Білім

ҰБТ білімнің сапасын нақты көрсете ала ма?

ҰБТ білімнің сапасын нақты көрсете ала ма?


Кейде осы мектептегі білім сапасын сөз еткенде, біздің ауыл мектебі мен қала мектебін салыстыратынымыз бар. Оны жасырып қайтеміз. Тіпті осыдан бір-екі жыл бұрын еліміздің Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің өзі ауыл мектептерінің қала мектептерінен екі жылға артта қалып қойғанын айтқан болатын. Бұл шындыққа қаншалықты жақын? Ауыл мен қала мектептеріндегі білім сапасын салыстыру қаншалықты әділетті? Осы орайда біз бұл мәселеге тереңірек үңіліп көрген едік.

Жалпы, қаладағы болсын, ауылдағы болсын мектептердің басты мәселесі – білім сапасы екені сөзсіз. Білім сапасы жоғары болса, мектептің де, мұғалімдердің де абыройы асқақ, беделі биік. Міне, ҰБТ мерзімі жақындаған сайын, мектептегі мұғалімдерден де, оқушылардан да маза кеткені анық. Тест жаттаудан жарыс басталды десек те болады. ҰБТ-дан жоғары балл алған мектептің жүзі қашан да жарқын. Десе де кейде ҰБТ-дан сүрінген мектептің директорларының жанарымен жер шұқып, желкесін қасып жататыны да бар. Тіпті кейде барлық жағдай жасалды деген кейбір қала мектептері де ҰБТ нәтижесімен мақтана алмай қалып жатады. Мұның себебі неде? Мысалы, былтырғы ҰБТ кезінде 100-ден жоғары балл жинаған мектептердің 20-сы ауыл мектебі болса, қалада тек тоғызы ғана жоғары нәтижеге қол жеткізіпті. Бұл тізімнің ішінде Өскемендегі үш мектеп бар болса, Семейдің бірде-бір білім ошағы бұл межеге жетпеген. Осынау көрсеткіш көпшілікті «қалаға қарағанда ауыл мектептерінде білім сапасы жоғары-ау» деген ойға жетелейтіні сөзсіз. Тіпті облыс басшысының өзі: «Мен Көкпекті және Аягөз аудандарының мұғалімдеріне бүкіл облыс халқының атынан алғыс айтқым келеді. Бұл екі аудан ҰБТ нәтижесі бойынша қала мектептерінен жоғары көрсеткіш көрсетіп отыр» деген болатын.

Бай баласы мен жарлы баласы

Әрине, ауыл мектептерін қала мектептерімен салыстыруға әсте келмейді. Ауыл мектептеріне қарағанда қала мектептерінің жағдайы да, мүмкіндігі де жоғары екені даусыз. Бірақ соған қарамастан көрсеткіш неге керісінше? Бұл менің есіме неге екені белгісіз Ыбырай Алтынсариннің «Бай баласы мен жарлы баласы» атты шағын әңгімесін түсіреді. Бұл жерде бай баласының кім, жарлы баласының қайсысы екенін көзі ашық, көкірегі ояу оқырман жақсы сезіп отырған болар. Бай баласында бәрі бар, бірақ ақылы аздау. Ал қарны тоя тамақ ішпесе де, жарлы баласының еті тірі, тіршілікке ебі бар. Иә, ащы да болса, ақиқат осы.

Былтырғы ҰБТ-дан жоғары балл жинап, аймақ абыройын асырған да ауыл мектептері екенін атап айтқанымыз жөн. Өткен жылы ҰБТ-дан Аягөз ауданы мектебінің екі түлегі 138 балл жинап, еліміз бойынша үздік сегіздіктің қатарына қосылған. Осындай жоғары көрсеткішті неге Өскемен мен Семей қаласы мектептерінің түлектері көрсетпейді? Гимназия, лицей дейтін атағы дардай мектептердің түлектері ҰБТ-да неге жарқылдап көзге түспейді? Облыс басшысын алаңдатып отырған да осы мәселе болса керек. Осы орайда біз мамандардың пікірін тыңдап көруді жөн санадық. Солардың бірі – «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының облыс бойынша білім қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институты директорының орынбасары Гауһар Жұманова.

– Біз кейде мектептің сапасын үлгеріммен шектейміз. ҰБТ нәтижесіне басты назар аударамыз. Жалпы, білім сапасы деген нәрсе өте ауқымды дүние ғой.
Ресейде осы заманауи мектептерде білім сапасын басқару тақырыбын зерттеп жүрген М.Поташник деген ғалым бар. Сол ғалымның пайымдауынша, мектепте білім сапасы болу үшін ең бірінші мұғалімге, оқушыға жағдай жасау керек екен. Мұғалімдердің кәсіби деңгейін, шығармашылығын дамытуға үлкен мән беру қажет. Кейде өмірдің өзіне мониторинг жасасақ, мектепте төрт пен беске оқығандар есейгенде өмірден өзінің орнын таба алмай жатады. Керісінше үшке оқыған оқушылар жетістікке оңай жетіп, биіктерді бағындырады. Бұл неге байланысты деп ойлайсыз? Мектептегі білім сапасын еш уақытта ҰБТ көрсеткішімен бағалауға болмайды. Білім сапасын анықтау үшін мониторинг жүргізілуі тиіс. Мониторинг не үшін керек? Ол проблеманы анықтау үшін қажет. Содан кейін қысқа мерзімді мониторингті объективті мониторинг деп айтуға келмейді. Мониторинг ұзақ мерзімді, кем дегенде үш немесе бес жыл жүргізілуі тиіс. Ал бір жылдық ҰБТ нәтижесіне қарап, ауыл мектебінде білім жоғары, қала мектептерінде төмен деген ой түйіп, қорытынды жасау дұрыс емес. Менің ойымша, жаңартылған білім беру мазмұны еліміздің білім саласына әбден енген кезде ҰБТ өзінен-өзі жойылады. Қазір біздің оқушыларымыз бәсекеге қабілетті болуы үшін PISA, TIMSS, PIRLS деген халықаралық зерттеулерге қатысып, тапсырмаларды орындап жатыр. Мысалы, PISA-ның тапсырмалары функционалдық сауаттылыққа негізделген. Оқушы мектепте алған білімін өмірде пайдалана алса, ол жетістік. Шындап келгенде, білімнің мақсаты да осы ғой. Ал бізде қалай? Оқушыға дайын нәрсені береміз де, соны қайтадан қайтып аламыз. Шығармашылыққа келгенде, алған білімін өмірмен байланыстыруға келгенде біздің оқушыларымыздың көрсеткіші төмендеу, – дейді Гауһар Сайлаубекқызы.

ҰБТ білімнің сапасын нақты көрсете ала ма?

Оның айтуынша, оқу ордасындағы білім сапасы мектеп басшысына да тікелей байланысты көрінеді. Мектеп басшысы ең алдымен мықты мұғалім, мықты әдіскер болса, ол мектептің білім сапасы да жоғары болады. Ал мектептің мазмұнына, сырына қанық емес, ұжым арасындағы психологиялық жағдайды білмейтін кездейсоқ басшылар отырса, әрине, ол мектептен сапалы білім күту бос әуре. Мұғалім шығармашылықпен жұмыс істеуі керек. Ал ол үшін еркіндік қажет. Әр мұғалімнің деңгейіне дұрыс диагностика, мониторинг жүргізілгені жөн.

Өңірдің мақтаулы мектептері қайсы?

Бұл пікірді Өскемендегі дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының директоры, Құрмет орденінің иегері Айгүл Қапиратқызы да қолдайды.

– Біздің мектеп-лицейдің оқушылары негізінен – ауыл балалары. Жыл сайын ауылдарға барып, емтихан қабылдаймыз. Сонда өңірдің алыс аудандарында білім сапасы жоғары мектептердің де, білім сапасы төмен мектептердің де бар екенін көріп жүрміз. Өңіріміздегі білім сапасы жоғары мектептер қайсы десеңіз, мен Көкпекті ауданындағы Ж.Болғанбаев атындағы мектеп-лицейін ерекше атар едім. Сондай-ақ, Зайсан ауданындағы Мұстафин атындағы орта мектепті, Тарбағатай ауданындағы Қ.Біләлов атындағы мектеп-гимназияны, Катонқарағай ауданындағы С.Ластаев атындағы орта мектептердің білім сапасы өте жоғары деп айта аламын. Ал Риддер қаласы мен Шемонайха, Глубокое, Зырян аудандарындағы мектептердің білім сапасына онша көңілім толмайды. Жалпы, мектептегі білім сапасын көтеру менің ойымша, ең алдымен мектеп басшысына, оның жұмысты ұйымдастыруына тікелей байланысты, – дейді А.Қапиратқызы.

Ал Ұлан ауданы білім бөлімінің басшысы Қуат Барысұлы ауыл мектептеріндегі білім сапасын көтеру үшін ең алдымен кадр мәселесін шешу маңызды деп санайды. Жоғары оқу орындары мен колледждерде болашақ мұғалімге сапалы білім берілуі тиіс. Өйткені жас мамандарға бәрін қайтадан үйретіп, уақыт жоғалтуға болмайды. Сондай-ақ жас мамандардың әлеуметтік жағдайы, олардың тұрғын үймен қамтамасыз етілуі жолға қойылғаны жөн. Мұнымен қоса Назарбаев зияткерлік мектептерінің деңгейіне жеткізу үшін ауыл мектептерін заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету керек екенін айтады.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button