Білім нысандары сапалы салынуы тиіс
Өңірде салынып жатқан білім саласындағы нысандар құрылысы барынша сапалы жүргізілуі тиіс. Егер кейбір нысандарды жыл соңына дейін салып үлгермейтін болса, асықпай, келер жылдың алғашқы тоқсанында сапалы етіп аяқтау керек. Кеше кеңейтілген аппараттық кеңесте аймақ басшысы Даниал Ахметов осындай тапсырма жүктеді.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ернар Мәулетханов ағымдағы жылға облыс бойынша алты білім беру нысанының құрылысы жоспарланғанын атады. Оның 3220 орындық бесеуі мектептер болса, қалған біреуі – №23 мектепке қосымша жапсарлас ғимарат.
Басқарма басшысының мәліметінше, биыл салада үш нысанды тапсыру көзделген. Оның біріншісі апатты жағдайдағы мектепті ауыстыру үшін 320 орынға шақталып Үржар ауданының Мақаншы ауылында тұрғызылуда. Келесісі үш ауысымдық оқытуды біржолата жою мақсатындағы №4 білім ошағы 600 орынға жоспарланып Аягөз қаласының Оңтүстік қалашығында салынып жатыр. Ал соңғысы Өскемендегі Жаңа Согра кентінде орналасқан № 23 мектепке қосымша ғимарат. Қалған үш нысан келер жылы пайдалануға берілді.
– Мақаншыдағы мектеп биыл бітеді, жағдайын білемін, жұмыс жүріп жатыр. Ал Аягөз бойынша менің күдігім бар. Бұл жөнінде не айтасыз? – деді облыс әкімі.
Баяндамашы мердігермен келісім бойынша негізгі уақыты келер жылдың ақпаны екенін, алайда тапсырмаға сәйкес, биылғы желтоқсанға межеленіп отырғанын жеткізді.
– Оған несін асығасыздар, негізгі жоспар бойынша алдымыздағы жылдың бірінші тоқсанында бітіріп шығыңыздар. Бірақ, қайталап айтамын жұмыс дұрыс жүргізіліп, сапалы атқарылуы керек, – деді облыс басшысы.
Сондай-ақ, Тарбағатайдың Ақжар ауылында салынып жатқан 600 орындық мектеп пен 300 орындық интернат құрылысына, дәлірек айтсақ, оқу сыныптарын жиһазбен жабдықтауға қосымша қаражат керек. Себебі, жобалық-сметалық құжаттама 2014 жылы жасалғандықтан, бүгінгі таңда баға қымбаттап кеткен. Бұл мәселені нақты зерделеп шешу облыс әкімінің салалық орынбасарына және білім басқармасының басшысына жүктелді және де бірінші кезекте мектепті, сонан соң интернатты тапсыру керектігі айтылды. Мұнымен қатар, келер жылы Өскеменнің өзінде мың орындық мемлекеттік тілде оқытатын екі мектеп пайдалануға берілді.
Ернар Мәулетхановтың айтуынша, алдағы уақытта облыс орталығында балабақшалар саны артады. Мәселен, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында төрт балабақшаның жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу аяқталған. Олар І.Есенберлин даңғылы бойындағы 84 айқындамада, Көкжал Барақ, Өтепов көшелерінде және 23-тұрғын ауданында салынатын болады. Қазір ЖСҚ-ды білім басқармасының теңгеріміне беру жұмыстары жүргізілуде. Бұған қоса, Семей қаласының Степной кентінде, Күршім ауданының Жолнұсқау ауылында және Риддер қаласында келешекте салынатын білім саласы нысандарының және студенттерге арналған 6 жатақхананың жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалуда.
– Аудандарда 300 орындық мектеп-интернат саламыз. Сол ауданның бүкіл ауылының баласын жинасаң да сол интернат толмайды. Ең көп дегенде 60 пайызға жұмыс істеп тұрады. Ондай интернаттың қажеті қанша? Мысалы, Аягөз ауданында қаланы қоспағанда бірде-бір мектеп толық баламен оқып жатқан жоқ, ары кетсе 60 пайыз ғана. Мен өткен жылы осы мәселеге қатысты Тарбағатай ауданының әкіміне айтқан болатынмын. Мысалы, төрт шақырым жердегі ауылда жартылай бос мектеп бола тұра, тағы бір мектеп не интернат салудың қисыны бар ма? Одан да жаңа екі автобус сатып әперейік, оқушылар көрші ауылға қатынап оқысын. Бұл әлдеқайда тиімді емес пе? – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, облыс әкімі білім сапасына да айрықша назар аударып, оқушыларға сапалы білім беруде айтарлықтай шаруа тындырылғанын атап өтті.
– Бірыңғай ұлттық тестілеуде алға жылжушылық бар. Мысалы, Зырян ауданында орта көрсеткіш былтыр 82 балл болса, биыл 87-ден асқан. IT-сыныптар ашу бойынша осы шілде айында мұғалімдер оқытылды. Енді елімізде бірінші болып біздің өңірде қыркүйекте екі жүзден астам IT-сыныптар жұмысын бастамақ.
– Білім саласына жүргізілген сараптама, қала мектептеріне қарағанда ауылды жерлерде білім сапасы жоғары екендігін көрсетіп отыр. Нақты мысал, республика бойынша ең жоғары балл алған төрт баланың екеуі біздің өңірде, дәлірек айтсақ, Аягөз ауданында. Бұл өте жақсы көрсеткіш. «Менің мектебім» жобасы сәтті жүзеге асырылды, барлық кабинеттер әкелінді, енді оны соңына дейін жеткізу керек, – деген аймақ басшысы Даниал Ахметов Риддер қаласында, Шемонайха, Бесқарағай, Бородулиха аудандарында ҰБТ-ға қатысу көрсеткіші төмендеп кеткенін атап көрсетті.
Дәурен Аллабергенұлы