Білім

Бітібаева олимпиадасы білімділердің басын қосты

«Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі – өркениетті қоғам құруға ұмтылған ұлтымыздың ұлы мұраттарының бірі». Өскеменде төрт шетелдің, еліміздің алты облысы мен қалаларының 159 талаптысы қазақ тілін білуге деген талпынысын сынамаққа келген халықаралық олимпиадаға қатысушылар алдында облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ өз құттықтауын осылай бастады.

Бітібаева олимпиадасы білімділердің басын қостыШығыс Қазақстан өңірлік «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған «Құрмет» орденінің иегері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, АҚШ-тың Тусон қаласының және Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы, Өскемендегі Жамбыл мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қанипа Бітібаева атындағы бұл олимпиада екі күн бойы Дәулет Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да өтті.

42 жылдан бері
қазақ тілін оқытып келеді

– Құрметті ұстаздар, олимпиадаға қатысушы білімпаз балалар! Шетсіз-шексіз қазақ даласының бір қиырын алып жатқан Алтай өңіріне, қасиетті Абай, Шәкерім, Мұхтардай ұлыларды дүниеге әкелген шырайлы Шығыс жеріне қош келдіңіздер, – деді облыс Әкімі. – Қай-қашанда әр мемлекет, жалпы қауым ұстаздың алдында басын иіп, оның тәрбиелі де білімді ұрпақ өсіруі үшін барлық мүмкіндікті жасап бағады. Қазақта ұлағаты ересен «Бұлақ көрсең – көзін аш» деген сөз бар. Нақ сондай бұлақтардың көзін ашып, әр баланы ана тілін терең білуге баулып жүрген Қанипа Омарғалиқызының еңбегі орасан екеніне бүгін ашылып отырған білім сайысы барысында көздерің әбден жететініне мен сенімдімін. Өз орталарыңа оралғанда 42 жылдан бері қазақ тілін тереңдетіп оқытып келе жатқан, мен еш қорықпай-ақ айтар едім, Қазақстан ұстаздарының көшбасшысы Қанипа-ұстазбен қатар біздің өлкемізді де жыр қылып айтып барыңдар. Қадамдарыңа гүл бітсін!

Облыстық білім басқармасының бастығы Мәдениет Ахметованың айтуынша, қатарынан он екі рет республикалық, ал бұл жолы халықаралық деңгейде алғаш өткізіліп отырған олимпиадаға шақыру он шет елге жіберілген екен. Олардың төртеуі өзінің білімпаз, яғни, қазақ тілін білуге ұмтылған оқушыларын аттандырған көрінеді. Біздің ұлтымыздың негізі қалыптасқан Қара Ертіс бойындағы сайысқа келгендерге бұдан кейін салтанаттың бас иесі Қанипа Бітібаева сөз арнаған, қасиетті қазақ тілінің майын тамыза: «Ата-бабаңның әулие мекеніне келулеріңмен!» деп тебіреніп, жиналғандарды бір толқытқан.

Мөлдір мақсатына қол жеткізіп қайтты

Түркі тектес халықтардың тілдерін түбегейлі зерттеген Радлов, Мелиоранский, Малов сынды ғалымдар «осылардың ең әдемісі де, ең әуездісі де, ең байы да – қазақ тілі» дегеніне дәл осы олимпиадаға қатысқан талай саналы өреннің көзі жеткені даусыз. Білім, оның ішінде қазақ тілінің сайысына жақын да алыс Қытай елінен келген Мөлдір Гүңзабектің пікірін тыңдасақ:

– Мен Үрімжідегі №33 мектепте 10-сыныпта оқимын. Қазақстан жеріне бірінші рет табан тигізіп тұрмын. Маған сайыстың ұйымдастырылуы, Өскемен қаласы керемет әсер берді. Алматыда қызмет жасап жүрген әкем қазақ елін жыр етіп айтып отыратын. Рас екен. Оқу бітірген соң Қанипа апамдай ұстаз болуды қалап, қайтып барамын. Осында өмірімнің бір үзік кездері қалып барады. Тек сайыс қана емес, волейболдан өткен жарыс, «Шексіз дарындылық» атты форум көңіліме ерекше қонды, – деді ол таза бала көңілімен.

Ал моңғолиялық Нұрсәуле Болатбектің әсері тіптен керемет екен. Бір елдің үміт-аманатын жалғыз өзі арқалап келген ол:

– Бұл сайыс менің өміріме, үлкен өзгеріс әкелетін шығар. Қанипа апамның білімдарлығына тәнті болғанымды айтып жеткізе алмай тұрмын. Өзім ендігі жерде болашағымды Қазақстанмен байланыстырсам деген ойға келдім. Өйткені, мұнда білімнің телегей теңізі бар сияқты болып көрінді. Атап айтқанда, мектептен соң Өскеменде жоғары білім алғым келеді, – деді ақжарма тілегін жасыра алмай.

Кәдесіз қалған оқушы жоқ

Бір қызығы, таудай талап арқалаған бұл екі қыз да олимпиаданың қорытындысы шығарылған сәтте жүлдегерлер қатарында аталды. Мөлдір бірінші орын алса, Нұрсәуле екінші орынның биігінен көрінген. Сонымен сұлу һәм сырбаз қазақ тілі бойынша өткен халықаралық олимпиадада алматылық, қарағандылық, астаналық және семейлік, зайсандық (ішінде Мөлдір де бар) жеті білімпаз-оқушы бірінші орынға ие болса, 17 бала жүлделі ІІ орыннан көрініп, 30-дай оқушы ІІІ орынға көтерілді. Ал Серік Ақжол, Құралай Оралбекова және Еркін Қуаныш ШҚМУ тағайындаған тегін оқу грантына, бішкектік Еділ Сақалиев ШҚМТУ-дың грантына, катонқарағайлық, зайсандық және тарбағатайлық үш оқушы Шығыс Қазақстан аймақтық университетінің және Ұлан ауданынан келген Қызыр Іңкәр ҚАЕУ-дің грантына ие болып, мерейленді. Атап айтарлығы, білім олимпиадасына қатысқан басқа оқушылардың бәрі де сый-кәдесіз қалған жоқ. Оларға облыстық білім басқармасы мен «Дарын» орталығы тарапынан түрлі естеліктер тапсырылды.

Білім олимпиадасына келген оқушылар тек сайысқа түсіп қана қоймай, «Дарын» орталығы арнайы ұйымдастырған Ертіс өзені үстіндегі саяхатта болып, қаланың әсем жерлерімен танысса, олардың ұстаздары Жамбыл мектеп-гимназиясындағы Қанипа Бітібаеваның шеберлік сыныбында өткен дәріске қатысты.

Осылайша бір мақсат: қазақ тілін тереңірек меңгеру үшін алыс-жақыннан жиналып, сайысқан әр ел мен облыстардың 9-11 сынып оқушыларының олимпиадасы өзінің діттеген биігіне жетті.

Ғафура Сәрсенбайқызы

Осы айдарда

Back to top button