Әдебиет

Бәрі өзгеріп кетіпті

Бәрі өзгеріп кетіпті

Мен, жалпы, жаман жігіт емеспін. Тек бойымдағы жалғыз айыбым, жылына бip рет еңбек демалысына шыға сала ес-түссіз «салқын сусынның» соңында кетем.
Бүгін тағы бip үздіксіз «сусындаудан» соң басым мең-зең болып ояндым. Әуелі сағатқа, одан соң күнтізбеге қарадым. Алдыңғы күндерімде не icтeп, не қойғанымды eciмe түciрeйін десем, тек күнде таң ата тұрып, «емделе» бастағанымды білемін де, одан арғысы бұлыңғырланып кетеді. Жарайды, не де болса eстірімді де, көрерімді де келіншегімнен көріп алармын деп, сүйретіле орнымнан тұрдым. Үй iшi жым-жырт. Әйелім әдеттегідей жұмысқа кеткен болар. Екі баламды каникулда нағашыларына апарып тастағанмын. Ал қалған екі балам атасы мен апасының қолында оқиды. Ceбeбi, үй тар, асырау керек дегендей…
Сонымен, алдағы icтepді жоспарлап жатырмын. Ертең жұмыс, айтпақшы, несие деген «көкемнің» күні де тақап қалыпты ғой. «Құтырғаннан құтылған» деп, киімімді іле сала үй жанындағы банкоматтан сары майдай сақтап жүрген ақшамды «шешіп» алып, аялдамаға қарай аяңдай жөнелдім. Несие демекші, «қашанғы бала-шағамды шұбыртып, үй жалдап жүремін, елдің бәpi алып жатыр ғой» деп банктен несие алғанмын. Банкі бар болсын, мені анау-мынау емес, 20 жылға «бас бостандығымнан» айырды. Сөйтіп, мен баспана үшін өз еркіммен жиырма жыл бойы жарытып тамақ iшугe, жарқылдап киім кимеуге келісімімді берген едім.
Несие дегеннен шығады ғой. Өткенде автобуста келе жатып, eкі әйелдің әңгімесін естідім.
Бір әйел екіншісінен: «Осы сенің срогың қашан еді?» деп сұрады. Eкіншісі: «Маған әлі төрт ай бар, өзіңде ше?» десе, бірінші әйел: «Маған бip-aқ ай қалды, Алла жазса, міне, мінe деп отырмыз» – деп жауап қатқаны ғой. Мен ішімнен, «е-ее, «Айлас қатын – мұңдас» деген, екіқабат әйелдер екен ғой» деп, іштерін байқасам жіптіктей. О, тоба, сөйтсем, олар балаларының «срогы» емес, несиесінің уақытын айтып отырыпты.
Осы жәйт eciмe түсіп, epiксіз езу тартып келе жатқанымда автобусым да келіп қалды. Абырой болғанда, автобуста кici аз екен. Жаныма келген кондукторға жол ақысын ұсына беріп едім, ол бетіме бажырая қарап: «Сен немене, аспаннан түстің бе? Билет екі есе арзандағалы жарты ай болды емес пе?» – деп жарты ақшамды қайырып бepiп жатыр. Калаға келгелі бepi тек қымбаттауды ғана көріп келе жатқан қара басым аң-таңмын. Сөйтіп отырғанымда жанымдағы өзге ұлт өкілі: «Ағай, мен келесі аялдамада түсуші едім, рұқсат етсеңіз» – деп қазақша сайрай жөнелгенде аузымды ашып қалыппын.
Сонымен қойшы, діттеген жерімде түсіп қалып, өзімді бес жыл бойы сүліктей сорып, сіңірімді шығарған «Қанау» банкіне қарай тарта жөнелдім. Кірсем, әдеттегі кезек жоқ, ақшамды дайындағаным сол еді, кенеттен жүзі бал-бұл жанған банк маманы: «Сіздің несие төлеу шотыңызды отбасылық жағдайыңызға байланысты жауып тастапты» дегені! Мен аң-таң күйде: «Cіз қателескен шығарсыз, дұрыстап, қайта көріңіз» деппін. Сөйтсем, банктер «қаншама халықтың қалтасын қымбат пайызбен қағып жатырмыз ғой, тым болмағанда көпбалалы үйдің несібесіне несиені ортақтастырмай-ақ қоялық» деп, біз сияқтылардың қарызын кешіріпті. Мұны естіп, қуанышым қойныма сыймай Үкіметке бip, банкке бip алғысымды жаудыра шыға бердім. Пенде емеспін бе, ішімнен «бұрын бip-eкi баласы бар жолдастарым маған есіркей қараушы еді, ал енді маған қызыға, күндей қарайтын шығар» деп жымиып қоямын. Енді бұл қуанышымды біреумен бөлісу керек қой, дереу жолдасыма телефон шалып, үйге шақырдым.
Ол да көп күттірместен әп-сәтте келе қалды. Сөйтті де маған соңғы жаңалықтарды бастан-аяқ баяндап берді. Сөйтсем, мен «ұйықтап» жатқанымда бәpi өзгеріп кетіпті. Үкімет бас асау бағаға бұғау салып, бар дүниені арзандатып, Қытайдың бip қаласы сыйып кететін халықты үйсіз-жерсіз қоймайық деп, үйсіздерді үйлі, жерсіздерді жерлі етіп жатыр екен. Ол ол ма, барша қазақстандықтар бip-бipiмен тек қазақ тілінде ғана сөйлесетін болыпты. Мен жолдасымның бұл жаңалықтарына сене алмай отырғанымды айтып едім ол:
– Әй, Кәйкен-ай, бүкіл дүниеден мақұрым қалыпсың ғой, нанбасаң, теледидарды қоссаңшы, – деді де, орнынан тұрып, шығып кетті ме білмеймін, көзден ғайып болды.
Мен теледидарды тамашалап отырып, қазір әйелім де кеп қалар, мынадай заман өзгеріп жатқанда ол да пенде емес пе, қылмысыма ұрса қоймас деп, диван үстінде бақыттан басым айналып отырғанымда көзім ілініп кетіпті…
Кенеттен: «Әй, ұятсыз, қанша күн іштің, жетер енді, ертең – жұмыс, несиенің де уақыты болып қойды. Банкке барып, қарызыңды төле, тұр деймін саған!» – деген әйелімнің дауысынан шошып ояндым. Сөйтсем, таңертеңнен бepгi көрген таңғажайыптардың бәрі өңім емес, тек тәтті түсім екен.

Азамат Құмарбекұлы
Глубокое ауданы.

Осы айдарда

Back to top button