Мәдениет

«Бүркіт» биінің бағы жанды

Адамзат баласының бағзы замандардан бері өзімен қатар жасап келе жатқан бір өнері болса, ол – би. Би өнерінде бүтіндей бір халықтың өткен тарихы мен тағдыры, тіршілік тынысының іздері, болмысының бояуы сайрап жатыр. Кеше Өскеменде «Құс жолы» атты халықаралық ұлттық би фестивалі өз мәресіне жетті.

«Бүркіт» биінің бағы жандыӨскемен қаласының әкімдігі, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен «Найман» би студиясының ұйтқы болуымен Наурыз мейрамы қарсаңында өткен бұл би фестиваль қатарынан үш күнге созылды. Би өнерін тамашалауға жиналған қалың жұртшылық көктемде Алтайды бетке алып ұшқан құстардың қанатының суылын сезінгендей әсерге бөленді. Қазақстан, Ресей, Моңғолия, Белоруссия, Египет сынды алыс-жақын шетелдерден жиналған 500-ге таяу бишілердің сұлу қимылдары көрерменнің көзін арбап, сиқырлап тастағандай болды. Иә, би бар жерде қуаныш бар, би бар жерде шаттық бар. Кемерінен асып-тасқан көңіл мен ақ қанат сезімнің ұшқындары астаналық «Тұмар», павлодарлық «Самрұқ», тараздық «Бозторғай», петропавлдық «Пульс», қарағандылық «Балдәурен», глубокоелік «Пчелка» би ансамблдерінің бишілері сахнаға шығарған композициялардан айқын аңғарылды.

Би өнерінде ешқандай шекара жоқ. Адам баласына ең түсінікті тіл де – би тілі. Осы орайда Шығыс жерінде алғаш рет өтіп, тұсауын кесіп отырған халықаралық би фестиваліне араб билерін оқытудан әлемге танылған ұстаз, көптеген шетел билерінің хореографы, продюсер Самэх эль Десоуки, Беларусь Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Руслан Коленков және Ресей мен Моңғолияның Баян-өлгий аймағынан қатысқан бишілердің де өнерлері көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

– Өскеменде алғаш рет ұйым-дастырылып отырған бұл «Құс жолы» атты халықаралық би фестиваліне шетелден көп бишілер қатыса қойған жоқ. Десе де, қазақ «көш жүре түзе-леді» дейді ғой. Біткен іске сыншы да көп болады. Өзім осы фестивальге келгеніме қатты қуанып тұрмын, – дейді Астана қаласынан келген құрметті қонақ, фестивальдің қазылар алқасының төрағасы, «Қара жорға» ұлттық қазақ биі қауымдастығының президенті Жамали Диханұлы.

Десе де, ол қазақтың ұлттық биінің кенжелеп қалғаны көзге ұрып тұрғанын жасырмады.

– Қазақтың кез келген күйі мен әніне би қоюға болады, ұлттық нақышқа толы биге арқау болатын қимыл-қозғалыс та көп. Осы би фестивалінде Моңғолиядан келген бауырымыздың «Бүркіт» биі ғана көңілімнен шықты, – дейді ол.

Шынында да аталған би фестивалінде Жамали Диханұлы жоғары бағалаған «Бүркіт» биі бас жүлде Гран-приді қанжығасына байлады. Баянөлгийлік жиырма бір жасар биші Ерғалым Көксеген бауырымыздың төбесі көкке бір елі ғана жетпей қалды.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button