Білімдарлығымен белгілі Біләловтар әулеті
Қыдырбек Біләлов атындағы гимназия-интернатта әдеттегіден өзгеше білім бәйгесі болып өтті. Кешті ұйымдастырушы халықаралық Бизнес академиясының магистранты, Швеция-Ресей-Қазақстан бірлескен кәсіпорнының директоры, Қыдырбектің жиеншары Қанатбек Қажыбеков.
Қанатбек 2012 жылы Қыдырбектің қызы Ғалиямен бірге осы оқу орнындағы математика пәні кабинетін жабдықтап, білім ошағына аты берілген тұлғаның ескерткіш тақтасы мен музыкалық орталықты сыйға тартқан еді. Енді ол Қыдекеңнің туғанына 100 жыл толуына орай гимназияға ат басын тірепті.
Біләловтар әулеті білімдарлығымен белгілі. Осы әулеттен шыққандар ғана жалпы орта білім беретін оқу орындарын он екі алтын, күміс медаль, белгілермен, жоғары оқу орындарын оншақты қызыл дипломмен, бірқатары Ұлыбритания, Қытай, Малайзия елдеріндегі әлемге әйгілі оқу орындарын үздік бітірген.
Әрине әңгіме Қыдырбек марқұм туралы болып отырғандықтан, оның өнегелі ғұмыры жайында қысқаша тоқтала кетелік. Қыдекең 1936-1939 жылдары Алматы ауыл шаруашылығы институты, Орынбор қаласындағы жұмысшы факультеті, С.Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінде білім алған екен. Бірақ осы университеттің физика-математика факультетінің екінші курсында оқып жүргенде КСРО-Финляндия арасындағы ұрыс қимылдарына шақырылып, содан кейін іле-шала басталған Ұлы Отан соғысына қатысады. «Адамның басы – Алланың добы» деген, 1941 жылғы күзге салым Киев қаласының маңындағы қанқұйлы шайқастардың бірінде басшылық тізгінінен айырылған Кеңестік әскерлердің бір тобы жаудың қоршауында қалып, Қыдырбек те тұтқынға түседі. Тұтқынға алынғандар Югославия концлагеріне әкелініп, аштық, жалаңаштық жағдайында ауыр тас қашау жұмыстарын атқарады. «Кукурузник» деген ұшақпен үстерінен әр жерге нан тастайды екен. Мұндай қорек кімге жетсін, аштықтан бұрлыққандар соған таласып, қойша бастырылып, өлгені өліп, тірілері қайта жұмысқа жегіліп отырыпты.
Осындай адам айтқысыз қорлыққа шыдамаған тұтқындар қашқанмен қолға түсіп, атылып жатады. Соған қарамастан Қыдырбек те бірде 100 шақты адаммен бірге концлагерьден орманға қарай қашады. Қашқандар күзетшілердің бұршақтай жауған оғынан және миналанған алаңдағы жарылыстардан қаза тауып, тек жиырма шақты адам ғана тірі шығады. Бірақ олар еркіндікке шыққанмен, жердің географиялық ерекшелігін білмегендіктен әрі азық-түлік жоқтығынан алысқа ұзап кете алмайды. Ит жетектеп, мұздай қару асынған неміс солдаттары үш күннен кейін бұларды ұстап алып, қайтадан концлагерьге әкеліп тығады. «Тәртіпті бұзғаны» үшін оларға жазалаудың небір сорақы түрлері көрсетіледі. Қашқандарға сенімсіздік көрсетіліп, Австрияның Маутхаузен қаласының түбіндегі концлагерьге әкелінеді. Қыдырбектің сол жақ омырауында «Қашқын» деген литер белгісі болса да, елім деп соқ-қан жүрегі кіндік қаны тамған топырақты аңсайды. Алғашқы сәтсіздігінен сабақ алған ол келесі қашу әрекетіне мұқият дайындалады. Сенімді төрт жігіт тауып, жоспар құра бастайды.Жартымсыз тамақтарының бір бөлегін белгілі жерге жасырумен болады.
Үш жыл ішінде неміс тілін еркін меңгерген Қыдырбек концлагерьде тілмаш қызметін де атқарады. Ауырып-сырқаған тұтқындардың өтінішін медицина қызметкерлеріне, офицерлерге жеткізіп отырады. Бірде ол күдік туғызбау үшін жүзі жылы неміс офицеріне оқушылардың география сабағында қолданатын контур картасын әкеліп беруін өтінеді. Ойына күмән алмаған офицер тұтқынның өтінішін орындайды. Қыдырбек осы картаға қарай отырып, өздерінің қай тұста тұрғанын, концлагерьден шыққаннан кейін қай тарапты бетке алатынын біліп алады. Сөйтіп олар 1944 жылғы көктем маусымы күндерінің бірінде концлагерьдің төрт жағында төрт бірдей қарауыл мұнарасы, бергі жағында бір метрлік, арғы жағында үш-төрт метрлік тікенек сымды қоршаулар тұрғанына қарамастан Қыдырбек бастаған топ СС-шілерді алдап соғып, тұтқыннан қашып шығады. Жолай алып шыққан тамақтары түгесіліп, ашыққанда елді мекендегілердің тамақ қоймаларын үптемеске де лаждары қалмайды. Осылайша өзек жалғап, үш жарым айдың ішінде 250-300 ша-қырымдай жол жүреді. Бұрын олар түнделетіп жүрсе, кейіннен сақтық шараларын жасауға самарқауланып, сапарларын күндіз де жал- ғастырады. Ақыры олар тағы да қолға түсіп, өз концлагерлеріне қайта әкелінеді.Олар тек 1945 жылғы Одақтастар әскерлері сол маңдағы концлагерлердегі барлық тұтқындарды босатқаннан кейін ғана еркіндікке шығады.
1946 жылы елге оралған Қыдекең Ақжар ауылындағы мектепте ұстаздық ете бастайды. Бірақ хауіпсіздік органдарының қызметкерлері оған маза бермеген. Кеңестік «әділет» қызметкерлерінің көрсеткен зорлық-зомбылығы мен жәбір-жапасы концлагерьлердегі неміс фашистерінен де асып түседі. Әдетте оны кешке қарай шақырып алып, ұрып-соғатыны өз алдына, психологиялық күйзеліске түсіріп, жүйкесін жүндей түтеді. Ал таңертең шаршап-шалдығып, көзіне ұйқы тығылған қалпында қызметіне келіп отырған… Қыдекең 1956 жылы ғана ақтау қағазын алып,қудалаудан құтылыпты. Ақталғаннан кейін оның тасы өрге домалай бастады. Қатардағы мұғалімдіктен оқу ісінің меңгерушісі, мектеп басшысы дәрежесіне дейін көтеріліп, ұстаздық қызметі «Еңбек Қызыл Ту» орденімен бағаланды. 2006 жылы оның есімі Ақжар ауылында жаңадан ашылған гимназия-интернатқа берілді. Қыдекеңнің ұстаз-басшылық қызметі хақында оның шәкірті, Қазақ КСР-не еңбегі сіңген озық қызметкер Роза Райымбекова: – Математика – аса күрделі пән, логикалық жағынан жүйелі ойлауды және дәлдікті қажет етеді. Кейін сараптама жасағанымда, Қыдырбек ағай қандай қиын есептерді де жеңіл жолмен түсіндіруге тырысқан екен. Бұл тәсіл тек білікті маманның ғана қолынан келеді, – десе, Қыдекеңмен ұзақ жылдар бойы қызметтес болған аға мұғалім Кәмеш Мұқашова: – Қыдырбек ағай тек математика ғана емес, физика, астрономия, сызу, сурет, қазақ, орыс, неміс тілдері пәндерінің әдістемелігін де бес саусағындай білетін ерекше дарын иесі еді, – дейді. Заманында Қыдекең техникумдар мен институттардың бірінші курсына арналған бағдарламалық есептерді әкеліп, ауыл мектебі оқушыларына шығартып отырыпты. Бұл тәсіл мектеп түлектерінің арнаулы орта және жоғары оқу орындарына қиналмай түсулеріне жол ашып отырған. Қанатбек те Қыдекеңнің осы дәстүрін жалғастыру мақсатымен оның туғанына 100 жыл толу құрметіне орай дарынды балаларға арналған республикалық орталықтың бағдарламалық есептерін әкелген екен. Осы есептерді шығарудан гимназия оқушылары арасында жарыс өткізіліп, 9-11 сынып оқушылары Ерболат Мұхамет, Арайлым Әйкенова, Жансая Ержановалар бірінші орын алды. Жарыс нәтижесі жайында Қ.Қажыбеков: – Білім сайысына жоғары сыныптар оқушыларының барлығы дерлік белсене қатысқанына және берілген есепті тез шығарғанына тәнтімін. Бұл өзі ауылда да интеллектуалдық өресі биік ұрпақтың өсіп келе жатқанын аңғартады. Бұған қалай қуанбассыз, – деді. Білім бәйгесінен қара үзіп келгендерге ғана емес, қарым-қабілетін танытқан оқушылардың барлығына да Біләловтар әулеті тарапынан бағалы ынталандыру сыйлықтары тапсырылды. Сондай-ақ мерейжас иесі туралы оның қызы Ғалия Біләлованың «Әкемнің өнегелі өмірі» атты кітабының тұсаукесер рәсімі жасалып, оқушылар мен жиналған қауымға таратылды. Марқұмға арналып ас беріліп, жиналған қауым естеліктер айтты. Келешегіміздің көкжиегін кеңейтуге деген қамқорлық осындай-ақ болар. Жас ұрпақтың білімділігін бекемдеуде марқұм Қыдекеңнің аруағы желеп-жебей берсін дейік.
Амангелді Жанахмет
Тарбағатай ауданы.