Білім несиесін өтемегендер «қара тізімге» ілігеді

Шығысқазақстандық жастардың мемлекетке бір миллиард теңгеден астам берешегі бар. Бұл сонау 1999-2004 жылдар аралығында несиелендіру бағдарламасы бойынша білім алған студенттердің қарызы екенін айта кеткен орынды. Жалпы, несие рәсімдеп, университет қабырғасында оқу қаншалықты тиімді? Мемлекет тарапынан берілген қаражатты қайтарудан жалтарған жастарға қандай шара қолданылады? Егер жас маманның білім несиесін өтеуге шамасы жетпесе, оған қандай да бір жеңілдіктер қарастырыла ма? Біз осы және өзге де сауалдардың жауабын іздеп көрген едік.
Қарыздарын төлеуден неге жалтарып жүр?
Ел еңсесін тіктеп келе жатқан тұста жастардың дені білім несиесін рәсімдеп, университетте ақылы негізде оқуға мүмкіндік алды. Кейін Елбасы – Тұңғыш Президенттің Жарлығымен 2005 жылы олардың бәріне бірдей грант бөлінді. Одан соң мемлекеттік білім беру несиесінен грантқа ауысқан студенттердің дені қарызды төлеу міндеттемелерінен босатылдық деп ойлап қалған. Өйткені олар келісімшартта көрсетілген шарттармен дұрыс таныспаған. Соның салдарынан мемлекет алдындағы қарыздарын әлі күнге дейін қайтаруға асығар емес. Оған не себеп?
– Студенттердің кредиттік оқу нысанынан грантқа ауыстырылуы борышкердің 2005 жылғы 1 қыркүйекке дейін алған қарызын қайтару міндеттемесінен босатпайды. Сондықтан борышкер грантқа ауыстырылғанға дейін оны оқытуға жұмсалған несие сомасын өтеуге міндетті, – дейді «Қаржы орталығы» АҚ-ның менеджері Әділ Дуланов.
Рас, кезінде мемлекеттік грантқа ауысып, кейін ешбір сұрау салынбағандықтан, білім алу үшін алған қарыздарын мемлекет ұмытты деп ойлаған түлектердің қатары әлі де азайған жоқ. Солардың бірі – Айбек Рамазанов (аты-жөні өзгертілген). Ол 2002-2006 жылдар аралығында С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да білім алған. Негізгі мамандығы – мұғалім.
– Үшінші курстан бастап грантқа ауыстым. Сөйтіп, білім несиесін алғаным туралы мүлдем ұмытып кетіппін. Алайда арада біраз жылдар өткен соң маған «Сіздің мемлекетке 300 мың теңге қарызыңыз бар. 10 күннің ішінде төлеңіз» деген ескерту хат келді. Бастапқыда не істерімді білмей, әуре-сарсаңға түскенім рас. Кейін Қаржы орталығына хабарласып, мәселенің мән-жайын анықтадым. Өйткені біз грантқа ауысқан кезде барлық студенттің білім алу үшін алған несиелерін мемлекет өзі өтейді деген сыбыс шыққан болатын. Өкінішке қарай, бәріміз соған сеніп қалдық, – дейді ол.

Бүгінде Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Қаржы орталығы» АҚ-ның қызметкерлері кезінде түлектердің өтемей кеткен бұл қарыздарын өндіріп алу жұмыстарымен айналысуда. Аталмыш орталықтың менеджері Әділ Дулановтың айтуынша, енді білім несиесін төлеуден жалтарған жастардың несие тарихы «қара тізімге» енгізіледі. Сөйтіп, заң жүзінде 180 күннің ішінде білім алу үшін берілген несиені төлемегендер туралы дерек тез арада несие бюросына жөнелтіледі. Содан кейін «қара тізімге» ілінген жастар қанша тырысса да, банктің көмегіне жүгініп, несие рәсімдей алмайтын болады. Өйткені әр банктің тұтынушының несие тарихын бағалайтын жеке өлшемдері мен несие беру туралы шешімге әсер ететін стоп-факторлары бар.
– 1999-2004 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облысындағы алты жоғары оқу орнында оқыған жастардың, шамамен, 40 пайызы өз еріктерімен несиелерін жапты. Ал қалған 50 пайыздан астамы әлі күнге дейін қарыздарын қайтарған жоқ. Олардың қатарында С.Аманжолов атындағы ШҚМУ, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті мен Семей мемлекеттік педагогикалық институты, сондай-ақ Семей мемлекеттік медицина университеті мен Шығыс гуманитарлық институтының түлектері бар, – деді Әділ Дуланов.
Айта кетейік, білім несиесі бағдарламасы бойынша оқыған жас мамандар келісімшартқа сәйкес алты айдан соң мемлекет тарапынан бөлінген қаражатты біртіндеп қайтара беруі тиіс. Ең бастысы, несиесін 10 жыл ішінде төлеп тастауы керек. Ал егер қарызын қайтарудан жалтарса, олардың ісі сотқа дейін жеткізіледі. Сөйтіп, үшінші билік өкілдерінің шешімімен сот орындаушысы борышкерден қарызды өндіріп алады. Осы орайда бұл процесттің бәрі заң жүзінде жүзеге асырылатынын айта кеткен орынды. Әділ Дулановтың айтуынша, несиелендіру бағдарламасы бойынша білім алған студенттердің алғашқы легі 2014 жылы мемлекет алдындағы қарыздарын толық өтеп тастауы тиіс болған. Алайда олардың дені күні бүгінге дейін несиелерін төлеуден жалтарып жүр. Оған әркімнің өзіндік себептері бар. Мәселен, бірінің қарызды уақытында қайтаруға шамасы жетпесе, енді бірі бұл жөнінде мүлдем бейхабар болып шыққан.
– «Ол кезде жас болдым. Несиенің шартын дұрыс түсінбеппін. Грантқа ауысқан кезде мемлекет несиені өтеуге тиіс екенімізді неге бірден айтпады?» деп ренжитіндер де кездеседі. Бірақ әр нәрсенің сұрауы болатынын естен шығармау керек қой, – дейді Әділ Дуланов.
Бүгінде борышкерлердің дені сот алдында жауапқа тартылған. Қазір олармен сот орындаушылары жұмыс істеуде. Мұндағы басты мақсат – қарызды өндіріп алу. Әділ Дулановтың айтуынша, борышкерлерден түскен қаражат республикалық бюджетке құйылады.
– «Ата-анамның қалтасына салмақ түсіргім келмейді. Өз күшіммен оқимын» деген жас түлектер үшін бұл бағдарламаның тиімділігі зор. Алайда талапкерлер білім несиесін рәсімдеген кезде мұның артында үлкен жауапкершілік тұрғанын түсінулері керек, – дейді Әділ Дуланов,

Кредитті қалай алуға болады?
Мемлекеттік гранттың иегері атану екінің бірінің бағына бұйыра бермейтіні айдан анық. Алайда, «балам – барым» деп бағалайтын біздің халық ұл-қызын көп жағдайда ақылы негізде оқытуға бел буып жатады. Сөйтіп, қорадағы соңғы малын сатса да, баласына бір диплом алып береді. Осы тұста жас түлектің көкейінде: «Ата-анамның қалтасына әжептәуір салмақ салмау үшін не істеуге болады?» деген заңды сауалдың туындайтыны анық. Ендеше, біз мұндай қаржылық қиындықтан қалай құтылуға болатыны жөнінде айтайық. Мұның бірден-бір жолы – білім несиесін рәсімдеу.
– Осыдан 20 жыл бұрын Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға тапсырдым. Өкінішке қарай, грантқа түсе алмадым. Содан соң ауыл квотасымен несие бағдарламасына іліктім. Бүгінде сол несиенің жемісін көріп отырмын. Әйтпесе, сонау қиын шақтарда ауылдағы жұмыссыз ата-анамның мені ақылы оқытуға шамасы жетпейтін еді. Бү¬гінде бұл жүйе болмағанымен, талапкер өзінің атына несие ресімдеуіне бо¬ла¬ды. Яғни, грант ала алмағандар студенттік кредит бойынша оқуға түсе алады. Меніңше, түсіне білген жасқа бұл да бір үлкен мүмкіндік, – дейді Алма Қайратқызы.
Ми¬нистр¬лікке қарасты «Қаржы орта¬лығы» кепілдік беретіндіктен, несие алу¬шыдан ке¬піл талап етілмейді. Ең бастысы, Ұлтттық бірыңғай тестілеу мен кешенді тестілеуден жинаған балыңыз елуден төмен болмауы керек.
«Қажетті құжаттарды жинап, банкте келісімшартқа қол қойған соң, ақша колледж немесе жоғары оқу орнының шотына аударылады. Сөйтіп, студент еш алаңсыз сабағын оқи береді», дейді «Қаржы орталығының» мамандары.
Ажар Сағатбекова