«Бомба қойылды» деген хабар жалған екен
«Даниел» супармаркетіне жарылғыш зат қойылған» деген хабарға байланысты төтенше жағдайлар және полиция қызметкерлері Өскеменнің орталығындағы жол-көлік қозғалысын екі сағатқа тоқтатуға мәжбүр болды.
– 18 тамызда сағат 14-тен 27 минут кеткенде Өскемендегі жедел басқару орталығының кезекші бөліміне 102 телефоны арқылы белгісіз ер адам қоңырау шалады. Ол қала орталығындағы супермаркетте жарылғыш зат қойылғанын айтып, телефон тұтқасын тастай салған. Аталған ауданға жедел түрде облыстық ішкі істер департаментінің және төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бөлімшелері тартылды. Ғимарат ішінен жүз шақты адам сыртқа шығарылып, барлық жапсарлас аумақтар, оның ішінде Үлбі көпірі де қоршалып, жаяу жүргіншілер мен барлық көлік құралдары үшін жабылды, – дейді ШҚО ІІД баспасөз қызметінің бастығы Б.Торғаев.
Екі сағат бойы ішкі істер департаментінің қызметкерлері ғимаратты толық тінтіп, азаматтар өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін ешқандай зат таппапты. Сағат 17.00-де барлық қоршаулар алынып, жолдар мен көпір азаматтар мен көлік құралдары үшін ашылған.
– Қазір біз «қалжыңбасты» іздестіру шараларын жүргізудеміз. Аталмыш факті бойынша Қылмыстық кодекстің 242-бабы бойынша іс қозғалды. Мұндай қадамдарға негізінен мас күйдегі немесе жүйке жүйесі бұзылған азаматтар жиі баратынын атап өткім келеді, – дейді Бақытжан Торғаев.