Жаңалықтар

Бозанбай бүркітшілер орталығына айналады – ШҚО

Шығыс Қазақстан облысында жуықта ғана «Шығыс салбурыны – 2023» халықаралық бүркітшілер фестивалі өткен болатын. Облыс әкімі бұл фестиваль жыл сайын жалғасын тауып, Бозанбай ауылы бүркітшілер орталығына айналатынын айтты, деп хабарлайды Didar ақпарат тілшісі. 

Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданының Бозанбай ауылында үшінші жыл қатарынан бүркітшілер фестивалі өтті. Биылғы бүркітшілер фестивалі облыс әкімінің қолдауымен халықаралық деңгейде жалғасын тауып, көптеген турист қатысты. Алдағы уақытта да бұл фестиваль дәстүрлі түрде жалғасын тауып, туризмді түлетудің тетігіне айналмақ.
– Құсбегілік – біздің ұлттық болмысымызды айқындайтын өнер. Қыран бүркіт, ұшқыр тазы, жүйрік ат біздің болмысымызбен біте қайнасқан құндылықтар. Сондықтан да бүркітшілер фестивалін дәстүрлі түрде жыл сайын өткізетін боламыз. Биылғы халықаралық фестивальге әлемге әйгілі бүркітші Айшолпан Нұрғайыпқызы қатысып, бозанбайлық жас бүркітші қыз Айзере Марксқызына өз эстафестасын табыстап кетті. Міне, осылай ұлттық құндылықты тәрбиеге де, туризмге де тетік етіп отырмыз. Тіпті, Бозанбайды бүркітшілер ауылы, бүркітшілер орталығына айналдыруды жоспарлап отырмыз, – деді ШҚО әкімі Ермек Көшербаев Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткенде баспасөз мәслихатында.

Айта кетейік, Бозанбай ауылында өткен биылғы бүркітшілердің халықаралық фестиваліне 100-ден астам құсбегі мен итбегі қатысқан болатын.
Didar ақпарат

Осы айдарда

Back to top button