Білім

Бразилияда он медаль алды

Өскемендегі «Nur Orda» мектеп-лицейінің оқушылары «Mostratec» халықаралық олимпиадасына қатысып, жүлдемен оралды. Айтулы білім додасыБразилияның Ново Хамбург қаласында өтті. Оған 40-тан астам мемлекеттен келген оқушылар қатысты. Өзара тәжірибе алмасты.

Олимпиададамыңнан астам оқушының ішінен суырылып шыққан жерлестеріміз бес алтын, екі күміс, үш қола медальді иеленіп қайтты. Солардың бірі – Әйгерім Тұрғанбаева. Ол 11-сыныптың оқушысы. «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушісі. Осы орайда, «Nur Orda» мектеп-лицейінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған екі оқушының тегін білім алып отырғанын айта кеткен орынды. Мұндағы басты мақсат – талапты балаларды қолдау. Олардың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына барлық жағдайды жасау.

– Олимпиадаға қатысқаныма қуаныштымын. Мен бұл сайысқа қатысу арқылы шетелдік ғалымдардың мол мұрасымен танысуға мүмкіндік алдым. Жаңа достар таптым. Бұл күндерді өмірімнің ең бір сәулелі кездері деп айта аламын, – деді Әйгерім Тұрғанбаева.

Олимпиада барысында «Nur Orda» мектеп-лицейінің оқушылары математика және биология пәндері бойынша ағылшын тілінде 10 жобаны қорғап, қазылар алқасы тарапынан жоғары баға алды.

– Америка, Парагвай, Қытай, Ресей, Түркия сынды басқа да  мемлекеттерден келген оқушылармен бақ сынасты. Олимпиада барысында біздің шәкірттеріміз шет тілдерін жетік меңгергендерін көрсетті. Сондай-ақ олардың жобаларына өзге елдің азаматтары оң бағаларын берді. Бұл әрине, біз үшін зор қуаныш, – деді «Nur Orda» мектеп-лицейідиректорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Бекзат Мажитов.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button