Оқиғалар

Бір түнде 800 адам құтқарылды

Аймақта ауа райы бұзылып тұр. Қарлы боран, күннің күрт жылынуы, көктайғақ, осының бәрі тұрғындарға қолайсыздық туғызуда. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары бір түннің ішінде өңірдің әр түкпірінде жаңа туған нәрестесі бар, кішкентай балалары бар, сырқаты бар, барлығы сегіз жүзден астам адам мен 300-ге жуық көлікті қар құрсауынан алып шықты.

Бір түнде 800 адам құтқарылдыАт құлағы көрінбейтін ақ боран күшейгелі облыс аумағындағы автокөлік жолдары күндізден бастап бірінен кейін бірі жабылып, қозғалысқа рұқсат етілмеген болатын. Соған қарамастан кешке жақын әр ауданнан төтенше жағдайлар қызметіне хабарласып, көмек сұраушылар саны көбейген.

Құтқарушылар Жезкент – Бородулиха тас жолының 10-шы, 15-ші шақырымында тұрып қалған 20 көлікті адамдарымен бірге шығарып алса, Семей – Бородулиха бағытындағы жолдың 20-шы шақырымында қар «қақпанына» түскен 45 көлікті (жалпы адам саны 92, төртеуі кішкентай бала) қауіпсіз жерге жеткізген.

Сол сияқты бұл түні төтенше жағдайлар қызметкерлері Жаңа Шүлбі маңында жолда қалған көлікке дереу жетіп, ересектермен бірге төрт айлық нәрестені аман-есен таяу маңдағы елді мекенге жеткізген.

Өскемен – Семей күре жолының бойында 40 мәшине, ішінде 8 бала бар, барлығы 55 адам дүлей боранның «тұтқынында» қалған. Абырой болғанда бұлар да құтқарушы топтың көмегінің арқасында қауіпсіз жерлерге орналастырылған.

Бұған қоса Семей – Мұрат тас жолында 5 бала мен ересек адамдары бар бір автобусты, Өскемен – Шемонайха автожолының Ресеймен шекаралас тұсында 70 мәшинені, Өскемен – Алматы бағытындағы күре жолдың Жарма ауданына қарасты бөлігінде бала-шағасымен қосқанда барлығы 67 жолаушысы бар екі автобусты, Өскемен – Риддер жолында 70 мәшине мен 3 автобустың адамдарын қар құрсауынан алып шыққан.

Бір түннің ішінде төтенше жағдайлар департаменті өрт-құтқару бөлімшесінің мамандары облыстың әр түкпірінен жиыны сегіз жүзден астам адамға көмек қолын созған. Құтқару жұмыстары әлі жалғасуда. Табиғаттың тосын мінез танытуына байланысты тиісті орындар облыс жұртшылығына күн райы қалыпты күйге түскенше жолға шықпауды ескертіп отыр.

Сонымен қатар көктайғақтан жапа шеккендер қатары да кейінгі төрт-бес күнде бірнеше есе көбейген. Дәрігерлердің айтуынша, бес күнде Өскемендегі жедел жәрдем ауруханасына 21 адам әртүрлі жарақаттармен түскен. Аурухана сырқаттарға аузы-мұрнынан шыға лық толған, тіпті дәлізге дейін төсек орындар қойылған.

– Мұнда келіп жатқандардың дені автобусқа кіре бергенде немесе шыққан кезде, дүкендердің алдында, бағдаршамнан өте бергенде тайып жығылып, аяқ-қолдарын талқандап алғандар. Оның ішінде қариялар көп. Ота тәулік бойы жасалуда, жарақаттанғандар қатары күн санап артуда, – дейді жедел жәрдем ауруханасының мамандары.

Негізі аталған аурухананың травматология бөлімі 60 адамға арналған екен, бірақ қазір бұл жерде 83 сырқат орналастырылған. Орынның тарлығынан адамдардың жүріп-тұруы да қиындап кеткен жайы бар.

Күннің күрт жылынуынан күре жолдар кәдімгі мұз айдыны құсап жалтырап қалды. Әсіресе, қалаішілік жолдардың тайғақтығы автобустар мен жеңіл мәшинелердің қозғалысын тежеп-ақ тастады. Қоғамдық көліктер кестедегі уақыттарынан кешігіп жүруде. Соған орай жолдарға құм сеуіп, мұз оятын коммуналдық мекемелер де, көліктердің қозғалыс тәртібін қадағалайтын жол полициясы да жұмыстарын күшейткен.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button