Бірінші сыныпқа барған бала саны артты
Өткен жылы бұл көрсеткіш 200 балаға аз болатын. Қазір Өскеменнің мектептерінде барлығы 32 мың оқушы білім алып жатыр екен.
– 2012 жылға дейін оқушылар санының аздығы байқалса, соңғы екі жылда керісінше бала санының көбейіп келе жатқандығын көруге болады. Бұл – демографиялық жағдайдың жақсарып келе жатқандығының айқын көрінісі, – дейді Өскемен қалалық білім бөлімінің басшысы Александр Кузнецов.
Бала санының көбейіп келе жатуына байланысты ЖМК шағын ауданындағы мектептер қазір толық жүктемемен жұмыс істеп тұр. Жаңа ауданға тұрғын үйлер көптеп салыну үстінде. Ертістің сол жағалауына алдағы уақытта жаңа білім ғимараттары ауадай қажет болып тұр.
Александр Кузнецовтың айтуынша, жаңа мектеп 2015 жылдың 1-қыркүйегіне дейін қолданысқа берілуі керек. Сонда №44, 26 және 45-ші мектептер жүктемесі азаятын болады. Қазір Өскемендегі әрбір бесінші мектептің оқушылары екі ауысымда оқып жатыр екен.