Ел қорғаны

Бозбалаларды әскерге шығарып салды

Өскемендегі Металлургтердің мәдениет үйінде мерзімді әскери қызметке шақырылған бозбалаларды шығарып салу рәсімі өтті.

Дәстүрлі іс-шараға Отан алдындағы әскери борышын өтеуге аттанып бара жатқан жастардан бөлек, облыс орталығындағы орта мектептердің жоғары сынып оқушылары, колледждер мен университеттердің студенттері, әскери саланың ардагерлері, соғыс ардагерлері, Шығыс Қазақстан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілдері, сарбаздардың ата-аналары қатысты.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бүгінде әскеріміз Тәуелсіз Қазақстанның берік қалқаны ретінде жауынгерлік шеберлік пен асқақ рухтың озық үлгісін көрсетіп келеді» деген болатын.

Қарулы күштердің қатары шығысқазақстандық жауынгерлермен толығып жатыр. «Әскерге шақырылғандар күні» деп ат қойылып, айдар тағылған бұл шараның мақсаты – өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулып, елі мен жерін қорғауға, өзінің азаматтық борышына адал болуға тәрбиелеу. Сондай-ақ әскери өмірмен таныстыру.

Салтанатты шара аясында көпшілікке арнайы концерттік бағдарлама ұсынылды.

Әскери борышын өтеуге бара жатқан жерлестеріміздің дені Маңғыстау облысындағы теңіз әскери бөлімнің сапына қосылады. Бүгінде шақырылған жас сарбаздар арнайы комиссияның психологиялық және медициналық тексеруінен толық өткен.

– Отан алдындағы борышын өтеуге келген жігіттерді міндетті түрде арнайы комиссия тексереді. Соның нәтижесіне қарай олар әскерге жіберіледі. Барлығы 700-ге жуық азаматты әскер қатарына шақыру жоспарланған. Қазірдің өзінде бес команда шақырылды, 10 сәуірге дейін аттанатын тағы екі команда бар. Олардың барлығы психологиялық, кәсіби және медициналық тексерістен өткен, – дейді облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы Қайырбек Қайырханов.

Сонымен қатар Ақтау қаласындағы №22744 әскери бөлімде теңіз жаяу әскері сапында борышын өтейтін сарбаздарды әскери қызметтегі алғашқы қадамдарымен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев құттықтап, ақ батасын берді, тілегін білдірді.

– Отан алдындағы борышын өтеуге аттанғалы отырған жігіттер антына адал болып, бір жылдан соң үйлеріне аман-есен оралуына тілектеспін! – деді Айтқазы Сейітұлы.

Салтанатты іс-шарада патриоттық әндер шырқалып, әскерге шақырылғандарға естелік сыйлықтар табыс етілді.

DIDAR ақпарат

 

Back to top button