Білім

Білімнің қара шаңырағы

Білімнің қара шаңырағы


«Білімді, сауатты адамдар – XXI ғасырда адамзат дамуының негізгі қозғаушы күші. Жарқын болашақтың кілті – жоғары білімде» деп, Елбасымыз айтып өткендей, еліміздегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының бірі – Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің құрылғанына 65 жыл толып отыр. Өскеменде өткен «Жаңа түсінік парадигмасын қалыптастыру: өткенді сақтай отырып, болашақтың негізін қалаймыз» атты «Аманжолов оқулары-2017» ғылыми-тәжірибелік конференциясы университет мерейтойына арналды. Аталмыш іс-шараға еліміздің өзге өңірлерімен қатар, Польшаның Познань қаласының, Ресейдің Мәскеу, Новосібір, Барнаул қалаларындағы жоғары оқу орындарының ғалымдары да құттықтай келді.

-Тәуелсіздік жылдары еліміздің білім беру саласын дамыту, білім сапасы мен бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында ұлан-ғайыр жұмыстар атқарылып жатыр. Елбасымыз өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қазіргі заманғы білім-ғылым мәселесіне терең мән беріп отыр. Дамыған отыз елдің қатарына енуіміз үшін біз өз ұлтымыздың салт-дәстүрін, тілі мен әдебиетін, ұлттық құндылықтарын сақтай отырып, заманауи технологияларды игерген білікті мамандар тәрбиелеуге тиіспіз. Бүгінгі жастарымыз білімді, креативті, бәсекеге қабілетті, жаңашыл, отансүйгіш болғаны абзал. Еліміздегі білім беру жүйесі жас ұрпақтың осы қасиеттерін дамытуға бағытталғаны жөн,-деді конференция жұмысына сәттілік тілеген университет ректоры Әлібек Қуандықов.

О.Кутафин атындағы Мәскеу мемлекеттік заң университетінің кафедра меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы Татьяна Отческая, соттық және прокурорлық-тергеу қызметін ұйымдастыру кафедрасының оқытушысы, бүгінде Мәскеуде қорғаушы қызметін атқарып жүрген С.Аманжов атындағы университет түлегі Евгений Колесников, Польшадағы Адам Мицкевич атындағы университет өкілі Целка Збигнев, Новосібір мемлекеттік университетінен келген тарих ғылымдарының докторы Наталья Аблажей, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының докторы Гүлмира Мәдиева көптілді білім берудің маңызы, рухани жаңғырудың негізі бағыттары жайлы баяндап, университеттер арасындағы ынтымақтастық нығая берсін деген ақжарма тілектерін білдірді.

Сәрсен Аманжолов атындағы білім ордасы – ел тәуелсіздігін жариялаған 1991 жылы университет мәртебесін алған еліміздегі үшінші жоғары оқу орны. Университет тарихына үңілсек, 1952 жылы Семей мұғалімдер институты Өскеменге ауыстырылып, педагогикалық институт болып қайта құрылған. Жаңа кафедралар ашылып, физика, химия, биология, математика пәндерінің ұстаздары даярлана бастады. Сол кездің өзінде институт Кеңестер Одағындағы ең үздік педагогикалық жоғары оқу орындарының бірі болды. Мыңдаған маманды түлетіп ұшырған оқу орны 2003 жылдан бері қазақ тілі білімінің негізін қалаушылардың бірі, түркітанушы, Қазақ КСР ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор Сәрсен Аманжоловтың есімімен аталады.
Салтанатты жиын барысында асылдың тұяғы Орал Сәрсенұлы Аманжолов әкесінің ғылыми еңбектерін жарыққа шығарған университет басшылығына алғысын айтып, Сәрсен Аманжоловтың ерте кездері баспасөз бетінде жарық көрген «Қазақ тілі сабақтары» мен кейбір әдістемелік кітапшаларын сыйға тартты.

Бүгінде еңбек нарығында сұранысқа ие университет түлектері ел экономикасының түрлі саласында абыройлы еңбек етіп жүр. Қазіргі таңда аталмыш оқу орны уақыт талабына сай классикалық университеттен Smart-университет үлгісіне көшу үстінде. Университеттегі төрт факультет шәкірттері бакалавриаттың 45 мамандығы, магистратураның 30 мамандығы және докторантураның 3 мамандығы бойынша білім алып жүр. Оларға дәріс беретін 300-ден астам жоғары санатты оқытушының 19-ы ғылым докторы болса, 150-і ғылым кандидаттары мен PhD докторлары. Университеттің стратегиялық даму және ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Анар Мырзағалиева айтып өткендей, білім мен ғылым бағытындағы бизнесті біріктіру мақсатында соңғы үш жылда «Алтайтану», «Назарбаевтану», академик Зәки Ахметов атындағы шығармашылық зертхана, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының филиалы, студенттік бастамалар орталығы, сот мәжілісінің залы, «Зияткер», «Мәңгілік ел», фитохимия зертханасы сияқты ғылыми-зерттеу бөлімшелері ашылды. Бұдан өзге 42 ғылыми үйірме жұмыс істеп тұр. Соның нәтижесінде білім ордасының студенттері аймақтық, республикалық, халықаралық деңгейдегі олимпиадалар мен конференциялардың лауреаты, жеңімпаздары атанып жүргенін мақтанышпен айтуға болады.

Білімнің қара шаңырағы

-Университеттің халықаралық әріптестігі әлемдік білім беру қауымдастығына бірігу, беделді мемлекетаралық бірлестіктер жұмысына қатысу және алыс-жақын шетелдердегі өзара байланысты нығайтуға бағытталған. Бүгінгі таңда университетте 75 халықаралық ынтымақтастық туралы келісім-шарт бар. Осыған орай студенттеріміздің Ресей, Қырғызстан, Белорусь, Түркия, Германия, Польша, Чехия, Франция, Швейцария, Қытай, Бельгия, Оңтүстік Корея, Моңғолия, АҚШ, Португалия, Франция, Латвия елдерінде білім-біліктерін арттырып, екі диплом алуға мүмкіндік беретін арнайы білім бағдарламаларын жүзеге асырудамыз,-дейді университеттің проректоры Анар Мырзағалиева.

Білім ордасында ұйымдастырылған көрме жұмысын атап өткен орынды. «Көш бастағандар», «Жүректе жанған алаулар», «Біздің жетістіктер» атты көрме сөрелеріндегі білім ордасы алғаш құрылғаннан бастап, оның дамуына ерекше үлес қосқан ұстаздар жайындағы мәліметтер университеттің терең тарихынан сыр шертеді. Бұл орайда университет ректоры болған, академик Ережеп Мәмбетқазиевтың ерен еңбегін ерекше атап өткен жөн.

Мерейтой аясындағы игілікті шаралар барысында Сәрсен Аманжоловтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, университеттің дамуына үлес қосқан ардагерлер, ұстаздар мен түлектер марапатталды.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button