Білім

Білім сапасын арттырудың басым бағыттары қандай?

15-тамыз күні Өскемендегі Назарбаев зияткерлік мектебінде облысымыздың аудандары мен қалаларындағы білім бөлімдерінің басшылары, білім мекемелерінің директорлары, сондай-ақ, әртүрлі орталықтардың жетекшілері бас қосып, «Білім жүйесін жаңғырту жағдайында білім сапасын басқару» атты семинар өткізді.

Білім сапасын арттырудың басым бағыттары қандай?Білім саласының 500-ден астам маманы бас қосқан семинардың бірінші бөлімінде оған қатысушылар Өскемендегі химия-биология бағытындағы НАЗАРБАЕВ зияткерлік, халықаралық «Нұрорда» мектептерінің, Оралхан Бөкей атындағы №44 мектеп-лицейдің, дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы мектеп-интернатының және тағы да басқа білім ұяларының білім беру тәжірибелерімен танысты.

Семинардың пленарлық бөлімінде облыстық білім басқармасының бастығы М.Ахметова, облыстағы білім сапасын қадағалау департаментінің директоры Б.Данияров, облыстық «Өрлеу» мұғалімдердің білімін жетілдіру ұлттық орталығы директорының орынбасары С.Ахметбекова, Семейдегі №11 орта мектептің директоры Н.Фесенко, Зайсан ауданы, Көгедай мектебінің директоры Е.Базаров сөз алып, білім жүйесін жаңғырту жағдайындағы оқыту сапасын арттыру, бүгінгі ұстаздар білімін жетілдірудің көпдеңгейлі жүйесі мен проблемалары және оларды шешудің жолдары, нәтижеге бағытталған білім беру негізінде ресурстық орталық жұмысын ұйымдастыру, мұғалімдер біліктілігін арттырудағы ата-аналардың рөлі және тағы да басқа бүгінгі күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді ортаға салды.

Баяндамасын «Қазақстан Республикасы білім саласын дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» мен Елбасының биылғы халыққа Жолдауындағы және «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы: «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай – 20 қадам» атты мақаласындағы білім сапасын арттыруға байланысты берген тапсырмаларының облыс көлемінде қандай деңгейде жүзеге асып жатқандығынан бастаған басқарма бастығы бүгінгі таңда облыстың білім саласындағы жетістіктер мен орын алып отырған көптеген олқылықтарға ерекше тоқталып өтті.

– Өңіріміздегі білім жүйесін дамыту бағдарламасы білім алу мүмкіндіктері мен оның сапасын, сондай-ақ, осы жүйедегі шынайылық пен пәрменділікті арттыру секілді негізгі үш бағытта жүргізу арқылы ғана жүзеге асатын болады. Республика бойынша білім саласын қаржыландыру жылдан-жылға артып келеді. Айталық, өткен жылы бұл салаға 60,5 млрд. теңге бөлінсе, биыл 70,6 млрд. теңге қарастырылды. Ағымдағы жылы білім саласына қарасты 38 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Олардың 27-сі апатты жағдайдағы мектептерді жаңалау болса, үшеуі – балабақша. Биылғы оқу жылында жаңадан салынған жеті мектеп оқушылар игілігіне ұсынылмақ. 47 білім нысанына күрделі жөндеу жүргізу үшін облыс бюджетінен 1 397,3 млн. теңге бөлінді. Осы жылы 99 химия (32,4%), 13 биология (37%) және 13 мультимедиалық (60,3%) кабинеттер алынбақ. Әрине, мұның барлығы да аймағымызда білім сапасын көтеру үшін жасалып жатқан шаралар. Бүгінгі күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ тапсыруымен еліміздің алты бірдей облыс орталығында НАЗАРБАЕВ зияткерлік мектебі ашылып, өз жұмысын бастағанын, оның екеуі біздің өңірде екендігін жақсы білесіздер. Қазір Семейдегі физика-математика, Өскемендегі химия-биология бағытындағы зияткерлік мектептер өз жұмыстарын жемісті жүргізуде. Бүгін Өскемендегі мектептің жай-күйімен, мектеп мұғалімдері мен оқушыларға жасалған жағдайлармен, сондай-ақ, олардың аз уақытта жеткен жетістіктерімен де танысып үлгердіңіздер. Мемлекет басшысы осы мектептердің тәжірибесін еліміздегі өзге де білім салаларына енгізіп, үлгерім деңгейін жоғарылатуды тапсырма етіп отыр, – деді Мәдениет Медеуханқызы.

Басқарма бастығы келтірген көңілге жағымды деректерге қарап ішіміз жылыса да, төмендегі мына бір жайды айтпай кетуге болмады. Жоғарыда мемлекетіміздің білім саласына ерекше назар аударып, ұстаздарға да, оқушылар қауымына да жан-жақты мүмкіндіктер туғызылып жатқандығы айтылды. Соған қарап, «облыс түлектерінің білім көрсеткіші жыл өткен сайын жақсарып келе жатқан болар» деп масаттансаңыз, қателесіз. Өкінішке қарай, биыл облыс бойынша 9868 түлек мектеп бітіріп, жалпы жиынтығында 76 пайыз көрсеткішке жетсе, былтыр бұл көрсеткіш 81,8 пайыз болған көрінеді. Ал халықаралық білім олимпиадаларында жақсы көрсеткішке қол жеткізіп, ҰБТ-дан босатылғандығы жөнінде сертификат алғандардың саны биыл 43 түлек болса, бұл көрсеткіш өткен жылы 51-ді көрсеткен.

2012 жылғы ҰБТ нәтижесі бойынша Үржар ауданының түлектері 97,7 пайыз көрсеткішпен облыста көш бастаса, Зайсан ауданы (93%), Аягөз (89,3%), Катонқарағай (84,3%), сондай-ақ, Күршім (88,3%) аудандары жақсы жетістіктерге қол жеткізіп, облыс түлектері жалпы орташа есеппен 70,1 балл жинапты. Мұның өзі өткен жылғы (2011 жылы 90,2%) көрсеткішпен салыстырғанда 19,3 пайызға төмендеп кеткен. Облыс мектептеріне байланысты мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады, егер ондай олқылықтарды тізбелей бергеннен оң нәтиже шығар болса…

Көңіл жабырқатарлық мұндай төмен көрсеткіш тек Шығыс Қазақстан облысының түлектеріне ғана қатысты емес. Дерек көздері жалпы қазақстандық білім сапасы деңгейінің өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда төмендегендігін (15,7%) көрсетеді.

Облыс ұстаздарының басын қосқан алқалы жиында сөз алғандар тарапынан білім сапасының көрсеткішінен өзге де өзекті мәселелер жайы айтылды. Айталық, мұғалімдер мен оқушылар немесе оқушылар мен оқушылар арасындағы түсініспеушіліктен туған кикілжіңдер, әсіресе, жоғарғы сынып оқушыларының тәртіптерінің көңіл көншітпейтіндігі, ал бұған түсіністікпен қарап, «тәрбие саласының бір жағына шығысады-ау» деген ата-аналардың өздері қит етсе, арыз жазуға бейім екендігі де назардан тыс қалған жоқ.

Жиын соңында білім саласының мамандары аталмыш кемшіліктермен бірлесе күресе жүріп, болашақта ондай олқылықтарға жол бермеуге, облыс мектептеріндегі білім сапасын арттыра түсуге кепілдеме қабылдады.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button