Аймақтар аухалы

Бөріліде 50 жылға жететін кен қоры анықталды

Бөріліде 50 жылға жететін кен қоры анықталды

Абай – қазақ руханиятының қағбасы. Ұлттың ұлы перзенттерін түлетіп, төрткіл дүниеге Абаймен мақтанған қасиетті өңір соңғы жылдары төскейінде өрген төрт түлік малымен де, сәулеті мен дәулеті жарасқан сәнімен де ерекше көзге түсіп отыр. Нақтырақ айтсақ, өткен жылдың қорытындысы бойынша, аудан мал тұқымын асылдандыру жөнінен облыста бірінші орынға ие болды. Осы ретте ауданның бүгінгі тыныс –тіршілігі атқарылған һәм алдағы уақытта атқарылған жұмыстар турасында аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбековпен сұхбаттасқан едік.

Жүн өңдейтін кәсіпорын жұмысын қайта жалғастырады
– Тұрсынғазы Жантұяқұлы, өткен жылдың қорытындысы бойынша тамаша нәтижеге қол жеткіздіңіздер. Мал шаруашылығы саласында мақтауға ие болдыңыздар. Ең әуелі ауданның осы саласына тоқтала кетсеңіз, жалпы, төрт түлікке қатысты мемлекеттік бағдарламалар қалай орындалып жатыр?
– Абай ауданы ежелден ата кәсіпті нәсіп еткен өңір болғандықтан мал шаруашылығы саласындағы барлық мемлекеттік бағдарламаларды, үкімет жеңілдіктерін мүмкіндігінше толық пайдалануды мақсат етіп келеміз.
Бүгінгі таңда ауылшаруашылық өнімдерін өндірумен 512 шаруа қожалығы және 3185 жекеменшік қосалқы шаруашылық айналысуда.
Асыл тұқымды мал өсірумен шұғылданатын шаруашылықтардың саны – 42. Қой малының тұқымын асылдандыру жұмысымен 23, жылқыдан 16, ірі қара малымен 3 шаруашылық айналысуда. Мал тұқымын асылдандыру бойынша облыста бірінші, республика аудандарының арасында жетінші орында тұрмыз. Болашақта мал өнімдерін өндірудің жаңа технологияларын барынша жетілдіріп, оның өнім өндірудегі үлес салмағын арттыруға тиістіміз.
«Шалғайдағы мал шаруашылығын дамыту және жайылымдарды суландыру инфрақұрылымдарды қалпына келтіру, құдықтарды салу» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 6 шаруашылық 6 құдық қаздырып, құжаттарын жинақтауда.
Өткен жылы ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға енгізу мақсатында 2 байқау өткізіліп, нәтижесінде 31 шаруа қожалығы құрылып, аудандық жер қорынан 76679 гектар жер алса, 25 шаруа қожалығы 36908 гектар жерді қосымша жалға алды. Жер телімдерін мақсатты пайдаланбай отырған 26 шаруа қожалығы анықталды. Нәтижесінде 168 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды.
Осы шаралардың барлығы аудан тұрғындарының мал шаруашылығымен айналысуына, мал санының, сапасының артуы оң ықпал етеді деп ойлаймын.
Әрине, проблемалар да жоқ емес. Мал бағатын малшылардың жетіспеушілігі – өткір мәселе. Мен бұл орайда Елбасының «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» тұжырымдамасына тоқталғым келеді. Онда «Әлемнің әміршісі еңбек» деп Елбасымыз қарапайым еңбек адамдарына ерекше назар аударған болатын. Өкінішке қарай, бізде мал бағатын, қарапайым жұмыстарға қажетты адамдар тапшы. Жалғыз бұл салада емес, қара жұмысқа келгенде халықта енжарлық бар.
Аудандағы «Абай» колледжінде бұрындары слесарь, дәнекерлеуші мамандықтарын оқытатын. Біздің ұсынысымызбен онда малдәрігерлік мамандықтарын оқыта бастады. Ауыл баласы болғандықтан, жастарымыз мал шаруашылығының төңірегінде жұмыс істейді, біздің мақсат, соны білсе, мал шаруашылығына келгенде бір жағына шықса деген ниет еді.
– Бөріліде ашылып жатқан «Мақсұт» мыс қорыту фабрикасына тоқтала кетсеңіз. Бұл кен орыны жергілікті халықты жұмыспен қаншалық деңгейде қамтиды?
– Үдемелі индустриялық жобалар қатарына кірген «Бөрілі тау кен компаниясы» ЖШС-нің «Мақсұт» кен орынында флотациялық тәсіл арқылы мыс қорыту мақсатымен кен байыту фабрикасының құрылысы салынды. Жоба екі кезеңді қамтиды: І кезеңде 250 мың тонна кен өндіру, ал толық қуатында іске қосылған ІІ кезеңде жылына 600 мың тонна мыс қорыту жоспарлануда. Кен қорының 50 жылға жететіні анықталған. Қазіргі уақытта электр желілері тартылуда. Ағымдағы жылдың ІІ тоқсанында кен байыту цехы іске қосылады деп жоспарлануда. Жоба толық қуатына қосылғанда 97 адамды жұмыспен қамтитын болады.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын жұмыс бастап, белгілі себептермен уақытша тоқтап тұрған «Дерикар» жүн өңдеу кәсіпорыны қайта жұмысын бастайды деп естідік.
– Ия, бірінші реттік қой жүнін жуып, өңдеу бағытындағы «Дерикар» ЖШС жұмысы жалғасатын болады. Қазіргі уақытта Ресейдің «Борская фабрика ПОШ» ААҚ және «Дерикар» ЖШС арасында жылына 300 тонна жуылған жүнді өндіріске шығару жөнінде меморандумға қол қойылып, бүгінгі күнге дейін 28 тонна жүн өткізілді. Меморандумға сәйкес, ұдайы жуылған жүнмен қамтамасыз етіп отыру үшін алдағы уақытта көршілес Аягөз, Жарма аудандарынан қой жүні жиналып, жуу, өңдеу жұмысы қайта іске қосылады. Кәсіпорын қызметі жанданады деп жоспарлап отырмыз.
АУЫЛДАРДЫҢ БАРЛЫҒЫН АББАТТАНДЫРЫП ЖАТЫРМЫЗ
– «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарды айта кетсеңіз.
– Абай ауданында үлкен зауыт, фабрикалар, өнеркәсіп ошақтары жоқ. Халықтың сүйенері тек мал шаруашылығы. Әлеуметтік-экономикалық жағдайды көтеру үшін халыққа керекті қаражат табу көзін табуды мақсат етіп қойдық. Жай «жұмыс істе» деп қарап отырмай, халыққа несие беру, субсидия беру жолдарын қарастыруды ойладық.
Осы орайда «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының игілігін пайдалануда аудан бойынша біршама жақсы көрсеткіштер бар екенін айта кетуіміз керек.
«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының бірінші бағыты «Инфрақұрылым және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын дамыту арқылы жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету» бойынша соңғы үш жылда 80 жұмыс орны құрылды. 6 мектеп, 1 балабақша, Қасқабұлақ ауылындағы мәдениет үйі ағымдағы жөндеуден өтті. Қарауыл, Көкбай, Қасқабұлақ ауылындағы жолдар жөнделіп, аудандық орталық аурухананың сыртқы қоршауы жөндеуден өтті. Жиыны 340 миллион теңге қаражат бөлінді.
Екінші бағыт бойынша бағдарлама басталғалы бері кәсіпкерлік белсенділікті дамытуға 504 адам қатысып, 735 миллион теңге шағын несие алынды. Оның ішінде 2015 жылы 39 адам жылқы шаруашылығын, қымыз өндіру кәсібін дамытуға несие алды және 210 бас жылқы малы сатып алынды.
Үшінші бағыт бойынша бағдарлама басталғалы бері әлеуметтік жұмыс орнына 185 адам, жастар практикасына 107 адам жіберілді. Кәсіби даярлау, қайта даярлау, біліктілігін арттыру бойынша 228 адам мамандық алды.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша былтыр ауданға 27 жас маман келді. Барлығы көтерме жәрдемақы алып, 10 жас маманға бюджеттік несие арқылы тұрғын үй берілді.
Ауданда өткен жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 3 жоба іске асырылды. Айталық, «Жарылғасын» шаруа қожалығы қымыз цехын ашуға 22 миллион теңге, жеке кәсіпкер Мұсабек Қанат жанар-жағармай станциясының айналым қаражатын толтыруға 14 миллион теңге, «Бейсенғазы» шаруа қожалығы асыл тұқымды ірі қара малын сатып алуға 32 миллион теңге несие қаражатын алды. Аталған бағдарлама басталғалы бері ауданда жиыны 200 млн. теңгенің 12 жобасы іске асты. Оның ішінде 8 шаруа қожалығына инженерлік инфрақұрылым тартылды.
– Өткен жылы аталып өткен мерейтойларға дайындық жұмысы аудан орталығының ажарын аша түскен сыңайлы.
– Былтыр елімізде аталып өткен мерейтойлық шараларға аудан халқы үлкен дайындықпен келді. Әрбір көше, аула, ауыл абаттандырылып, ретке келтірілді. Абай тойын жоғары дәрежеде өткізу үшін облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылып, нақты жұмыстар жүргізілді.
Семей-Қарауыл тасжолы бойындағы тарихи орындар жаңғыртылып, «Күшікбай» батыр бұлағына, «Еңлік-Кебек» кесенесіне баратын жол асфальтталып, жөнделді «Еңлік пен Кебекке» ескерткіш орнатылып, қонақтар аялдайтын демалыс орны ашылды. Жидебайдағы қонақүй кешені іске қосылды. Демеушілер көмегімен аудан орталығына Мамай батыр ескерткіші қойылып, саябақ салынды.
Ақынның 170 жылдығына орай Қарауыл ауылында 4 көше асфальтталып, жарықтандырылды. Аудан орталығында көшелерді абаттандыру, ретке келтіру және түрлі-түсті жарықпен көркемдеу жұмыстары қолға алынды. Соңғы жылдары аудан орталығында 18, ауылдар бойынша 14 көше асфальтталып, жарықтандырылды.
Ауыл қала болуға міндетті емес. Бірақ сол ауылдың халқының әлеуеті, мәдени, әдеби, рухани байлығы қаладан кем болмауы керек. Мәдениет ошақтары болсын, жаттығу залдары болсын, көше жарығы, ауыл келбеті болсын көз тартып, тұрғындарға қуаныш сыйлап, халыққа қызмет етуі керек деп есептейміз. Әлеуметтік нысандарды қайта жаңғырту жұмыстары тек аудан орталығында ғана емес, барлық ауылдарда жасалынуда.
Барлық ауылдарда дәрігерлік амбулаториялар жұмыс істеп тұр. Соңғы жылдары Қарауыл ауылында аудандық емхана күрделі жөндеуден өтіп, поликлинка ғимараты жаңғыртылды. Қасқабұлақ, Саржал, Кеңгірбай би, Көкбай ауылдарындағы амбулаториялар жөнделді. Алдағы уақытта Тоқтамыс, Медеу ауылдарындағы дәрігерлік амбулаторияларды жөндеуден өткізуіміз керек.
Өткен жылы Қарауылда «Балапан» бағдарламасы бойынша 140 орындық балабақша құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Жеке меншік секторда былтыр 2619,0 шаршы метр болатын 28 жеке тұрғын үй салынған болатын, бұл көрсеткіш жылма-жыл осы қарқынмен артуда, яғни, аудан тұрғындарының өз күшімен жаңа тұрғын үйлер салу ісі жанданып келеді.
Халықты таза ауызсумен қамту 89,3 пайыздық көрсеткішті құрап отыр. Өткен жылдары Тоқтамыс, Саржал ауылдарына жаңадан су құбыры салынса, Архат, Қасқабұлақ, Медеу ауылдарындағы су құбырларына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Көкбай ауылын таза ауызсумен қамту мақсатында жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп, биылғы жоспарға енді.
Сондай-ақ, «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында барлық ауылдарда Ұлы тұлғаларға ескерткіштер мен саябақтар салу, ойын алаңдары, класс жабдықтарын, сахналық киімдер, ауыл клубына қажетті жабдықтар алу, көше бойына мүсіндер орнату шаралары қолға алынды. Жылда мектеп бітіруші түлектер 10, 20, 30 жылдықтарының құрметіне көкке шығып, ауылдарда той жасап, концерт ұйымдастыратын. Біз осы мектеп түлектеріне ауылға қандай да бір игілікті іс жасауларын, мәселен, ауыл мектептерінде пән кабинеттерін жабдықтауды ұсындық. Бұл бастамамыз түлектерден қолдау тауып, жыл сайын олар «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында ауылдарды көркейтуге, абаттандыруға, тағы да басқа игілікті шараларға белсене үн қосып келеді. Осы акция басталғалы жалпы құны 621 млн. теңгенің 158 жобасы іске асырылды.
Өткен жылы Абай өндірістік телекоммуникация торабына күрделі жөндеу жүргізіліп, ауданның барлық телекоммуникация торабы 100 пайызға цифрландырылған байланысқа көшті.
Қарауыл, Кеңгірбай би, Қасқабұлақ, Көкбай, Медеу ауылдарын Интернет қызметімен үзіліссіз қамтамасыз ету үшін Семей-Қасқабұлақ-Қарауыл бағытында «Талшықты оптикалық байланыс желісі» тартылды, ағымдағы жылдың 1-ші тоқсанында іске қосылатын болады. Өткен жылдың аяғында «ALTEL 4-G» жабдықтарын құрастыру жұмыстары басталған, қолданымға осы жылдың бірінші жартысында беріледі деп жоспарлануда.

Мәдениет саласына ерекше мән беріп келеміз

– Бүгінде Абай елі десе көпшілік жұрт қазақ күресін елестетеді. Аудандағы басқа спорт түрлерінің жай-күйі қалай?
– Ауданда жалпы орта білім беретін 11 мектепте 11 спорт залы, 8 ауылдық округте шағын футбол алаңы, барлық ауылдық округтерде хоккей корттары бар. Сондай-ақ, Спорт модулі, «Шыңғыстау» спорт кешені жұмыс істейді. Халықтың дене тәрбиесімен шұғалдануы 30,4 пайызға жетіп отыр.
Жылма-жыл қысқа уақытта оқушылар және ересектер арасында допты хоккейден, волейболдан, жазғы маусымда футболдан жарыстар үнемі өткізіліп тұрады. Сондай-ақ, бокстан, қазақ күресінен облыстық, республикалық турнирлер спортшылардың жаңа жетістіктерге жетуіне өз септігін тигізуде.
Өткен жылы Ресейдің Орынбор қаласында қазақ күресінен өткен Әлем чемпионатында Айдос Сейпілұлы, Айбек Нұғымаров және Мұхит Тұрсынов жеңімпаз болса, Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында самбо күресінен өткен Әлем чемпионатында Зере Бектасқызы жеңімпаз атанды.
Ауданымыздың тағы бір түлегі Қуаныш Искаков 2014 жылы Қырғызстанның Шолпан ата қаласында «Көшпенділер» турнирінде топ жарса, 2014-2015 жылдары Қытай Халық Республикасында Екі дүркін Азия чемпионы атанды.
Курчатов қаласында өткен қазақ күресінен командалық жарыста оқушыларымыз облыс чемпионы атанып қайтты.
Бокстан Дарын Берікжанов 2015 жылы Қазақстан чемпионы атанып, Ресейде өткен халықаралық турнирде 3-орын, Бакуде өткен халықаралық турнирде 2-орын, Санкт-Петербург қаласында өткен Әлем чемпионатында 4-орынға тұрақтады.
Сондай-ақ, командалық спорт түрлері дамып келеді. Былтыр футболдан облыс бойынша екі мәрте 2-орынды иеленіп, жақына ғана аудан тарихында алғаш рет оқушы қыздарымыз волейболдан өткен облыстық біріншілікте 2-орынға ие болды.

– Өзіңіздің тікелей бастамаңызбен қолға алып отырған аудандағы бүкіл өнерпаздар қатысатын «Қазақстан – өткені тарих, келешегі кемел ел!» атты өнер байқауы басқа өңірлерге үлгі боларлық шара деп білеміз. Жалпы, ауданның мәдениет саласына аз-кем тоқтала кетсеңіз.
– Жылма-жыл өткізілетін аудан көркемөнерпаздарының дәстүрлі өнер байқауы биыл 44-ші маусымын бастап отыр. Бұл байқауда әр ауыл, әр мекеме ардагерлері, жастары барлығы береке-бірліктерін көрсетіп, жылда шығармашылық есеп береді. Өткен жылы 22 ұжым, мың жарымнан артық аудан көркемөнерпаздары қатысып, өнер көрсетті.
Ауданда бір аудандық, 2 ауылдық мәдениет үйі және 5 ауылдық клуб үйі, 4 халық театры, 2 ән-би ансамблі жұмыс істеп тұр. Халыққа мәдени қызмет көрсету бағытында 92 адам еңбек етуде. Өткен жылы ауданда мемлекеттік мерекелер мен айтулы мерейтойлар және тағы да басқа жиыны 384 мәдени көпшілік іс-шаралар өтті. «Қаламқас» халық ән-би ансамблі былтыр Үржар, Мақаншы, Таскескен, Зайсан, Тарбағатай, Көкпекті ауылдарына, биыл Семей қаласына гастролдік сапармен барып, өнер көрсетіп қайтты.
Былтыр ауданның екі өнерпазы Жанат Хайсина және Еркін Жолжігітов «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін иеленді. Жалпы ауданда 1 «Мәдениет саласына еңбек сіңірген қайраткер», 3 «Мәдениет саласының қайраткері», 11 «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегерлері қызмет жасайды.
Өткен жылы Қызылорда қаласында өткен республикалық әншілер байқауында Абай ауданы атынан «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің дәстүрлі әншілері Қайрат Қабышев дипломант, Ақмарал Мыңбаева ІІІ орынды иеленіп, жүлдегер атанды. Аудандық «Абай елі» газетінің бас редакторы Нұржан Байтөсов республикалық «Алтын қалам» әдеби сыйлығымен марапатталды. Аудан түлегі Мейіржан Алтыбаев белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың арнайы жобасы «Көңілашарда» топ жарып, бас жүлдені иеленді.
Облыс әкімі Даниал Ахметовтің тікелей қолдауымен Ұлы Абайдың 170 жылдығы жоғары деңгейде мерекеленді. Осыған орай аудан активімен мен аудан халқына Үндеу жолданды. «Құнанбай» көркем фильмінің және «Абай» деректі фильмінің тұсаукесері өтті. «Абай жолымен» атты саяхат-кітап жарық көрді. Семей қаласында ғылыми-практикалық конференция өтіп, Абай ауданында «Абай тойы – халық тойы» атты шаралар, республикалық ақындар айтысы, ұлттық ат спорты ойындары, қазақ күресінен республикалық турнир өз деңгейінде өткізілді. Тойға дайындық барысы, оған қызмет еткен азаматтардың үлесі, халықтың еңбегі туралы деректі фильм дайындалып, жарыққа шықты. Алдағы уақытта арнайы кітап басылатын болады.
Мұның сыртында өзге ұлт өкілдері арасындағы облыстық Абай оқулары, республикалық оқушылар арасындағы дәстүрлі Абай-Шәкерім оқулары ұйымдастырылды.
Өткен жылдың айтулы даталарының бірі – Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай «Ерліктің даңқы мәңгілік» атты кітап жарық көрді.
Мемлекеттік жастар саясатын жергілікті деңгейде тиімді іске асыру мақсатында жастардың бос уақытын ұйымдастырып, проблемалық мәселелерін бірлесе шешетін «Жастар орталығы» белсенді, жемісті қызмет жасауда.
– Өткен жылдан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеуді өз аудандарыңызда өткізіп отырсыздар. Нәтижесі қалай?
– Дұрыс айтасыз, Ұлттық бірыңғай тестілеуді былтырғы жылдан бастап өзімізде өткізуге мүмкіндік алдық. Тестілеу орталығы аудандық бюджет есебінен қажетті барлық материалық-техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Тест нәтижесі бойынша жылма-жыл аудан түлектерінің білім деңгейі өсуде. 2014-2015 оқу жылында орташа балл 84,7 болды. Алдыңғы жылы 76,3 балл болған еді. 47 оқушы жоғарғы оқу орнына түсті, 5 «Алтын белгі» иегері өз білімін қорғады, 8 түлек «Үздік аттестатқа» ие болды. Биыл бірыңғай тестілеуге дайындық жөнінде 2 рет алқа отырысы өтті. Бүгінгі таңда дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ауданның жалпы білім беретін 11 мектептерінде 399 мұғалім, қосымша білім беру саласында Ж.Кәрменов атындағы саз мектебі, балалар көркемсурет мектептері жұмыс істейді. Мектепке дейінгі білім беру мақсатында 4 балабақша, 11 шағын орталық жұмыс істеп тұр.
Жалпы кабинеттермен жабдықтау республика арқылы жылда 1 кабинет беру жоспарланады. Соңғы 3 жылда біз аудандық бюджеттен жылына 2 кабинеттен жабдықтап келеміз. Жылда қай мектепте, қандай пән кабинетін жабдықтау мәселесі білім бөлімімен келісіле отырып шешіледі.
– Өткен жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық рейтингте аудандар мен қалалардың арасында үшінші орынға табан тіредіңіздер. Алдағы уақыттағы мақсат-міндеттеріңізбен таныстырсаңыз.
– Иә, істелген істің нәтижесі есебінде өткен жыл қорытындысы бойынша облыстық аудан-қалалардың әлеуметтік-экономикалық рейтинг көрсеткіштері бойынша 3 орында қорытындыладық. Біздің мақсат Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындауда жұмыла қызмет ету. Аудан экономикасын одан әрі дамыту, әлеуметтік саладағы мәселелерді шешу, халықтың әл-ауқатын көтеру бойынша нақты шаралар қабылдау, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын сақтау.
Ең бастысы, Абай елі деген атымызға сай болу. Ауыл – алтын бесігіміз. «Ел болам десең – бесігіңді түзе» деп дана Мұхтар айтқандай, ауылдарымыздың ажарын арттырып, халықтың тұрмыс жағдайын көтеру біздің жұмыстарымыздың басты арнасы болуға тиісті.

Сұхбаттасқан – Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button