Білім

«Болашаққа» барам десеңіз…

Қазақ жастарының шетелде білімін жетілдіруге арналған бірден-бір ұтымды бағдарлама – «Болашақ». Осы бағдарлама негізінде білімнің биігін бағындырып, шетелден тәжірибе алып қайтқандардың қатары көп. Биыл да бұл бағдарлама арқылы оқимын дегендердің құжатын қабылдау басталды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында басталған бұл бағдарламаның шапағатын көргендер көп. Ал шарапатын көрдік пе, ол жағының нәтижесі әлі белгісіз. Десе де ұрпақ үшін ұтымды деп танылған бағдарламаға құжат қабылдау биыл да басталып кетті. Қазіргі таңда Қазақстанда магистратура, докторантура және резидентура бағдарламалары бойынша жетекші шетелдік ЖОО-ларға түсу үшін құжат қабылдау жалғасып жатыр. Құжат тапсыру барысында интернеттің игілігін көруге толықтай мүмкіндік бар. Себебі өтінімдерді 5 қыркүйектен бастап, 14 қазанға дейін Egov.kz мемлекеттік қызметтер порталы арқылы тапсыруға болады. Қазіргі таңда «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындауға конкурстық іріктеу толығымен автоматтандырылған және онлайн режимде өтеді. Болашаққа «Болашақпен» қадам басқысы келетін үміткерлер үш кезеңнен сүрінбей өтуі керек. Олар: кешенді тестілеу, тәуелсіз сарапшы комиссия мүшелерімен жеке әңгімелесу және кадрларды шетелде даярлау жөніндегі республикалық комиссия отырысында құжаттарды қарау.

«Болашаққа» барар жол ауыр, ауыр да болса жеңіл, өйткені көп құжат жинап қиналмайсыз. Ол үшін үміткерлер конкурстық іріктеуге керекті екі негізгі құжатты ғана ұсынуы керек. Әуелгісі – «Болашақ» бойынша оқуға ұсынылатын жоғары оқу орындар тізіміндегі шетелдік университеттен шақыру, ал екіншісі – B1 деңгейінен кем емес мемлекеттік тіл бойынша емтихан тапсырғаны туралы сертификат.

Осы қадамдарды жасаған кез келген қазақстандық «Болашақпен» оқуға бара алады. Десе де, өтінім тапсырған кезде академиялық білім алу және кейінгі еңбекпен өтеу мерзімі зейнеткерлік жастан аспауы тиіс. Биыл берілетін гранттар саны аз да, көп те емес. Нақтырақ айтқанда, биыл магистратура мен резидентурада оқу үшін 385 стипендия, докторантура бағдарламасы бойынша 60 стипендия бөлінді. «Болашаққа» барам десеңіз, ертерек қамданыңыз.

Алтай Ғали-Асқар

 

Осы айдарда

Back to top button