Мәдениет

Бұрын-соңды болмаған бұл жоба дарынды балалардың бағын ашады

Бұрын-соңды болмаған бұл жоба дарынды балалардың бағын ашады

Енді түркі тілдес елдердің балаларының халықаралық деңгейдегі өзінің ән байқауы бар. «Bala Turkvizyon-2015» атты балаларға арналған халықаралық ән байқауы талай дарынның бағын ашып, бүкіл әлемге танытпақ. Бұл туралы кеше Алматыдағы Қазақстанның орталық коммуникациялар қызметінің филиалында өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды.
30-мамырда Алматы қаласында өтетін гала-концертте салтанатты түрде өз бастауын алатын «Bala Turkvizyon-2015» халықаралық ән байқауын «Turkvizyon» байқауының баламасы деуге де болады. Өткен жылы 20-дан астам түркі тілдес мемлекеттің әншілері қатысқан байқауда қазақ әншісі Жанар Дұғалова бас жүлдені иеленген болатын. Енді, міне, мұндай кең тынысты байқау түркі тілдес елдердің балаларының арасында да өткізілмек.
Қазақстанның орталық коммуникациялар қызметінің филиалында өткен баспасөз мәслихатында ұйымдастырушылар 8 маусым мен 1 тамыз аралығында республика бойынша байқауға қатысушыларды іріктеудің жүргізілетінін хабарлады. Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ қолдауымен 2012 жылы құрылған Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» жеке қоры байқаудың ұлттық іріктеуін ұйымдастырушы ретінде атсалысады.
Халықаралық деңгейдегі өнер сайысына 8-13 жас аралығындағы балалар қатыса алады. Жақын күндері еліміздің 16 жас әртісі өз туған өңірлеріндегі кастингтерді өткізеді деп күтілуде. Олардың арасында Маржан Арапбаева, Ринат Малцагов, Дастан Оразбеков, Кәмшат Жолдыбаева және тағы басқалар бар. Өңірлік іріктеу нәтижесі бойынша 16 қатысушы анықталып, әртістердің әрқайсысы жобаға қатысатын бір-бір үміткердің продюсеріне айналады. Іріктеудің қалай жүріп жатқаны туралы ақпаратты қазақстандық телеарналардағы байқау күнделігінен тамашалауға болады.
– Шығармашыл жастарға қолдау көрсету қор қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Біз барлығымыз өз балаларымыздың табысқа қол жеткізуін қалаймыз. «Bala Turkvizyon» байқауы – бүкіл әлемге өз дарыныңды көрсетудің бірегей мүмкіндігі. Біз қордың Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген дарынды балаларға кезекті рет қолдау көрсетіп отырғанын мақтан тұтамыз, – деді брифингте Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директоры Сағындық Нұраханов.
«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» жеңімпаз «Хабар» арнасында тікелей эфирде өтетін гала-концерт кезінде қазылар алқасы мен телекөрермендердің дауыс беруінің нәтижесінде анықталмақ.
Сондай-ақ, брифингте «Хабар Агенттігі» АҚ бас продюсері Ринат Кертаев «Bala Turkvizyon» халықаралық балалар ән байқауының аудиториясы туралы айтты.
– Түркі әлемінің өзінде шамамен 300 миллиондай халық бар, яғни байқауды осынша потенциалды көрермен тамашалайды. Бұл – біздің елімізді әлемге танытуға тамаша мүмкіндік туып отыр деген сөз, – деді ол.
Он-лайн режимінде өткен баспасөз мәслихаты кезінде өңірлердегі өнерлі өрендер ұйымдастырушыларға өздерін толғандырған сауалдарын да қойды. Шығысқазақстандық Мәдина Бергазинова «Бұл байқауға қатысушыларды кімдер бағалайды?» деген сауалға жауап алды.
Қаладағы №27 мектептің 7-сыныбын тәмамдаған Мәдина осынау байқау өзінің арманына жол ашатынына сенімді.
Жалпы, бұл байқауға түркі әлемінің жиырмадан астам елінен таланттар қатысады деп күтілуде.
«Bala Turkvizyon» байқауының ұлттық кезеңінде көзге түсіп, жеңімпаз атанған өнерпазға Түркменстанда өтетін гранд-финалға жолдама беріледі.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button