Білім

ҰБТ-ны қайта тапсыруға болады

 ҰБТ-ны қайта тапсыруға болады

Кезекті оқу жылы аяқталуға жақындаған сайын, мектеп бітіруші түлектердің, ұстаздар мен ата-аналар қауымының көңіліне алаң кіретіні шындық. Өйткені, алда ҰБТ деп аталатын жауапты сын тұр. Бір атап айтарлығы, биылдан бастап шекті деңгейді жинай алмаған бітірушілер ҰБТ-ны қайта тапсыра алады. Қайта тапсыру құны 2242 теңге болып белгіленіп отыр. Бұл мәселенің бүге-шігесін Өскеменде өткен ҰБТ-ны өткізудің технологиясын түсіндіру мен үйретуге арналған кеңейтілген семинар-кеңесте Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің сыртқы бағалау басқармасының басшысы Зинаш Жандилдинова айтып берді.
Бұл жүйенің еліміздің білім саласына енгізілгеніне он екі-он үш жылдың жүзі болыпты. 2004 жылы Білім және ғылым министрлігінің тікелей мұрындық болуымен енгізілген мектеп бітірушілердің білімін сынау жүйесі жыл сайын жетілдіріліп, кем-кетік тұстары түзетіліп келеді. Өңіріміздегі аудандар мен қалалардың әкімшілік қызметкерлері, білім беру мекемелерінің басшылары мен мемлекеттік комиссияның төрағалары, ҰБТ өткізу пункттерінің директорлары мен ҮЕҰ жетекшілері, ата-аналар мен БАҚ өкілдері қатысқан семинар-кеңесте басқарма басшысы ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесінің осынау 13 жылдағы нәтижесіне де тоқталды. Оның айтуынша, ҰБТ көздеген мақсатына жетіпті. Қазіргі жоғары оқу орындарында оқып жүрген түлектердің 60 пайыздан астамы ауыл түлектері екен. Бұл – үлкен жетістік. Сонымен бірге соңғы уақытта қазақ мектебін бітіруші түлектердің орташа балы орыс мектебі түлектерінің нәтижесімен теңесіпті. Зинаш Жандилдинова өз сөзінде мұны да ҰБТ жүйесінің зор жетістігі ретінде ерекше атап өтті.
Бір атап айтарлығы, биыл ҰБТ тапсыру кезінде шекті деңгейді жинай алмаған бітірушілер үшін екінші мүмкіндік беріліп отыр. Сынақта қажетті балл жинай алмаған түлектер тамыз айында ұлттық бірыңғай тестілеуді қайта тапсыра алады. Бірақ, ақылы түрде. ҰБТ-ны қайта тапсыру құны небәрі – 2242 теңге. Десе де ҰБТ-ны қайта тапсырғандардың мемлекеттік грантқа үміт артпағаны абзал. Олар тек жекеменшік оқу орындарына ғана түсе алмақ.
Сондай-ақ, Зинаш Жандилдинова биыл еліміз бойынша ұлттық бірыңғай тестілеуді копьютермен тапсыру бойынша қанатқақты жобаның Өскемен қаласында қолға алынып отырғанын да атап айтты. Әрине, ұлттық бірыңғай тестілеуді компьютермен тапсыру әр мектеп бітірушінің өзінің қалауына байланысты. Ешкім де оларды компьютерлік тестілеуге қатыс деп қыстамайды. Мұның бәрі жүйені жаңартып, жақсартуға бағытталған жұмыстардың бір көрінісі ғана.
Жалпы, өткен 2015 жылы облысымыз бойынша 8757 түлек мектеп бітірсе, соның 5950-і ҰБТ-ға қатысыпты. Бұл барлық мектеп бітірушілердің 67,9 пайызын құрайды. Ал орташа балл 2014 жылы 78,1 балл болса, өткен жылғы көрсеткіш – 80,2%. Зинаш Жандилдинова ҰБТ бойынша үздік нәтиже көрсетіп жүрген мектептерді де ерекше атап өтті. Олардың қатарында Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы №44 мектеп (орташа балл – 110,5), №3 мектеп (орташа балл – 109,4) бар.
Өткен жылы облыс бойынша 735 оқушы 100-ден жоғары балл алса, 282 оқушы шекті деңгейді жинай алмаған екен.
Десе де ҰБТ кезінде келеңсіз жағдайлар да орын алған. Былтырғы сынақ кезінде түлектерден 3018 тыйым салынған құрал тартып алынған көрінеді.
Сонымен қатар, семинар-кеңесте ҰБТ орталығы директорының орынбасары Болат Меншик те сөз алып, биылғы сынақтың ерекшеліктері туралы айтып өтті.
Семинар-кеңес соңында Зинаш Жандилдинова оқу жетістіктерін сырттай бағалау жүйесі туралы да қатысушыларға жан-жақты мағлұмат беріп, олардың сауалдарына жауап берді.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button