Білім

«Болашаққа» барар жол жеңілдей түсті

Қазіргі таңда шетелден шенділердің баласы ғана білім алады деген түсінік шет қалды. Бай баласын да басып озып, «Болашақпен» білім көшіне бет түзеуге болады. Оның бір дәлелі шетелден білім алуға арналған «Болашақ» бағдарламасы білім алушыларға бірқанша жеңілдіктер ұсынып отыр. Ол туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде айтылды.

Аттап бассаң, алдыңнан шығатын IT саласын дамыту – бүгінгі қоғамның негізгі сұранысы. Осыған орай, «Болашақ» бағдарламасы биыл IT және инженерлік мамандықтарға бөлінетін гранттар санын өсірген. Ол  өткен жылмен салыстырғанда 36 пайыздан 60 пайызға дейін ұлғайған. Сондай-ақ техникалық мамандықты таңдаған үміткерлер құжат тапсырғанда ЖОО-дан шақыруды ұсынуға міндеттелмейтін болды.

– Халықаралық бағдарламалар орталығының бастамасымен «Болашақ» стипендиясы аясында медициналық қызметкерлерге бір жылдық тілдік дайындықтан өтіп, стипендия тағайындалғаннан кейін шетелдік университетке түсу мүмкіндігі берілетін болады. Бұрын жеңілдік тек ауылдық елді мекендерден үміткерлер үшін қарастырылған болса, алдағы уақытта оларға ағылшын тілінен IELTS емтиханының балы 6.0 балдан 5.0 балға дейін төмендетіледі. Оған қоса, бір жылдық тілдік дайындықтан өту мүмкіндігі берілетін болады, – дейді «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Қанатұлы.

Одан бөлек, өзге де тиімді механизмдер іске қосылмақ. Егер осы бағдарламаға үміткерде жоғары оқу орнынан, жұмыс берушіден немесе демеушіден үздік шетелдік университетте оқуға грант болса, бағдарлама екі жаққа ұшып қайтуды, визалық алымдарды, медициналық сақтандыруды, ай сайынғы стипендияны және оқу материалдарын сатып алуға жәрдемақыны өтейтін болады. Білім алушылардың еңбекпен өтеу мерзімі 1 жылға қысқартылатын болды. Бұдан бөлек, «Fortune-500» әлемдік деңгейдегі үздік компанияларда тағылымдамадан өтуге қатысты өзгертулер болмақ.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button