Руханият

Бір мезетте екі мыңнан астам мемлекеттік қызметші диктант жазды

  Бір мезетте екі мыңнан астам мемлекеттік қызметші диктант жазды

Облыста «Әдемі сөйле, сауатты жаз» акциясы аясында бір мезгілде 2552 мемлекеттік қызметші мемлекеттік тілде диктант жазды. Облыс орталығында бұл шара екі жерде, облыстық әкімдікте және облыстық ақпараттық орталықта өтті. Облыстық әкімдіктегі сауаттылықты анықтауға бағытталған шараны облыс Әкімінің орынбасары Жақсылық Омар ашты.
– Барлықтарыңыз білесіздер, бүгін – халықаралық тілдер күні. Соған орай, тілдерді дамыту мақсатында облысымыздың барлық аудандары мен қалаларында онлайн режимінде мемлекеттік қызметшілер бір мезгілде қазақ тілінде диктант жазады. Бұл – үлкен шара. Сондықтан да сіздер мемлекеттік тілге деген құрметтеріңізді тағы бір мәрте білдіріп, диктант тапсырмаларын ойдағыдай орындап, оны жақсы жазып шығады деген ойдамын. Барлықтарыңызға сәттілік тілеймін, – деген Жақсылық Омар алдымен Семей қаласымен байланысқа шықты. Одан соң рет-ретімен әр аудан байланысқа шығып, өздерінде диктант жазу қанша пунктте өтетінін және қанша адам қатысып отырғанын баяндап берді.
Алдымен қатысушыларды облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы диктант жазудың ереже-тәртібімен таныстырып өтті. Ол тәртіп бойынша шараға қатысушылар өздері жазып шыққан диктанттарын арнайы бейнетақтаға шығарылған мәтінмен салыстыра отырып, өздері тексеріп, түзейтін болып шықты. Содан соң ғана белгілі тіл мамандары нақты сараптап, өз бағалауларын көрсетеді.
Бұл әдеттегідей Шығыстан бастау алған шараға диктант тақырыбы етіліп, белгілі қоғам қайраткері, профессор, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Асылы Османның «Қазақ тілі – біздің асыл қазынамыз» атты мақала-еңбегі алынған екен. «…Ұлтқа қызмет істеудің бүгінгі үлгісі қазақтың тіліне қызмет жасау болып табылады. Бұл – Қазақстанның топырағын басып, суын ішіп отырған әрбір адамның міндеті» деп басталатын мәтін азды-көпті 232 сөзден тұрады екен.
Облыстық лингвистикалық орталығының қазақ тілінен дәріс беретін оқытушысы Елена Нәбиеваның айтуына қарағанда, бұл диктант алу шарасы алдымен оған қатысушылардың қазақ тілінің грамматикасын қаншалықты меңгергендігін білдіреді.
Біз әкімдіктегі арнайы орында диктант жазып шыққан облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының қызметкері Арайлым Әлжанованы сөзге тартқанымызда ол:
– Өз басым бүгін тұңғыш рет өткізілген диктант ауыр болды дей алмаймын. Бұл өзіндік мән-мағынасы және маңызы бар диктант екенін атап өткім келеді. Меніңше, әр адам осы диктант арқылы қазақ тілі туралы тамаша ой түйді деп ойлаймын. Орфография дегенде кең пафоста жазылған мақалада үтір-нүкте емес, леп белгісі көп келгендіктен, біраз ойланып қалғаным рас. Маған әсіресе, өз жазғаныңды өзіңнің тексеруің талап етілгені ерекше ұнады. Өйткені, осы арқылы мұнда жіберіп алған қателерді алдағы уақытта жібермеуге тырысуға болады.
Жалпы, жаппай (тотальді) диктант жазу сауаттылық мәселесіне назар аударуға шақыратын білім акциясы екенін келтіре сөз саптаған келесі мемлекеттік қызметші өзін Альфия Тоқмолдинова деп таныстырды. Ол экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында бөлім басшысы болып істейді екен.
– Мен орыс мектебін бітіргенмін. Алайда, бүгінгі диктант өте қиын болған жоқ. Біздерге, мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік тілді тегін оқуға мүмкіндік жасалғаны осындай шарада сауатты жазуға ерекше себін тигізді және қазақ тілін білу іс қағаздарын мемлекеттік тілде таза толтыруға негіз болады деп ойлаймын, – дейді ол.
Сонымен облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма мен облыстық лингвистикалық орталықтың ұйтқы болуымен біздің облыстан бастау алған мемлекеттік тілде жаппай диктант жазу қорытындысы оған облыс көлемінде қатысқан 2552 мемлекеттік қызметкердің 1613-і, яғни, 63 пайызы таза һәм сауатты жазатынын көрсетті.

Ғафура Сәрсенбайқызы

Осы айдарда

Back to top button