Қоғам

Бородулихалықтар азық-түліктің бәрін әкеліпті

Бородулихалықтар азық-түліктің  бәрін әкеліпті

Астана күні мерекесі қарсаңында өткен жәрмеңкені облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ аралап көрді. Жәрмеңкеге асыққан жұртты жаздың сіркіреп жауған жаңбыры да тоқтата алмады. Әр аптаның соңында қаладағы Fresh Market фермерлік гастрономының жанында ұйымдастырылатын бұл жолғы жәрмеңкенің көрігін бородулихалықтар қыздырды.

Осынау жәрмеңкеге жолдың шалғайлығына қарамастан артынып-тартынып келген бородулихалықтардың аппақ пейіліне қалай ғана риза болмайсың. Іздеген жанға құстың сүтінен басқасының бәрі бар. Жаздың жаңбырына қарамастан жәрмеңкеге келген жұрттың да қарасы мол. Жұрт «бұл да бір жауған нұр ғой» деп, жылы жаңбырға алақандарын тосып, қуанып жүр.

– Алтыншы жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған «Туған ел – алтын бесігім» атты акцияның аясында өтіп отырған бұл жолғы жәрмеңкеге ауданға қарасты он сегіз ауылдық округтің кәсіпкерлерінің бәрі де белсене қатысып отыр. Әсіресе, «Зәйтенов», «Новоя Заря», «Быков» сынды шаруа қожалықтарын ерекше атап өткім келеді. Төрт тоннаға жуық ет әкелдік. Оның қасында сарымай мен қымызымыз, нан өнімдеріміз бен балымыз бар. Биыл жақсы егін салдық. Жауын-шашын да мол. Сондықтан да шаруа қожалықтары басшыларының көңіл күйі де көтеріңкі, – дейді аудан әкімі-нің орынбасары Ахметқали Нұрғожин бізбен әңгімесінде.

Байқағанымыз, жәрмеңкедегі азық-түлік өнімдерінің де бағасы тұрғындар үшін өте қолайлы. Мысалы, қой етінің келісі 800-900 теңге аралығында болса, жылқы еті – 1000, шошқа еті – 1100 теңгеден аспайды, ал сүттің литрі – 120 теңге болса, сарымайдың келісі небәрі – 1000 теңге.

Апта сайын өтетін жәрмеңкеде облыс орталығы Өскеменнің маңындағы ауыл-аймақтардан келген жұрт та өз өнімін саудалайды екен. Солардың бірі – Ұлан ауданы Айыртау ауылының тұрғыны Жоламанова Гүлайым. 2005 жылы Өзбекстаннан көшіп келген оралман отбасы бүгінде мал ұстап, нәпақасын тауып отыр. Гүлайым барлығы 26 сиыр сауатын көрінеді. Өзінің көмекшілері бар. Сүттің жартысын «Восток молокоға» тапсырса, жартысын жәрмеңкеге әкеліп саудалайды. Гүлайымның тіршілігіне риза болған облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ:

– Ауылда тұрғаннан кейін осылай мал ұстап, өнімін пайдалану керек, – деді.

Ал Гүлайым:

– Орынды біресе ана жерден, біресе мына жерден береді. Ал менің өзімнің тұрақты тұтынушыларым бар. Олар мені кейде таба алмай, адасып қалады. Сондықтан орынды бір-ақ жерден берсе екен, – деп аймақ басшысына өз тілегін де жеткізіп үлгерді.

Облыс әкімі жәрмеңкедегі бал өнімдері мен көкөніс-тердің де бағасымен мұқият танысып шықты. Сондай-ақ, саудагерлердің тұратын орындарын жауын-шашында төбесінен су ақпайтындай ыңғайлы етіп, ретке келтіру жөнінде жауапты адамдарға арнайы тапсырма да берді.

Ал бородулихалықтардың арнайы тіккен киіз үйінің жанында облыс басшысын аудандық Достық үйінің өкілдері қуана қарсы алды. Шаттық пен қуаныштың белгісіндей болып шашу шашылды. Облыс әкімі ас атасы наннан ауыз тиді. Аудандық Достық үйінің директоры Александр Шпилькин, «Хуторянка» украин мәдени бірлестігінің өкілі Михаил Ковальчук Бородулиха өңірінде бүгінгі күні 43 ұлт пен ұлыстың өкілі тату-тәтті өмір сүріп, еңбек етіп жатқаны туралы облыс басшысына баяндап берді.

Ал облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВ Қазақстан атты ортақ шаңырақта әрбір ұлт өкілі өзін еркін сезінуі үшін барлық жағдайдың жасалып отырғанын атап көрсетті.

Сіркіреп жауған жаңбырға қарамай жәрмеңкеге жиналған қауымды Астана күнімен аудан әкімі Григорий Акулов та құттықтап, сөз сөйледі.

– Жаңбыр жауса, егін болады, егін болса, бәрі болады, – деді ол сөзін түйіндей келе.

Бородулиха ауданының Өскемендегі мәдени күні облыстық Жамбыл театрындағы гала-концертке жалғасты.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button