Экономика

Бір жарым тонна бал әкелді

 Бір жарым тонна бал әкелді

«Туған ел – алтын бесігім» акциясының аясында Өскемендегі «Freshmarket» гастрономының алдында өткен жәрмеңкеде Глубокое ауданының шаруа қожалықтары өз өнімдерін ұсынды.
Глубокое ауданының 17 ауылдық округінің шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлері ауылшаруашылық өнімдерін ұсынған жәрмеңкені облыс әкімінің орынбасары Нұрлыбек Шерубаев аралап көрді. Бұл күні сиыр мен қой еті – 900, көкөністер – 65, балдың литрі – 900, шұжық – 900, сарымайдың келісі 1350 теңгеден саудаланды. Жәрмеңкеде «Восход молоко» кәсіпорнының сүт өнімдері де лезде сатылып кетті. Ұсынылған өнімдердің бағасы әдеттегіден 15-20 пайызға төмен болды.
Аудан әкімі Арман Бекбосыновтың айтуынша, бұл жәрмеңке Зырян ауданынан да өнімдер әкелінген екен.
– Бүгінгі жәрмеңке арқылы екі аудан арасындағы әріптестік қарым-қатынасты нығайтудамыз. Бұл шара ауылдағы жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Бұл күні, әсіресе, «Исток» шаруа қожалығының өнімдеріне ұзын сонар кезек болды. Себебі, бұл жерде картоп – 60, сәбіз – 55, орамжапырақ 60 теңгеден саудаланды.
Глубокое аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Нұрлыбек Құмарғажинның айтуынша, аталмыш жәрмеңкеге «Красный Яр» шаруа қожалғы 3 тоннадан астам макарон өнімдерін, 5 тоннадан астам көкөніс, 3,9 тонна қой және сиыр етін, 4 тонна балық, бір жарым тоннадан астам бал өнімдерін әкеліпті.
– Біз мұндай жәрмеңкені әр апта сайын аудан орталығында да ұйымдастырып тұрамыз. Себебі, бұл ауыл тұрғындары үшін тиімді әрі қолжетімді, – дейді Нұрлыбек Құмарғажин.
Қысқы азығын делдалсыз сатып алуды ұйғарған қалалықтардың бірі – зейнеткер Қазипа Сандыбаева жәрмеңкенің апта сайын өтіп тұратындығына ризашылығын білдірді.
– Сенбі күндері қолым бос болса, жәрмеңкеден қалмауға тырысамын. Өйткені, мұндағы баға қолжетімді. Алдағы уақытта да халыққа қажетті, күнделікті пайдаланатын өнімдердің бағасы күрт өсіп кетпесе екен деп тілеймін, – деді ол.
Глубокоелік өнерпаздардың концерті де көпшілік көңілінен шықты. Әсіресе, Ақмарал Қанағатова, Мадияр Жайырбеков, Құмархан Ахметқалиев сынды әншілерге ерекше құрмет көрсетілді.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button