе, Қанипа Бітібаева дер едім. «Қазақ ұстаздарының пірі кім?» десе, Қанипа Бітібаева дер едім. Себебі, қандай ұстаз болу керек, қалай ұстаз болу керек, кімге ұқсау керек деген кезде осы Қанипа Бітібаеваны бағдаршам етіп алға ұстайтын болсақ, онда қоғамда белең алған індет пен дерттен біз біртіндеп арылар едік. Әрбір ұстаз Қанипадай болған жағдайда қоғам да ары қарай өсіп, өркендер еді, – деді.

Бұдан кейін сөз кезегін Қанипа Бітібаеваның туыстары алды.

– Апайымыз дүниеден өткеніне, міне, төртінші жылға аяқ басыпты. Жылдар ұзағанымен, бізге жақындаған сияқты. Қазақ «тау алыстаған сайын асқақтайды» дейді ғой. Атын өшірмей, жалғастырып жатқандарыңыз үшін сіздерге көп рақмет. Колледждердің ішінде Қанипа Бітібаева атындағы әдістемелік кабинет Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінде тұңғыш ашылып отыр. Колледж басшылығы болашақ мұғалімдерді ұстаздыққа ұлы ұстаздың үлгісінде баулуды көздеген сияқты. Рухани жаңғыру деген осы ғой, – деген Қанипа Бітібаеваның сіңлісі Жаңыл Омарғалиқызы алыс-жақыннан жиналған қонақтардың кеудесіне ұстаздың бейнесі бар төсбелгіні қадады. Ал Ұлан ауданының музыка мектебінің директоры Бақыт Омарғалиқызы колледж директоры Фархад Құрмановқа 400 мың теңгенің сертификатын табыс етті.

– Бұл – Қанипа Бітібаева атындағы шәкіртақы. Қанипа апай сияқты өткір тілді, қайсар, тілін, елін сүйетін студентіңізге тағайындаңыз. Бұл іс жалғасын табатын болады, – деді Бақыт Омарғалиқызы.

Бұдан кейін Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінде Қанипа Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиетін оқыту әдістемесі атаулы кабинетінің лентасы салтанатты түрде қиылды.

Бітібаеваның биігі баршаға үлгі

Шеберліктің шыңын бағындырған тұлға

«Бітібаева оқулары» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясының пленарлық отырысы ұстаздың педагогикалық мұрасын талқылауға арналды.
Ең алғашқы баяндаманы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры Шынар Құрманбаева жасады. «Қанипа Бітібаева – ұстаздық шеберліктің шыңын бағындырған ұлы тұлға» атты баяндамасында ғалым Қ.Бітібаева еңбектерінің басты құндылығы терең ғылыми-теориялық маңыздылығында екенін атап айтты. Қанипа Бітібаева жас маман кезінен, яғни 1968 жылдан бастап сол кездегі кеңестік білім беру жүйесінде кеңінен танымал болған академик Ю.Бабанскийдің оқу-тәрбие ісін оңтайландыру жүйесін пайдаланып, шағын ауыл мектебінде үлкен жұмыстар атқарыпты. Ал 1976 жылы Мәскеу қаласына барып, академик Ю.Бабанскийге жолығып, «Оқу-тәрбие жұмысын оптимальдендіру» туралы жоспарын көрсетіп, жоғары баға алуының өзі ұстаздық шеберліктің шыңына тура бет бұрғанын көрсетеді. Бүгінгі күнде Кембридж бағдарламасында белгіленген жеті модульде қарастырылған идеялардың өзі сол кезде Қанипа Бітібаеваның технологиясында болғанын байқауға болады.

Бітібаеваның биігі баршаға үлгі

– Қазіргі күндегі өзекті деген дуальды оқыту жүйесін де Қанипа апайымыздың арқасында С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың қазақ филологиясы мамандығының студенттері қолдана алды. Қазақ әдебиеті оқыту әдістемесі пәндерін біздің студенттеріміздің бірнеше буыны Жамбыл мектебіне барып, апай берген білім нәрімен сусындап, мол әдістемелік мұрасын қолдарына ұстап, көріп жүріп оқыды, – дейді Ш.Құрманбаева.

С.Аманжолов атындағы ШҚМУ қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Айжан Картаева да өз баяндамасында ұстаздың педагогикалық мұрасының құндылығына ерекше тоқталды. Ал Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ғауһар Рахымбаева мен осы оқу ордасының тағы бір мұғалімі Жадыра Сейсенбаева Қ.Бітібаеваның әдістемелерін күнделікті сабақта қалай қолданып жүргендері жайында әңгіме өрбітті.

Өскемендегі дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық арнайы мектеп-гимназия интернаты директорының инновациялық жұмыс жөніндегі орынбасары Бақытгүл Ауғанбаева өз баяндамасын Қ.Бітібаева атындағы республикалық ғылыми-әдістемелік зертхананың жұмысына арнады. Ұстаздың ғылыми-әдістемелік зертханасы бүгінгі таңда бүкіл республиканың ұстаздар қауымының инновациялық ізденістер орталығына айналып отыр.

Түстен кейін «Бітібаева оқулары» ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысушылар дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық арнайы мектеп-гимназия интернатына барып, Қ.Бітібаева мұражайын аралап, осы мектептегі Қ.Бітібаева атындағы республикалық ғылыми-әдістемелік зертханасының Қазақстан Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының мүшесі атануына арналған шағын шараға да куә болды. «Қ.Бітібаеваның педагогикалық идеялары мен тәжірибесі», «Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында инновациялық тәжірибенің білім берудегі тиімділігі», «Көптілділік – білім берудің жаңа сатысы», «Рухани жаңғыру –мемлекет тірегі, халықтың жігері» атты секция жұмыстарының да конференцияға қатысушыларға берері көп болды.

– Бүгінгі шара маған өте ұнады. Ұстаздықтың қандай қастерлі мамандық екенін терең түсінгендей болдым. Болашақты тәрбиелеу үшін ең алдымен біз, ұстаздар қауымы жаңашыл, ізденімпаз болуымыз керек, – дейді Семейдегі М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің оқытушысы Адина Адашақызы.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button