Білім

ҰБТ-да оқушылары үздік шыққан ұстаздарға қосымша үстемақы төленеді

ҰБТ-да оқушылары үздік шыққан ұстаздарға қосымша үстемақы төленеді

Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ қазақ және ағылшын тілінің ұстаздарымен бірге мектеп қабырғасында үш тұғырлы тілді дамытудың 2016-2018 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасының жобасын талқылады.
Пән мұғалімдерінен бөлек мектеп директорлары мен педагог ғалымдар қатысқан мәжіліс әсіресе мемлекеттік және ағылшын тілін оқытудағы белең алып отырған көптеген келеңсіздіктердің бетін ашты. Әзірге мұндай бағдарлама бізден басқа ешбір облыста қолға алына қойған жоқ. Өңір басшысы мектеп қабырғасынан шыққан түлектердің не өзінің ана тілінде, не халықаралық ағылшын тілінде жатық сөйлей алмайтынына алаңдаушылық білдіріп, бұл мәселеде жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырған болатын. Осы тапсырма аясында облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар басқаратын арнайы жұмыс тобы құрылып, үш айдың ішінде аталған бағдарламаны жасап шығарды. Аймақ басшысы сөз басында өңірдегі тіл оқыту деңгейіне көңілі толмайтынын ашық айтты.
-Өз-өзімізді алдап қайтеміз? Мектептерде қазақ және ағылшын тілдерінің қажетті деңгейде оқытылмай отырғанын түлектердің тіл меңгеруінен көріп жүрміз. Оқыту жүйесі тиімді құрылса, бұлай болмауы керек еді. Бізге таныстырғалы отырған көптілді оқыту бағдарламасы қаншалықты тиімді екенін білгім келеді. «Келесі жылдан бастап енгізу асығыстық болмай ма?» деген сауалға жауап іздеуіміз керек, – деді облыс әкімі.
Аталған бағдарламаны құрастыруға атсалысқан Амантай Жылқыбаеваның айтуынша жоба бойынша бұдан былай мектептерде тілді меңгерту жүйесі селбесе жүретін болады. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ профессоры тіл меңгерту жүйесін үш кезеңге бөлгендерін айтады. Бағдарламаның ең басты ерекшелігі, оқушылар меңгеруі тиіс үш тілге ортақ сөз қорының минимумы бекітілмек. Яғни, оқу жылының бір аптасында бала қазақ тілінен отбасылық қатынастарға қатысты сөздерді меңгерсе, ағылшын және орыс тілдерінде де осы тақырып игертілуі тиіс. Ғалымның пікірінше, осындай бірізділік болмауы салдарынан тіл оқыту сапасы төмендеп кеткен. ҰБТ нәтижесін қуып, тек емле мен сөзжасам саласына басымдық беру баланың тілдік байлығын сарқатынын уақыт көрсетіп отыр. Сондықтан да жаңа бағдарламада сөздік қорды молайту жағына баса мән берілуде. Бағдарламаның тағы бір тармағы қолданыстағы оқулықтар мен әдістемелік құралдарға есеп жүргізуді көздейді. Бұл құралдардың қаншалықты талапқа сай екендігі сараланып, тиімді дегендері ғана айналымда қалуы шарт. Қазақстан тарихы мен география пәндерін тек қазақ тілінде, биология және химия пәндерін ағылшын тілінде жүргізу тәжірибесін енгізу, халықаралық деңгейдегі тіл мамандарының көмегімен барлық тіл мұғалімдердің біліктілігін арттыру, ҰБТ нәтижесі бойынша үстемеақы тағайындау, сыныптағы оқушылар саны 20-дан асқан жағдайда топтарға бөліп оқыту сынды тәсілдер тіл меңгертудің сапасын арттырады деп күтілген бағдарламада. Сондай-ақ, оқушылар үш тілде меңгерген сөздік қорды тұрақты тестілеулерде дәлелдеп беруі керек. Дәл осындай сынақ тіл мұғалімдерінің арасында да, тек анонимді түрде өткізілетін болады. Жиынға қатысқан ұстаздардың көбі бағдарламаны құптайтындарын жеткізді. Өңірлік бағдарлама мен министрлік нұсқайтын стандарттың бір-біріне қайшы келмеуіне назар аудару, мұғалімді материалдық тұрғыда ынталандыру шартына ҰБТ-дан бөлек критерийлер енгізу жөнінде ұсыныстар айтылды.
Облыс басшысы ұстаздар қауымына бұл бағдарламаны қос қолдап құптаумен іс бітпейтінін, қолдап қана қоймай, жемісті жүзеге атсалысу керектігін, талап қатаң болатынын ескертті.
Тіл оқытуда қалыптасқан кедергілер жөнінде ағылшын тілінің мамандары да ақтарыла сөйледі. Елімізде ағылшын тілінің мектепке арналған оқулықтары жеті бірдей баспадан алынады екен. Бірізділіктің болмауына бұдан бөлек мемлекеттік стандарттың екі-үш жыл сайын өзгеруі де әсер етуде. Әдістеменің ескіруі, тілдік ортаның тарлығы, бөлінген сағат санының бағдарлама мазмұнына сәйкессіздігі халықаралық тілдің тамыр жаюына кедергі болып отырса керек. Жаңа бағдарлама 2016-2017 жылғы оқу жылында ағылшын тілін кембридждік әдістеме арқылы оқытуға көшуді көздейді.
Бағдарлама жан-жақты талданғаннан кейін облыс басшысы арнайы жұмыс тобына жаңа міндеттер жүктеді. Құжат жобасы облыстың барлық мектептеріне таратылып, екі ай көлемінде талдануы қажет. Одан кейін әр мектеп өз ұсыныстарын ауданға, аудан оларды іріктеп облысқа жолдайды. Ұсыныстарда бағдарлама кемшіліктерінен бөлек саладағы келеңсіздіктерді шешу жолдары көрсетілуі тиіс. Бұл тапсырманың барлығы жыл аяғына дейін іске асуы керек. Ал 2016 жылдың бірінші қыркүйегінде сараптан өтіп, өзгерістер енгізілген жаңа бағдарлама барлық мектептерде жүзеге аса бастайды.
-Тілді меңгермей, өзге пәнді терең білу мүмкін емес. Сондықтан негізгі күш тіл мамандарына түседі. Өз күштеріңізге сеніп, шын ниеттенсеңіздер, ол міндетті еңсеруге әлеуеттеріңіз жетеді, – деді жиынды қорытындылаған облыс басшысы.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button