Білім

Білім министрі Шығыстың мұғалімдерімен жүздесті

Білім министрі Шығыстың мұғалімдерімен жүздесті

Білім қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында аймаққа жұмыс сапарымен келген Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Глубокое ауданындағы Уваров орта мектебінің ұжымымен кездесті. Министрдің педагогтармен болған кездесуіне облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты.

Білім министрі Шығыстың мұғалімдерімен жүздесті

Ұстаздар қауымымен жүздескен Ерлан Сағадиев еліміздің білім беру жүйесіне енгізіліп жатқан жаңалықтар жайында баяндап, министрліктің қолға алып жатқан шаруасының қаншалықты дұрыс екеніне көз жеткізді. Министр мұғалімдерді кәсіби мерекемен құттықтап, аймақтың білім беру саласында көптеген қанатқақты жобалардың қолға алынып жатқанын, егер енгізіліп жатқан жаңалықтар жемісті жүзеге асса, тәжірибе республиканың өзге аймақтарына таратылатынын тілге тиек етті.
Шығыс Қазақстан облысы педагогтарымен кездесу орны бекер таңдалып алынған жоқ. Уваров ауылындағы бұл білім беру мекемесі былтыр ғана пайдалануға берілген болатын. Мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеу барысында ең жоғарғы көрсеткіштерімен ерекшеленеді. Әртүрлі эксперименттерге қатысып, озық нәтиже көрсететін де осы мектеп. Заманауи материалды-техникалық құралдармен жабдықталуы, қолайлы жағдай оқушылардың жақсы жетістікке жетуіне ықпал етеді.

Ерлан Сағадиев мектепке дейінгі мекемелерге қандай талаптар енгізілгені туралы да баяндады. Енді жатын бөлмелерді ойын бөлмелерімен біріктіруге де болады. Бұрын оған тыйым салынған болатын. Бұл өзгеріс біріншіден, балабақшадағы орын санын арттырып, кезекте тұрған балалардың санының қысқаруына септігін тигізеді. Екінші үлкен өзгеріс тамаққа байланысты. Осыдан былай балалар тағамы комбинаттарына балабақшаға тағам жеткізіп беруге рұқсат етіледі. Яғни, енді әрбір балабақшада аспазшы мен ас бөлмесінің болуы міндетті емес. Бұл балабақша ұжымындағы қызметкерлердің білім беру, тәрбие жұмыстарымен алаңсыз айналысуына мүмкіндік береді.

Министр жақын арада мектептерге арналған жаңа санитарлық нормалар мен ережелердің жасалатынын жеткізді. Өзгерістерде жаңа спорттық сыныптардың болуы да қарастырылуда. Жаңа өзгерістер тіпті біздің аймақта енгізіліп жатқан да көрінеді. Сонымен қатар, министрлік футбол, хоккей және дене тәрбиесі бағдарламасындағы басқа да ойындардың сағатын арттыруды көздеп отыр. Ал кәсіби спортшыларды дене тәрбиесі пәнінен мүлдем босату қажет.
Қазақстандық оқушылардың сабақ үлгерімін біліп отыру үшін еліміздің барлық мектептерінде электронды күнделік енгізіледі. Министрдің айтуынша, бұл электронды оқулықтардың әлсіз тұсын анықтауға мұрсат береді.
– Мысалы, еліміздегі оқушылар физика пәні бойынша оптика тақырыбын түсінбей қалса, яғни бұл оқулықта кінәрат бар дегенді білдіреді. Бұл кемшілікпен мамандар әрі қарай жұмыс істейтін болады, – деп түсіндірді Ерлан Сағадиев.

Орыс мектептерінде білім алатын оқушылардың барлығы бірдей мемлекеттік тілде еркін сөйлей алмайды. Қазақстанның ең үздік үш университетінің ғалымдары қазақ тілін оқытудағы бұл кемшілікті жоюға күш салды. Мамандар жаңа әдістемені жасап, оқушылардың күнделікті өмірде жиі қолданатын сөздерді жинақтауда. Бұл сөз қоры жыл сайын толығып отыратын болады. Мүмкін оқушыларды білім деңгейі бойынша оқытатын, тілді нашар меңгерген оқушы мықтыларды қуып жетуге ықпал ететін қосымша оқулықтар да әзірленеді. Мұның бәрі келесі жылдан бастап іске асырыла бастайды.
– Биыл біз төрт мың ағылшын тілі пәні мұғалімін оқытудың жаңа коммуникативті әдісі бойынша оқытуды бастаймыз. Оқу төрт айдан тоғыз айға дейін созылуы мүмкін. Бірақ бұл уақытта мұғалімнің жұмыс орны сақталып, стипендия да төленеді, келу-кету жолақасы, тамағы, бәрі де төленеді. Тәжірибеге де қараймыз. Қатып қалған ештеңе жоқ, әрқашан өзгерістер енгізуге болады, бірақ әзірге өзгерістер енгізуді жоспарлап отырған жоқпыз. Мәселені біржақты ғана алып қарасақ, ештеңе де өзгермейді, – дейді министр.

Білім министрі Шығыстың мұғалімдерімен жүздесті

Уваровадағы кездесуде мектептер мен колледждердің директорлары министр Ерлан Сағадиевпен толғандырған мәселелерді талқылап, өздерінің ұсыныстарын да айтты. Ең алдымен өңір педагогтарын мектеп түлектерінің көрші мемлекеттерге ағылуы мазалайды. Мұғалімдердің пікірінше, мектеп түлектері грантқа түсу үшін Қазақстаннан қашады.
– Ресейдің университеттеріне берілетін гранттар 10-шы маусымда-ақ сайттарда жарық көреді, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Айжан Садықова. – Бұл кезде мектеп бітірушілер мемлекеттік тапсырыспен қандай бағытқа, қандай орын бөлінгенін біліп отырады. Бізде де осы жағын ескеру қажет. Ертерек хабарласақ, балалар үміттенеді. Ал бізде мұндай мәліметтер тек тамызда ғана белгілі болады.
Сонымен қатар, шығысқазақстандық педагогтар колледждерде «Серпін» бағдарламасын іске асыруды тоқтатып, оны жоғары оқу орындарына ыңғайлау қажеттігін ұсынды. Олар өздерінің бұл ұсыныстарын колледжге түсетіндердің таңдауды саналы түрде, ойланып-толғанып жасамайтындығымен түсіндірді. Нәтижесінде олардың көпшілігі маманға қат өңірде қалмай, өзінің туған жеріне оралады.
Уваров орта мектебінің мұғалімдері бірінші сынып оқушыларын жаңадан шыққан математика оқулығы бойынша оқытудың қиындығын ашып айтты. Онда өткен тақырыптарды қайталап, бекітуге көңіл бөлінбейді. Бұдан басқа бірінші сынып оқушылары екінші сыныпта өтетін тақырыптарды оқуға мәжбүр.
Ерлан Сағадиев өңір педагогтарының барлық ұсыныстарын тыңдап, көкейкесті мәселелердің түйінін тарқатуға уәде етті.

Гүлмира Асипова

Суреттерді түсірген – Манап Мұрзатаев

Осы айдарда

Back to top button