Қоғам

Бір ауыл бес баланы патронаттық тәрбиеге алып отыр

Бір ауыл бес баланы патронаттық тәрбиеге алып отыр

«Мейірім» акциясы аясында осыдан үш жыл бұрын Ұлан ауданы, Жанұзақ ауылының тұрғындары 5 баланы патронаттық тәрбиеге алған еді. Жақында аталған елді мекенге жолымыз түсіп, балалармен танысып қайттық.
Осыдан үш жыл бұрын жанұзақтық тұрғындар қатарына қосылған Мадияр, Мөлдір, Мира және әпкелі-сіңлілі Регина мен Зариналар бүгінгі күні Үкімет тарапынан көрсетілетін қамқорлықпен қатар, ана мейірімі мен әке махаббатын сезініп, балалықтың бақытты күндеріне бөленіп өсіп келеді. Шөки Бәшіков атындағы негізгі мектепте тәлім алатын бұл балалар сабақтан тыс қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысады. 10 жасар қос құрдас – Мөлдір Мұстафина мен Мира Федорова дойбы, тоғызқұмалақ ойындарын жетік меңгерген. Биді де жақсы билейді.
Ал зейнеткер Айтжан Ахметжанова тәрбиеге алған қос қыздың бірі – 15 жастағы Регина Ильясова он саусағынан өнер тамған жасөспірім. Спортқа бейімділігімен қатар концерттерде ән айтып, мерекелік іс-шараларды жүргізудің шебері. Оның туған сіңлісі Зарина да әпкесінен қалыс қалар емес, ол да сабақтан тыс шараларға белсене қатысады. Шахматтан аудандық жарыста мектеп намысын қорғап, жалпыкомандалық есепте 3 орынды жеңіп алған.
Жанұзақтағы патронаттық тәрбиеленушілер арасындағы жалғыз ер бала – Мадияр Сатыбалдинов. Ол нағыз сегіз қырлы, бір сырлы жасөспірім. Ән шырқағанда ауыл жұртын ұйытып тыңдататын Мадияр спорттан да құралақан емес. Күреске қатысады, футбол, теннис ойындарына деген әуестігінің арқасында түрлі жарыстарға қатысып жүр. 9 жасында Мағауияновтар отбасының табалдырығын аттаған ол жаңа жанұяға бірден бауыр басып кетеді. Уақытша берілген сынақ мерзімі аяқталғанда кері қайтқысы келмейтіндігін айтып, өміріндегі ең маңызды шешімдердің бірін қабылдайды. Әуел баста баланы патронаттық тәрбиеге алу туралы шешімді қабылдау психологиялық тұрғыдан оңай болмағандығын Мадиярдың қазіргі апасы мен атасы да мойындайды.
– Туған үш баламыз Өскеменде тұрып, сонда жұмыс істейді. Каникул уақытында немерелеріміз келгенмен негізінен үйде екеуіміз ғанамыз. Сондықтан патронаттық тәрбиеге бала алуға бел будық. «Ол қандай бала болар екен, оған дұрыс тәрбие бере аламыз ба, ол бізге көне ме?» деген сан сұрақтар мазалап, қатты толғаныста болдық. Ақыр-соңында бір шешімге келдік, – деп ағынан жарылды Марат Мағауиянов.
– Жолдасым Мадиярды әкелетін күні өзімнің балаларым да қаладан арнайы келіп, әулет болып қарсы алдық, – деп күйеуінің сөзін жалғаған Маржангүл апайымыз жеке отбасында тәрбиеге алынғалы балалардың оқу үлгерімі жоғарылап, еңбекке деген ынтасы арта түскенін ерекше атап өтті.

Бір ауыл бес баланы патронаттық тәрбиеге алып отыр

Патронаттық отбасыларға Үкімет белгілеген тәртіп бойынша ай сайын төленетін қаражат балалардың барлық қажеттіліктерін өтеуге артығымен жетеді. Ал бұл қаражаттың орынды жұмсалып жатқанын, балалардың хал-жағдайларының дұрыстығын жауапты орындар ұдайы қадағалап отырады. Сонымен қатар, бұл балалар жалпыға білім беру қорынан бөлінген қаражат бойынша облыс аудандарындағы лагерьлерге кезекпен бару мүмкіндігіне ие. Айтпақшы, жалпыға білім беру қорының есебінен биыл Мадиярдың жолы Астанаға түсіпті.
– Бұл отбасында мен бақыттымын. Апа-атамды өте жақсы көремін. Қарындастарымды ойнатамын, апа-атама қолғабыс жасаймын. Қалаға барғанда аға-әпкелерім мені қыдыртып тұрады. Өскенде ағам сияқты полиция қызметкері болғым келеді, – дейді 12 жасар Мадияр.
Ал апа-атасының бар тілегі һәм міндеті – Мадиярды еліне адал қызмет ететін, өмірде өз орнын тапқан елеулі азамат етіп өсіріп, жеткізу.
Жалпы, облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Нұрғазиевтің айтуынша, өңірімізде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың саны жыл санап кеми түсуде.
– Бір қуаныштысы жылдан-жылға облыстағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар саны азайып келеді. Бұл көрсеткіштерге мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдар жұмыстарының тиімділігі, сондай-ақ, аймағымызда қамқорлық, патронаттық тәрбие сияқты балаларды отбасыларға орналастырудың баламалы түрлерін дамыту нәтижесінде қол жеткізіліп отыр. Қазіргі күні өңірімізде барлығы 144 бала патронаттық тәрбиеге берілген, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Нұрғазиев.
Жанұзақ ауылы Шөки Бәшіков атындағы негізгі мектептің директоры Бибигүл Қасымованың тәрбиесіндегі 10 жасар Мөлдір де өзін жаңа ортада жақсы сезінеді. Бізбен әңгіме барысында Бибигүл апайымыз патронаттық тәрбиенің жауапкершілігі туған балаңның алдындағы жауапкершіліктен екі есе артық екендігін айтты.
Жанұзақ ауылы барлық тұрғындарының ауызбіршілігі, татулығы, кеңпейілділігі мен мейірімділігі көпке үлгі. Шынында да, кішігірім бір ауылда баланы патронаттық тәрбиеге алуға 7 отбасы өтініш білдіріп, оның төртеуінің өтініштері қабылдануы әр жерде кездесе бермейді. Өзгенің баласын бауырға басу үшін әуелі мейірбандық, содан кейін батылдық пен жауапкершілік сияқты адам бойында асыл қасиеттердің болуы қажеттігін ескерсек, бұл жандар еліміздің нағыз сыйлауға тұрарлық үлгілі отбасылары екені даусыз.

Әсел Асқарқызы

Ұлан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button