Amanat партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының отырысында пайдаланылмайтын және заңды бұза отырып берілген жерлерді мемлекетке қайтару, Ұлан ауданында ет өңдеу кешенін салу үшін жер бөлу мәселесі қаралды. Жиынға комиссия мүшелерімен қатар тиісті сала басшылары да қатысты.
– Президент пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлерді мемлекетке қайтаруды тапсырған болатын. Бүкіл елде ауыл тұрғындары үшін жайылым жетпейді. Осы қордаланған мәселені шешуге облыстық филиалдар жанынан «Жер аманаты» комиссиялары құрылып, жұмыс істей бастады. Біз де бұл жұмысқа үлес қосамыз деп сенемін, – деді «Жер аманаты» комиссиясының төрайымы, Amanat партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Сайрангүл Жұмаділова.
Облыста бос жатқан жерлерді мемлекетке қайтару қарқынды жүруде. Бүгінге дейін ауыл шаруашылығы мақсатындағы 37,1 мың гектар жер қайтарылды.
– Үкімет жыл соңына дейін пайдаланылмай жатқан 5 миллион гектар жерді, оның ішінде Шығыс Қазақстан бойынша 100 мың гектарды мемлекетке қайтаруды міндеттеп отыр. 1 тамыздағы жағдай бойынша өңірде 19,6 мың гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы алқаптары анықталған, – деді жер қатынастары бақармасының басшысы Надежда Михейлис.
Комиссия жер қайтару мәселесі бойынша партияға түскен өтініштерді қарап, жерді қайтару тетіктері бойынша ұсыныстар әзірлеп, «Жер аманаты» республикалық комиссиясына жөнелтіп отыратын болады.