Білім

ҰБТ-ның алғашқы күні Шығыста қалай өтті?

ҰБТ-ның алғашқы күні Шығыста қалай өтті?

«Балапанды күзде санайды» демекші, оқушының он бір жыл бойы мектепте алған білімінің нәтижесін жазда шығарып, соңғы нүктесін қою біздің елде қашаннан бері дәстүрге айналған. Міне, 2-маусым күні республика бойынша ҰБТ басталып, қауырт тірлік қызып тұр. Ата-аналар мен ұстаздар, мектеп түлектері – бәрі жабылып, балапан емес, балл санап, естері шығуда. Түлектердің арасында ҰБТ-дан жоғары балл алып, жұлдызы жанғандар да, төмен балл алып, жүзін төмен салғандар да жетерлік. Олай болса, біздің өңірде ҰБТ-ның бірінші күні қалай өтті? Облыстық білім басқармасы әдейі шақырмаса да, ахуалды білуге журналист ретінде біз де арнайы барған болатынбыз.

ҰБТ-ның алғашқы күні Шығыста қалай өтті?

ҰБТ жақындаған сайын ата-ананың да, ұстаздар мен мектеп бітіруші түлектердің де көңіліне алаң кіреді. Бұған себеп те жоқ емес. Өйткені, он бір жыл бойы мектепте алған білімнің нәтижесін бір күнгі ҰБТ шешеді. Сүрінсең, «Алтын белгі» мен «Үздік аттестат» көзден бұл-бұл ұшып, арманыңнан көз жазып қалуың тым оңай. Жалпы Білім министрлігінің деректері бойынша, Қазақстанда 2004 жылдан бергі 12 жылда ҰБТ-ны 1,5 млн. түлек тапсырған көрінеді. Ал биыл еліміз бойынша 121 мыңнан астам бала мектеп бітірсе, оның 70 пайызы ҰБТ тапсыруға шешім қабылдаған. Оның ішінде біздің облыс бойынша ҰБТ тапсыратын түлектердің саны 5 727. Маусымның 2-сінде басталған ҰБТ-ның алғашқы күні облыста – мектеп түлегі тест тапсырды. Әрине, осынау жауапты сынақтан бағы жанып оза шапқандардың да, бабы келіспей төмен баға алғандардың да болуы заңдылық. Бір көңіл жұбатарлығы, ҰБТ-ны екінші, тіпті үшінші рет тапсыруға мүмкіндіктің барлығы.

Жылдағыдай биылғы ҰБТ Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ мен Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ базаларында ұйымдастырылды. Ертемен-ақ екі университеттің алды адамға лық толды. Сынақ тапсырушы түлектермен қатар, ата-аналар мен ұстаздардың да қарасы көп. Енді қайтсін, «баласы бәйгеге шапса, анасы тақымын қысады» деп қазекем әсте тегін айтпаса керек. Бірақ екі университеттің де ғимаратына бөтен адам аттап та баса алмады. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-де тест тапсырушы түлектердің ата-аналары мен таныстары тіпті университет аумағына да кіре алмаса, Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде түлектердің туыстары мен жақындары қоршаудың арғы жағында күтіп тұруға мәжбүр болды. Мұндай қаталдық бала тағдырына алаңдаған қауымның біріне ұнаса, бірінің көңілінен шықпады.

ҰБТ-ның алғашқы күні Шығыста қалай өтті?

– Түлектер ҰБТ тапсырып жатқан С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-нің бас ғимаратына кіргіз деп тұрғанымыз жоқ, университет аумағына жіберуіне болады ғой. Қаншама уақыт бойы сарғайып тұрғаннан аяғымыз шаршады. Басымыздан күн де өтті. Маңайда тізе бүгетін, отыратын бір орындық та жоқ, – дейді бір ата-ана ренішін білдіріп. Өзінен аты-жөнін сұрап едік, айтудан бас тартты.

ҰБТ-ның алғашқы күні Шығыста қалай өтті?

Ал керісінше Марат Биғазинов атты азамат:
– Бұл – тәртіп. Мұндай кезде міндетті түрде тәртіп болуы керек, – дейді. Ұзақ жылдар бойы әскери қызметкер болған адамның өзі де темірдей қатал тәртіпке бағынып, сынақ тапсырып жатқан ұлын асқан төзімділікпен күтіп тұр. Өскемендегі қазақ-түрік лицейін тамамдаған ұлының ҰБТ-ны сәтті тапсыратынына да сенімді.

ҰБТ-ның алғашқы күні Шығыста қалай өтті?

Сөйтіп, үш жарым сағаттан соң, ҰБТ тапсырған түлектердің де алды шыға бастады. Бірі сұрақтардың қиын болғанын айтып жатса, екіншілері керісінше бәрінің оңай болғанын, еш қиналмағанын жырдай етіп айтуда.
¬- Мен үшін ҰБТ сұрақтары жеңіл болды. Еш қиналғаным жоқ. Бәрі де өзім мектепте оқыған, дайындалған дүниелер. Он бір жыл бойғы білімімді дәлелдеп, жоғары балл аламын деп ойлаймын, – дейді №3 мектептің түлегі, «Алтын белгіден» үміткер Жұлдыз Төлеубекова.

ҰБТ-ның алғашқы күні Шығыста қалай өтті?

Сондай-ақ, осы мектептің тағы бір түлегі Дина Қыдырбекова да ҰБТ-ны ойдағыдай тапсырғанын ерекше сеніммен жеткізді. Бұдан оқысаң, дайындалсаң, ешқандай сынақтың қиын емесін көңілімізге түйгендей болдық.
Бұл күні Өскемендегі іргелі екі университеттің маңындағы қалың адам қарасы көпке дейін тараған жоқ. ҰБТ нәтижесін күткен қауым кешкі сағат 5-ке дейін осы маңайда сенделіп жүрді де қойды. Бәрінің әңгімесі – ҰБТ. Бәрінің көңілін үміт пен күдік жаулаған. Әрине, әдейі тың тыңдайтын әдетіміз жоқ, бірақ жұрттың арасында жүрген соң, көзің мен құлағың болған соң, жиналғандардың кейбірінің өрескел қылықтарын байқамау да мүмкін емес. Сонда бір мектеп бітірушінің айналасындағыларға, бәлкім олар жақындары да болар телефонды қалай қолданып, вацап арқылы жауаптарды қалай алғанын мақтанып айтып тұрғанын көріп, көңіліміз сәл қоңылтақсып та қалғанын жасырып қайтеміз. Сонда қалай? Сапалы білім мен жоғары білімге қол жеткізуде әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуді көздейтін бағалау жүйесінің де «тілін» табатындар болғаны ма? Тіпті, ҰБТ нәтижесі әлі шықпай жатып-ақ, кейбір ата-аналар баласының жоғары балл алғанын біреулерге хабарлап, сүйінші сұрап та жатты.

Қалай десек те, ҰБТ-ны жыл сайын қанша жерден жаңғыртып, жетілдірсе де, адамнан қулық артылмайтынын, мұндай жерде өз жемтігін тауып, ұпайын түгендейтіндердің әркез табылатынына көз жеткізгендей болдық.
Осылайша талай адамды ұйқыдан айырған ҰБТ дейтін үлкен сынақтың бірінші күні де артта қалды. Маусымның 4-і тағы да ҰБТ. Талапкерлерге сәт-сапар тілейміз.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button