Білім

ҰБТ қалай өтеді?

Биыл облысымызда 8200-ден астам оқушы 11-сыныпты аяқтайды. 746 түлек алтын белгіден үміткер. Облыс бойынша 6473 оқушы ҰБТ тапсырады деп болжанып отыр.  Облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова онлайн брифингте  2019-2020 оқу жылының аяқталуын ұйымдастыру барысы туралы айтты.

Қазіргі уақытта аймақтағы 648 мектептің оқушылары  100 пайыз қашықтан білім алып жатыр.  Біздің облыс бойынша білім алудың екі түрі қолданылып отыр.

Оқушылардың 91 пайызы интернет арқылы білім алып жатса,  қалған интернетке қосылу мүмкіндігі жоқ 218 елді мекенде тұратын  оқушылар телеарналардың көмегіне жүгінуде. С.Жұмаділованың айтуынша, білім сапасына күнделікті  басқарма тарапынан мониторинг жүргізіліп отыратын көрінеді.

-Қазіргі кезде  білім беру ұйымдарын білім сапасы қалай тексеріледі деген сауал көп мазалайды, – деген облыстық білім басқармасының басшысы оқу жылын аяқтау  мәселелеріне де тоқталды.

Министрліктің 17 сәуірдегі №149  бұйрығына сәйкес 25 мамырда оқу жылы аяқталады. Соңғы қоңырау жылдағыдай мектепте  өтпейді. Төртінші тоқсан мен  2019-2020  оқу жылының  аяқталуын ұйымдастыру мақсатында мамыр айында барлық сыныптарда 1 бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) және бір  тоқсан бойынша жиынтық бағалау (ТЖБ)   өткізіледі. 1-10-сыныптарда аптасына екі немесе одан да көп сағаттан тұратын оқу пәндерінде 1 бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) және бір тоқсан бойынша жиынтық бағалау (ТЖБ)  орындалады. 10-сыныптарда аптасына бір сағат жүктемесі бар пәндер бойынша бір бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) өткізіледі. Әлі жаңартылған білім беру мазмұнына көшпегендіктен 11-сыныптарда дәстүрлі бақылау жұмыстары өткізіледі. Осыған байланысты жиынтық бағалауды жүзеге асыру мерзімі де  анықталған.

1 мамырдан 11 мамырға дейін  – жүктемесі екі және одан да көп сағатты құрайтын пәндер бойынша бір бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) өткізіледі.  «Өзін-өзі тану», «Көркемөнер», «Денешынықтыру», «Музыка»,  «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері», «Графика және дизайн», «Қоғам және дін» пәндері бойынша суммативті бағалау  өткізілмейді.

11 мамырдан  15 мамырға дейін  1-10-сынып оқушыларына   аптасына бір сағат жүктемесі бар пәндер бойынша, тоқсандық  жиынтық бағалау (ТЖБ) өтеді. 18 мамырдан  22 мамырға дейін 11-сыныптың   барлық бақылау жұмыстары және  екі немесе одан да көп сағаттан тұратын  пәндер бойынша бір тоқсан бойынша жиынтық бағалау (ТЖБ) жүргізіледі. Бөлім  бойынша жиынтық бағалаудың мақсаты – білімді қорытындылау.  Бұл бағалаудың уақыты  – 10-20 минуттан аспауы тиіс. Ал тоқсан бойынша жиынтық  бағалаудың (ТЖБ) уақыты – 40 минут. Мұның бәрі қашықтан жүргізіледі. Тапсырмаларды мұғалімдер өздері әзірлеп, балаларға жолдайды. Білім басқармасының басшысы  бір пән бойынша  екі  бағалау бір күнде болмауы тиіс екенін айтты. Сондай-ақ мұғалімдер күніне үштен артық жиынтық бағалауды өткізуге жол бермеуі керек.

9-11-сынып түлектері  қорытынды емтихандарды тапсырмайды. Қорытынды баға жылдық бағаның нәтижесі бойынша қойылатын болады.

Онлайн-брифингте С. Жұмаділова биыл 746 түлек  алтын белгіге үміткер екенін айтты. 2017 жылдан бастап алтын белгі оқушының қорытынды бағасы негізінде беріледі. Қорытынды баға барлық пәндерден 5 болса, ол оқушы алтын белгінің иегері саналады.

Қазіргі күні ҰБТ тапсыру үшін онлайн режімінде өтініш қабылдануда. 15 сәуірде басталған  өтініш қабылдау науқаны 10 мамырда аяқталады. ҰБТ тапсыру мерзімі жылдағыдай, 20 маусым мен 5 шілде аралығы. Басқарма басшысы ҰБТ тестерінің сұрақтарында көп өзгеріс жоқ екенін де айтты. Логикалық сұрақтар басымырақ. Сондай-ақ 4 тоқсанда білім беру қашықтан өткендіктен тестілеуде 4-ші тоқсанда өтілген тақырыптардың барлығы тестілеу сұрақтарына енгізілмейді.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button